Қазақстанға жер қатынастарының ашықтығы ауадай қажет – М.Тайжан
Қазақстанға жер қатынастарының ашықтығы ауадай қажет – М.Тайжан
112
оқылды

Мұндай ұсынысты бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында аталған кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан көтерді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, бәрімізге мәлім жерге мораторийдің аяқталатынына екі жыл қалды. Одан бұрын біз алдын ала шешім қабылдауымыз керек. Соны ескере отырып, жер қатынастарының ашықтығы ауадай қажет. Ол үшін бізге ғарыштан мониторингілеу туралы бұйрық керек болған. Мұны 3 ай бұрын осында айтқан едім. Өкінішке қарай, осы 3 айдың ішінде бұл бұйрық әлі жарыққа шыққан жоқ. Бізде кейбір заңдар өте күрделі, мысалы бюджет немесе салық туралы заңдар екі айдың ішінде Мәжіліске кіріп, талқыланып, қабылданады. Ал кішігірім бұйрық бүгінгі күнге дейін Жер комитетінен шыққан жоқ. Меніңше, Жаңа жылға дейін сол бұйрықтың шығуына атсалысуымыз керек», – деді Мұхтар Тайжан.

Оның атап өтуінше, 3 ай бойы шешімін таппаған екінші мәселе – бұл жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң.

«Бәріңізге мәлім, кредит бүгінгі күнгі үлкен проблемаға айналған. Оны заманауи қулық деп айтсам артық болмайды. Қаншама ажырасу, суицид болып жатыр. Ресейде және басқа да елдерде мұндай заң бар. Бізге де сондай заң керек. Бірақ, оған Үкімет өкілдері келіспей отыр. Өйткені ол масылдық тудырады дейді. Бірақ, біздің тобымыздың мүшелері онымен келіспейді. Себебі жыл сайын Үкімет сол банктерге қаншама ақша құйып, көмектеседі. Ал бұл жерде ешқандай масылдық жоқ. Егер адамда ешқандай мүмкіндік болмаса, онда біз сол адамға несиеден құтылатын жолды ашып беруіміз керек», – деді ол.