Жетісай жұртшылығымен жүздесті
Жетісай жұртшылығымен жүздесті

«Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Темір Қырықбаев пен Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының жергілікті мәслихат депутаттары Әділхан Асауов пен Айбек Сұлтанмұрат шаруа-диқандармен, ауыл шаруашылығы мамандарымен, құқық қорғау саласының қызметкер­ле­рімен кездесті.

Аталған шара аудан шаруа­лары арасындағы қолбайлау болып отырған мәселелермен танысып, шешу жолдарын талқылау, ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында ұйымдас­тырылды. Кездесу барысында шаруа­қожалық басшылары мен ма­ман­дары тарапынан елді мекен­дердегі каналдардың күрделі жөндеу жұмыстары, жердің ме­лиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында тік дренаждарды іске қосу, ағын суды үнемдеу мақ­сатында тамшылатып су­ғаруды дұрыс жолға қою, ауыл­дардағы интернет желісінің әлсіздігі, таза ауызсу, жол мәсе­лелері көтерілді. Бүгінде Жетісай ауданына тиесілі 380 тік дренаждың 171-ін іске қосу мүмкіндігі бар, ал қал­ған 209-ның қаңқасы ғана қал­ған. Тік дренаждардың тиісті құрылғылары кезінде қолды бо­лып, мүлдем жа­рамсыз күйде қал­ған. Оларды қайта іске қосу­ға арнайы жоба жасалғанымен, әлі күнге дейін жүзеге аспапты. Мамандардың жоспары бойын­ша аудандағы Асықата кенті, Ділдәбеков және Ынтымақ ауыл­дық округтерінің тік дре­наж­дары бірінші кезекте іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жиын барысында аудандағы каналдарды жекеменшіктен мем­лекеттік меншікке өткізу про­цесі сәтті жүргізілгенімен, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу, уақытылы тазалау, ағын суды шығынсыз жеткізіп беру мәселелері әлі де қолбайлау бо­лып отырғаны айтылды. Аудан­дағы 22 мыңға жуық ірілі-ұсақты шаруа қожалығына су жет­кізіп берумен ай­на­лысатын 776 каналдың бүгінде 168-і аудан­ның, 608-і «ҚазСуШар» меке­месінің мен­шігінде. Ұзын­дығы 30 шақырым магистральды канал бойымен жеткізілетін ағын су­дың ба­ғасын тұрақ­тан­дырумен қатар, шаруалардың шығынын азайту, мал басын арттыру, бор­дақылау алаң­шаларын көбейту, кә­сіпкерлік бастамаларына бе­рілетін не­сиелердің па­йыз­дық үсте­месін төмендетіп, сомасын арттыру, минералды тыңайт­қыштарды уақытылы жеткізіп беру, са­пасын арттыру, субсидия мә­селелері жайында да кеңінен сөз болды. Көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер хат­тамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті мамандармен жұмыстар жүргізілетін болды.

Әбілмансұр ЖАСАН