«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын жүзеге асыру аясында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Каюпов тұрғындармен кездесіп, олардың арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тыңдады.
Қабылдауға келген қала тұрғыны Жұмакүл Келжанова есігінің алдындағы өзіне тиесілі 10 сотық жердің 7 сотығы қазылып, үңгір болып қалғанын айтып, құм толтырып беру туралы өтінішін білдіріп, көмек сұрады. Ал Күлшара Айымбетова Алматы қаласында 1-курс оқитын студент қызын Қорқыт ата университетіне қашықтан оқытуға ауыстыру жолдарын іздейді. Көпбалалы ана Мөлдір Ахметова медициналық колледж бітірген білімі бар екенін тілге тиек етіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқысы келетінін жеткізді. Қоғамдық қабылдау барысында өзге де тұрғындардың бірқатар талап-тілегі айтылды. Әрбір азаматтың өтінішін жеке-жеке тыңдаған басқарма басшысының міндетін атқарушы Руслан Каюпов келушілерге заң аясында кеңес беріп, шешілу жолдарын зерттеп, жақын күндері реттейтінін, бұл мәселелердің бәрі партия назарында болатынын айтты.Әбілмансұр ЖАСАН