Елорда «қызыл аймаққа» өтті

Елорда «қызыл аймаққа» өтті

Шетелді былай қойғанда, ел ішіндегі жүріс-тұрыс тоқ­тамай тұр. Бұлай жалғаса берсе, карантин жағдайы күшеюі мүмкін. Мысалы, бір ғана Нұр-Сұлтан мен Алматының ара­сында күніне 10 мыңға тарта адам қатынайды. Жалпы, ел бойынша әуе мен теміржол вокзалындағы жолаушылар ағыны – 31 мың мен 17 мың. Бас мемлекеттік санитар дә­рі­гердің қаулысына сәйкес, 4 облыста санитарлық бекет бар. Қазір елорда тұрғындарының көкейіндегі сұрақ – Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабыла ма?

Алда не күтіп тұр?

Иә, мұндай сұрақтың тууы заңды. Өйткені қала 16 қаңтарда «қызыл аймаққа» кіріп, бірнеше шектеу қойылды. Репродуктивті индекске келсек, қазір 1,279-ды көрсетіп тұр. Тұрғындар мен қала қонақтары арасында коро­на­ви­русқа тапсырған тесттің оң нәтиже көрсетуі 9 есеге көбейген. Осыған орай елордадағы ин­фек­циялық стационарларда 720 орын әзір­ленген. Әкімдіктің мәліметінше, 121 реанимациялық төсек-орын болса, оның 27-сінде науқастар ем алып жатыр. Кейінгі кезде ха­лықаралық әуе рейстері жо­лау­шы­ларының ПТР анықтамасынсыз келуі жиілетіп кетті. Мәселен, 6 қазаннан бастап 8 800-ден астам жолаушы карантиндік стационарға орналасқан. Оның ішінде 62 жо­лаушының тесті оң нәтиже көр­сеткен. Жалпы алғанда, Денсаулық сақ­тау министрлігі 2021 жылдың соңына дейінгі эпидахуалға болжам жасады. Олардың айтуынша, нау­рыз айының соңында вирус жұ­қ­тыратындар саны көбейеді. Жағ­дайдың жақсы жағынан қарасақ, тәулігіне 3 мың адам індет жұқ­тыруы мүмкін. Дегенмен осылай болған күннің өзінде қатаң ка­рантин енгізілмейді. Алайда сце­нарий басқаша өрбіп, індетке ілік­кендердің саны 6 мың мен 9 мыңның арасында көбейсе, ка­рантин талабы күшейеді. Яғни, өткен жылғыдай блок-бекет ор­натып, қала арасындағы қатынас тоқтайды. Ал мұндайдың алдын алу үшін Денсаулық министрі вакци­на­циялауды қолға алу керегін атап өтті. Әрі кезең-кезеңмен егілетін екпе жағдайдың біршама жақ­саруына әсер етеді екен. «Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакцинациалау эпи­демияның өршуін тежейді. Есеп­теуіміз бойынша, 2 миллион адам­ды вакцинациялау тіркелген жағ­дайдың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинамен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен ауру мен өлім-жітім саны азаяды. Шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималы артады. Пандемия дамуының осы кезеңінде әлем өзін-өзі оқшаулау мен ка­рантинге жалғыз балама вак­циналау екенін түсінді», – дейді Алексей Цой.

ПТР тапсырудың қажеті жоқ

Денсаулық сақтау министрінің алдағы карантин жайы туралы айтқанынан-ақ шешім шығаруға болады. Демек, елорданың «қызыл аймаққа» кіргені «қала карантинге жабылатынын» білдірмейді. Десе де, қалалық Санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау депар­таментіне сауал жолдадық. «Қазір блок-бекеттерді орнату, Нұр-Сұлтан қаласына кіруге және одан шығуға тыйым салу жоспарда жоқ. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағ­дай нашарлаған кезде каран­тиндік шараларды қосымша қатаң­датуды қарастырамыз. Әзірге адамдар көп жиналатын объектілердің жұмыс режимі өзгерді. Мысалы, демалыс күндері сауда-ойын-сауық орта­лықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік емес тауарларды сата­тын жабық базарлардың, фитнес-орталықтар мен фитнес-клуб­тардың, ХҚКО-лардың жұмысына тыйым салынды. Қоғамдық та­мақтану объектілері орналасқан жеріне қарамастан, сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күндері қалалық қоғам­дық көліктің жұмысы тоқта­ты­лады», – деді департамент жетек­шісі Сарқыт Сағынтайқызы. Осындайда оқырман көкейінде тағы бір сұрақ туады. Өткен жылы Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан «қызыл аймаққа» кір­генде өзге облысқа қаты­­най­тын­дардан ПТР-тест талап еткен-ді. Ел әбігерге түсіп, алған билетін кері өткізіп тастаған жағдай тіркелген еді. Ал қазір «қызыл аймақ» сы­зығында 6 облыспен бірге Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Сонда елордаға басқа қала мен өңірден келген жо­лаушылардан ПТР-тест нәти­жесі сұрала ма? Департамент же­тек­шілері аталған сұраққа «жоқ» деп жауап берді. Яғни, бас қаладағы эпидахуал өзгеріп, карантин ша­расы күшейгенімен әуе мен те­­­міржол «еркін» жұмыс істейді. Демалыс күндері қалада қоғамдық көлік жүрмейді. Бірақ орта есеппен ішіне 150 адам отыратын ұшақ Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында жолаушы тасымалдайды. Сайып келгенде, көліктер бағаны көтеріп, елорда тұрғындары біраз шы­ғындалады. Ал бұдан ұтылатын кім?

Жағдай мәз емес

Неліктен ел ішіндегі ұшақтың жайын қозғадық? Өйткені өңір­лердегі жағдай мәз емес. Мы­салы, бір ғана Атырау облысында коро­навирус жұқтырғандардың саны 15 мыңнан асты. Орал қаласында шектеу шаралары күшейді. Ал­маты, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарында 15 санитарлық бекет қойған. Жауаптылар 290 карантин нысанын бақылап отыр. Ауыл мен елдімекендерде де жағдай көңіл көншітпейді. Кей ауылдарда блок-бекет қойылып, кіріс-шығыс шек­телген. Тұрғындар вирустың симп­томды не симптомсыз екенін білмей әлек. «Өзім вирустың симптомсыз түрімен ауырған сияқтымын. Аяқ-қолым қақсап, тамаққа тәбетім болмады. Үйден емделіп, сорпа-судың арқасында аман қалдық. Ауылда дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттатқан. Бұрын 600 теңге тұратын дәрі бағасы 1100 теңгеге дейін көтерілген. Көрші-қолаң да ауырып жатыр. Үйден шықпай, туыстарымызға да қонаққа бармай жүрміз. Кішігірім ауылдағы жағдай осындай болса, қаладағы ахуалды топшылай беріңіз»,– дейді Пенжім ауылының тұрғыны Зәуре Бек­сұлтанқызы. Кейіпкердің дәрі бағасы жайын­­да айтқанын ескеріп, ел­ордадағы дәріханаларға бардық. Баға қалыпты. Президент ме­дициналық маска бағасын ар­зандатуды тапсырды. Бірақ «бағасы арзан заттың сапасы қайдан жақсы болсын?» дегендей, медициналық маскалардың сапасы төмен. Әрине, 50-70 теңге төлесеңіз, сапалы тү­ріне қолыңыз жетеді. Ал 25 теңгелік түрін алсаңыз, «ақша қимаған өзіңізге өкпелеңіз» деген жөн бо­лар. Кейде осы пандемия болмаса, бұрын бетперде шы­ғаратын кә­сіпкерлер қалай күн көргенін елес­тету қиын. Осыдан 2 жыл бұрын сапалы медициналық масканы 15 теңгеге сатып алушы едік... Қазір баға қандай? Айырма – жер мен көктің арасы. Әттең дерсің...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ