Бір жеті бұрын «Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылын су алып жатыр» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен болатын. Төтенше жағдай «Тараз-Қаратау» тас жолының бойынан басталып, ауылдағы ағайынға қауіп төніп тұрғыны айтылған. Сол сәтте құзырлы мекемелерден ресми ақпарат айтылмағандықтан, өзге аймақтағы тұрғындар ақпараттың ақиқатына жете алмаған еді. Алайда кеше Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«13 қаңтарда кейбір республикалық БАҚ-та Жамбыл облысы Талас ауданының Майтөбе ауылы су астында қалды деген мағынада ақпарат жарияланды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейміз. 12 қаңтарда сағат 18:00 шамасында Майтөбе ауылы маңындағы Қаратауда күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның салдарынан қар еріп, жердің тоңы әлі қатты болғандықтан, су тасыған болатын. Биіктігі 3-5 см шамасында болған. Дерек белгілі болған сәттен бастап жергілікті атқарушы органдар мен аудандық Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен әрекеті арқасында су деңгейін төмендету бойынша жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 13 қаңтар сағат 02:00-де су нөпірі тоқтап, арнайы аршылған арнамен Билікөлге құя бастады. Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің әкімі елдімекендегі аулаларды түгел аралап, тексерді. Анықталғандай, еріген қар суы ауылдағы 3 ауланың қорасына ғана кірген. Тұрғын үйлерге су кірмегені белгілі болды. Апаттан адам шығыны жоқ», - делінген ресми ақпаратта.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы