Құс тұмауратса, емделмейді
Құс тұмауратса, емделмейді
93
оқылды

Қазақстанда Ресейден келген құс тұмауынан былтыр барлығы 1,9 миллион үй құсы қырылыпты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. АШМ-ның Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жоғарғы патогенді құс тұмауынан өлген құстар үшін өтемақы төлеуді аяқтады.

2020 жыл құс атаулыға да зобалаң әкелді. Содан тамыз және қыркүйек айларының басында еліміздің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің кейбір аймақтарынан Қа­зақстанға тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеу енгізуге мәжбүр болды. Алайда індетті бұл тоқтата алмайды. Шекараны білмейтін жабайы құстар солтүстік көршіде өршіген дертті елімізге алып өтіп, еліміздің 8 облысындағы үй құстарына жұқтырған. «Ауру ошақтарын оқшаулау және жою бойынша іс-шаралар барысында 1,9 миллион үй құсы жойылды, олардың 97%-ы – 4 құс фабрикасына тиесілі. 2020 жылдың желтоқсанында АШМ-ның «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ індеттен өлген құстардың иелеріне орташа айлық нарықтық құны бойынша өтемақы төледі. Вете­ринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес тәр­кіленген және жойылған құстардың құнын өтеу «жоғарғы патогенді құс тұмауы» індетінен өлгенін растайтын құжаттар болса ғана жүргізілді. Құжаты болмағандарға төлем жасалмады», – деді АШМ. Барлық ұсынылған құжат бойынша ақша тө­леніпті. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруа­шылықтарына 94 470 бас үшін 295,3 миллион теңге, ал «Агроинтерптица» ЖШС-не 433 066 құс үшін 445,9 миллион теңге аударылды. Бүгінде АШМ-ның мәліметінше, «Респуб­ликалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-нің төленбеген төлемі қалған жоқ.

Елдос СЕНБАЙ