Биыл ғарыш сеңгірінде самғап жүрген қазақстандық спутниктердің қолданыс мерзімі аяқталады. Жауапты органның мәлімдеуінше, енді оларды жаңасымен ауыстырмасақ, бұған дейінгі жұмыстың бәрі зая. Сонымен бірге қаншама дәріптелген отандық жерсеріктері сол бойы мол табыс түсіре алмағаны анықталды.
Саланың сұрқы – әлемге күлкі
Қазақстан мен Ресейдің өзара кіріккен космонавтика салалары кейінгі жылдары терең дағдарысты бастан кешіріп жатқаны жасырын емес. Оның арты масқара жағдайға соқтырыпты. Кеше ресейлік ақпарат құралдары Байқоңырдан уақытында зымыранның ұшырылмауы кесірінен Халықаралық ғарыш стансасындағы ресейлік ғарышкерлер аштыққа душар болғанын жарыса жариялады. Әрине, Қазақстанның емес, Ресейдің кесірінен: ақаулы зымырандарға қатысты былыққа батқан Мәскеу біраздан Прогресс зымыран тасығышын ұшыруды кейінге қалдырумен келеді. Салдарынан ХҒС-тың орыс бөлігінде тамақ баяғыда-ақ таусылыпты. «Америкалық астронавтар ресейлік космонавтарды аштықтан құтқаруда: өзге жүктермен бірге азық-түлік жеткізуі керек «Прогресс МС-16»-ны зарыға күткен ғарышкерлерімізді әзірге америкалық әріптестері тегін тамақтандыруда» деп жазуда ресейлік БАҚ. Аталған ғарыш кемесі жердегі Байқоңырдан орбитадағы стансаға 2020 жылғы 11 желтоқсанда аттануы тиіс еді. Алайда оның ұшырылуы 2021 жылдың бірінші тоқсанына қалдырылды. Ең жылдам дегенде, 15 ақпанда ғана ғарышқа сапар шекпек. Екі ай аштыққа адам төзбейді. Демек, асы таусылған ресейлік ғарышкерлер АҚШ-қа тәуелділікке түсіп, мүскін әрі мазақ күй кеше бермек. МКС-64 ұзақмерзімді экспедиция командирі Сергей Рыжиков Мәскеу түбіндегі Ұшуларды басқару орталығымен байланысы кезінде осыны растады. Өз кезегінде ғарышкер-бортинженер Сергей Кудь-Сверчков ауыстыратын ішкиімнің жетіспей жатқанын мәлім етті. Ғарышкерлерге арналған фуфайка және шұлықтан тұратын «Камелия-С» ішкиім жиынтығын да әлгі зымыран жеткізуі тиіс болған. Америкалық тарап: «Мұны енді өздерің бірдеңе қылыңдар!» дегенге келтіріпті. Осының бәрі посткеңестік кеңістіктегі ғарыш саласының ауыр жағдайынан хабар берсе керек.Не бар?
Қазақстан аэроғарыш мамандықтарында оқыту үшін «Болашақ» бағдарламасымен шетелге жастарды жіберіп, олардың оқуын және басқа да шығынын бюджеттен өтуде. Бұған қоса, еліміздің жетекші ЖОО-да аэроғарыш мамандықтары ашылды. Бұл ғарыш саласы үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Салаға – «Қазақстан ғарыш сапары» (ҚҒС) ұлттық компаниясы жауап береді. Оның сыртында қаптаған жеке компания құрылған. Олар салаға ІТ қызметтері спектрін ұсынады, геосервис, геопортал әзірлейді. Отандық және шетелдік жерсеріктері ұсынатын геоақпараттық қызметтерді қайта сатумен, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) саласындағы жаңа шешімдерді әзірлеумен айналысады. Бюджеттен құйылып жатқан қаражатты да игереді. Шағын микро және наноспутниктерді де санға қоссақ, биікте 6 спутнигіміз ұшып жүр. Бұлар – біріншіден, Ресейде құрастырылған 2 байланыс жерсерігі: 2011 жылғы 16 шілдеде ұшырылған KazSat-2 және 2014 жылғы 28 сәуірде соның ізінен аттанған KazSat-3. Екіншіден, жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) жүйесін түзген жоғары айырымдағы KazEOSat-1 (жердегі затты 1 метрге дейін үлкейте алады) және орташа айырымдағы (6,5 метр) KazEOSat-2. Алғашқысын – француздың EADS Astrium (қазіргі Airbus Defence&Space), кейінгісін британдық SSTL жасады. Екеуі де 2014 жылы ғарышқа жол тартты. Үшіншіден, Қазақстан ғылыми-техникалық мақсатта микро және наноспутниктерді ұшырды: отандық Ghalam ЖШС әзірлеген KazSTSat және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасап шыққан KazSciSat. Екеуін де Илон Масктың Falcon-9 зымыраны 2018 жылғы 4 желтоқсанда орбитаға алып шықты.Не жоқ?
Сарапшылардың байламынша, қазақстандық спутниктер, әсіресе жерді қашықтықтан зондтаушы (ЖҚЗ) аппараттар әу баста мәлімделген, ел күткен табыс түсіре алмады. Ол негізінен мемлекетке қызмет көрсетуде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі олардың экономикалық нәтижелерін жариялаған жоқ. Бірақ не себепті коммерциялық тиімді болмағанын түсіндірді. – Біздің «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы коммерциялық секторға ЖҚЗ деректерін сату кезінде біраз қиындыққа кезікті. Оның негізгілері келесідей: біріншісі – қазақстандық ғарыш аппараттары ресурстарының шектеулілігі. Олар көлемді тапсырыстарды орындауға және жиі мерзімділікті қамтамасыз етуге жарамайды. Екінші кедергі – ғарыш деректерін сату нарығындағы бәсекенің өте жоғары болуы. Үшіншісі – біздегі бюрократия: тапсырыс беруші қысқа мерзімде ақпарат ұсынуды талап етеді, ал шарт жасасу кезіндегі ұзақ келісімнен өткізу ғарыш деректерін ұсыну процесін баяулатады, – деді министрлік.Не жасау жоспарланған?
Ресми дерек бойынша, ғарышта жүрген қазақстандық KazEoSat-1 және KazEOSat-2 жерсеріктерінің белсенді жұмыс істеу мерзімі 7 жылды құрайды және осы 2021 жылы аяқталады. Рас, ел Үкіметі ол шамалы болса да ұзағырақ қызмет ете тұратын шығар деп үміттенеді. Өйткені өндірушінің дерегіне сәйкес, аталған ғарыш аппараттары жоспарланған мерзімнен бірнеше жылға ұзақ жұмыс істей алатын платформада жасалыпты. Мысалы, KazEOSat-2-ге ұқсас платформада құрастырылған RapidEye жерсеріктер топтамасы 2008 жылы іске қосылды, содан 7 емес, 11 жылдай қызмет етіп, тек 2019 жылы коммерциялық қызмет көрсетуін тоқтатты. Әйткенмен, KazEOSat-тар биыл қатардан шығып қалуы ғажап емес. Осы орайда, Қазақстан ғарыш сапары ел Үкіметіне алдағы 5 жыл ішінде жаңа спутниктерді ұшыру ұсынысымен шықты. «Қолданыстағы спутниктерді ауыстыру, жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін жасап ұшыру ісін қаржыландыру әрі қарай созбалаңға салына берсе, бұған дейін салаға салынған мемлекет қаражаттарының босқа кетуі, құрылған активтердің сұраныстан қалуы және құнсыздануы қаупі бар», – деді ведомство. ҚҒС жоспары бойынша, таяудағы 10 жылда Қазақстанда мемлекеттік жерсеріктік геодезиялық желіні (МЖГЖ) құру жөніндегі жоба іске асырылатын болады. Ол желі құрамына жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы кірмек. Бұл жүйеге компаниялар мен азаматтар тиісті онлайн платформа арқылы қол жеткізе алады. Мол табыс та осы салада көрінеді. Euroconsult мәліметінше, жаһандық спутниктік навигациялық жүйелер нарығындағы жылдық табыс 150,5 миллиард еуроға бағаланады. Бұл ретте жол қосымшалары осы нарықтың 55%-ын, ал смартфондар, трекерлер және басқа да навигациясы бар құрылғыларды тұтынушыларға арналған шешімдер 38,3%-ын құрайды. Басқаны айтпағанда, мысалы жол көрсетуде қазақстандықтар әзірге ресейлік 2ГИС-ке тәуелді. Бүгінде Қазақстан жерсеріктерін өзімізде, елорда маңындағы ғарыш қалашығында жасауға күш салуда. Осында KazSat-2R байланыс спутнигі құрастырылмақ. Бұдан бөлек, ғарышта отандық орташа және жоғары айырымдағы ЖҚЗ жерсеріктерінің тобын түзу жоспарланып отыр. Содан соң радарлық спутник өндірісін қолға алудың орындылығы қаралатын көрінеді. Жобаға сәйкес, аталған топ айыру қабілеті жоғары 3 жаңа ғарыш аппаратынан құралады. Нәтижесінде, Аэроғарыш комитетінің дерегінше, жүйенің тәуліктік түсіру өнімділігі 530 340 шаршы шақырымнан асады. Қайта түсіру жиілігі KazEOSat-1-ге қарағанда 3-4 есе көп. Бұдан бұрын хабарланғандай, KazSat-2R жаңа спутнигі елімізге шамамен 40 миллиард теңгеге түспек. Бірақ одан қымбаттауы мүмкін. Ghalam ЖШС 2021-2023 жылдары – KazSat-2R, 2021-2024 жылдары – орта айырымдағы ЖҚЗ спутнигін, 2022-2025 жылдары – жоғары айырымдағы ЖҚЗ жерсерігін жасап, сынақтан өткізуі тиіс. Сонымен бірге отандық ғарыш аппараттары қорғаныс саласына қайта бағдарланбақ: «Соңғы 5 жыл бойы айыру қабілеті жоғары ғарыштық түсірілімдердің ең үлкен тұтынушысы – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі болып қалуда. Сол себепті енді Қазақстан үшін күш құрылымдарының қажеттілігі – басымдық» делінген ҚҒС стратегиясында.