Павлодар әкіміне қатысты үкім шықты

Павлодар әкіміне қатысты үкім шықты

Павлодардың бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов 3 жыл 6 айға бас бос­тан­дығынан шектелді. Экс-шенеунікке жа­рамсыз аэродромды коммуналдық жеке­меншікке иемденгені үшін айып тағылған еді.

Сотта бұрынғы әкім кінәсін толықтай мойын­дады. Қылмыстық кодекстің «Ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бабы бойынша айыпты деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған. Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, кінәсін мойындағаны үшін, тараптардың пікірін, сотталушының жасын ескере отырып, сот жазаны жұмсартқан. Тергеу ісінің бір нұсқасы бойынша, жемқорлық іс-қимылды Павлодардың бұрынғы басшысы Баянауыл ауданының әкімдігін басқарған кезде жасаған. Сөйтіп, Баянауыл ауданының әкімі қызметтік өкілетін пайдаланып, 2016-2019 жылдар аралығында аэродром құрылысын жүргізу туралы шешім қабылдап, ұшатын жолақ пен әуежайға арналған жер телімін алған. Бірақ олардың экс­плуатациясы қауіпсіздік нормасы мен тұрған жеріне қарай мүмкін емес болған. «Сатып алу сомасы 240 млн теңге көлемінде болған» делінген іс материалдарында. Ал үкім әлі заңды күшіне енбеген. Естеріңізге сала кетсек, Оразгелді Қайыргелдиновті 2020 жылдың күзінде тұтқындаған. Іс қаралып жатқан уақытта ол бірнеше рет үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Бірақ ол өтініші қанағаттандырылмаған.

А.ЕРСҰЛТАН