Атына заты сай «Бақытты отбасы»
Атына заты сай «Бақытты отбасы»
136
оқылды

Ләззат Қарақойшина – бес баланың анасы. Елордаға 20 жыл бұрын көшіп келген әйел күні бүгінге дейін қуықтай ғана жатақханада тұрған. Бес баласын да сол жерде дүниеге әкелген. Биыл көктемде жатақхана өртеніп, онда өмір сүру мүмкін болмай кетіпті. Барар жер, басар тауы қалмай амалы құрыған Ләззат Алтайқызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметіне жүгінген. Тамыз айынан бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан.

– Банк менің жағдайымды ескеріп, өтінішімді мақұлдады. 20 күн бұрын екі бөлмелі жаңа пә­те­ріме кіріп, бақыттан басым ай­налып жүр. Үй жып-жылы, жап-жарық. Мұндайды өңі түгіл тү­сінде көрмеген балаларым да мә­ре-сәре. Олай да жүгіреді, бы­лай да жүгіреді. 13 шаршы метрлік жатақханадан кейін 70 шаршы метрлік пәтер кең сарай сияқты. «Бақытты отбасы» бағ­дарламасы атына заты сай екен. Халыққа, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы­ларға өте тиімді. Жылдар бойы бастапқы жарна жина­май­сың. 1 млн теңгенің сертификатын берген қала әкімдігіне, үйді ар­зан­ға сатқан құрылыс компания­сына және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне мың да бір ал­ғыс! – дейді көпбалалы ана.

Жалпы, биыл астанада «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 700 отбасыға 10 пайыз бастапқы жарнамен 2 пайыз жылдық мөлшерлеме бо­йынша жеңілдетілген займ бе­ріл­ді. Нұр-Сұлтан қаласында тұра­тын тағы 36 отбасы өздеріне пәтер іздестіріп жатыр.

Кеше Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі жаңа үйге қоныстанған балалар үшін тамаша қойылым мен сыйлықтарға толы жаңа­жылдық шырша ұйымдастырды. Бас қаланың кішкентай тұрғын­дарына арналған мерекелік іс-шара банктің жаңа филиалы ашылған күнмен тұспа-тұс келді. Соңғы үлгідегі озық техноло­гия­мен жабдықталған бөлімше Ра­қымжан Қошқарбаев көшесі, 26-үй мекенжайында орналасқан.

Іс-шараға шақырылған қала әкімі Алтай Көлгінов пен «Бәй­терек» холдингінің басқарма төра­ғасы Айдар Әріпханов банк кли­ент­терін келе жатқан Жаңа жыл мей­рамымен құттықтап, мере­ке­лік шыршаға қатысқан 250 бүл­діршінге тәтті сыйлықтар таратты.

– Сандарды сөйлетсек, қазір 200 мыңнан астам елордалық аза­мат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашқан. Қол­же­тімді баспанамен айналысатын бірден-бір банк – осы. Біз шы­нында да банктен үлкен қолдау көріп отырмыз. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтанның 50 мыңнан астам тұрғыны банкке ақша құйды. Үй­лер салынып жатыр. Келесі ап­та­да біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына Ұлы дала көшесінен тағы 200-ден астам пәтер береміз. Ал 2020 жы­лы бұдан да көп үй саламыз, оған тиісті жоспар жасалған. «Бәй­те­рек» холдингімен келісімшартқа қол қойдық. Бұл – нақты жүзеге асатын жұмыс. Қолжетімді бас­панаға нағыз мұқтаж адамдар, әлеуметтік аз қамтылған топтар ие болады. Тек уақыт керек. Банк басшылығы мен қызметкерлеріне рақмет, – деп сөзін түйіндеді Алтай Көлгінов.


«Бәйтерек» холдингінің бас­қарма төрағасы Айдар Әріпханов Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйе­сін барынша пайдаланып, банкте ақша жинап жатқандардың қата­рында елорда халқы ерекше бел­сен­ді екенін атап өтті. Мысалы, банктен шот ашқан 208 мың адам­ның жинақ сомасы 143 млрд тең­ге­ден асқан. Биыл банктің көме­гі­мен Нұр-Сұлтан қаласы­ның 10 мың тұрғыны қоныс то­йын тойлады.

– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – халықтың банкі. Біз қол жеткізген көрсеткіштер – осыған айқын дәлел. Күн сайын орташа есеппен 190 банк салымшысы баспаналы болып жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі құрыл­ғалы 200 мыңнан астам қазақ­стан­дық отбасы осы ұйым арқылы өз пәтеріне қол жеткізді. Қазір банкте 1,5 миллион адам үйге қа­ражат жинақтауда. Олардың саны күннен-күнге артуда. Клиенттерге жақындай түсу мақсатында банк­тің жаңа филиалын аштық. Мұн­да салымшыларға барлық қызмет түрі көрсетіледі. Жаңа ғимаратта жайлы күту залы мен балаларға арналған ойын алаңы бар. Сон­дай-ақ мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тар үшін барлық жағдай жа­сал­ған, – дейді Айдар Әріпханов.

Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кінің басшысы Ләззат Ибра­гимованың айтуынша, биыл ал­ғаш рет іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы 4 мың ша­ңырақты шаттыққа бөлеген.

– Отан отбасынан және «өз үйің – өлең төсегіңнен» баста­лады. Отбасы мүшелері өз үйінде болашаққа жоспар құрады, бала тәрбиесімен айналысады. Отан дегеніміз – түнеуге ғана баратын жалдамалы пәтер емес. Біз күн сайын әр қазақстандық отбасы­ның тезірек баспаналы болуына жағдай жасаудамыз. Сол себепті ыңғайлы жерден банктің жаңа бөлімшесін аштық, банк бағдар­ламалары бойынша мөлшер­ле­мелерді азайттық, жаңа өнімдерді дайындап, тұрғын үй жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. Осы­ның нәтижесінде күн сайын елор­дада 40-қа жуық банк салымшысы қолжетімді займ рәсімдейді, – деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі Еуропалық құ­рылыс жинақ кассаларының фе­дерациясы құрамына және Ха­лықаралық тұрғын үйді қаржы­ландыру одағына кіреді. Қаржы­лық мекеменің жалғыз акцио­нері – «Бәйтерек» Ұлттық бас­қа­рушы холдингі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырма­сы­мен келесі жылы банкті қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ