Мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан командасының мүшесі Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан танымал жаттықтырушы Этери Тутберидзенің шоуына қатысады.
Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, «Мұз айдынында – чемпиондар» шоуы 2020 жылдың 3 сәуірі күні Пермь қаласында өтеді. Бұл шоуға Тұрсынбаевадан бөлек, Олимпиада чемпионы Алина Загитова, Александра Трусова, Алена Косторная, Анна Щербакова, Камила Валиева өнер көрсетеді. Сонымен қатар ресейлік жұлдыздар Евгения Тарасова, Владимир Морозов, Виктория Синицына, Никита Кацалаповар да айдынға шығады.
Қазір Элизабета Этери Тутберидзе тобында жаттығуда. Бірақ ол жарақатына байланысты Гран-при кезеңдерін өткізіп алған болатын. Бұл жайында Элизабетаның анасы Падишахан Сұлтанәлиева Instagram парақшасында жариялады. «Мәнерлеп сырғанау әлемінде қызымның басынан қанша қиындық өткергені өзіме және Аллаға ғана аян. Өкініштісі, мұз айдынындағы бұл оның алғашқы не соңғы жарақаты емес. Оның қай жерде құлап, қай жерде сүрінетінін білсем, сол жерді жұмсартар едім. Өкінішке қарай, оны ешкім білмейді. Бәрі бір Алланың қолында. Күнім, бекем бол!» деген анасы оның жарақатын жазудың дұрыс тәсілін таппай жатқанына екі жұма болғанын хабарлаған.
Әкесінің айтуынша, Элизабета ол жарақатты ақпан айында алып, интенсивті емдеу курсын алған. Соған қарамастан, Элизабета ересектер арасындағы жарыста төрттік сальхті сәтті аяқтаған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болды. Осы жетістігі оған Жапонияда өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алуға мүмкіндік берді. Бұл жетістіктеріне мәнерлеп сырғанаушы Тутберидзенің арқасында жеткенін мойындаған. Тіпті Элизабета бір сұхбатында «Этери Георгиевна – өте талапшыл және қатал. Ол ұсақ-түйектің бәріне мән береді. Ол дегенің алға жылжып, өсуіне көмектеседі. Сондай-ақ қиын сәттерде орынды кеңес беріп, қолдай білетін жан» деген.
Шынымен де, осы жаттықтырушыға ауысқалы Элизабетаның жетістігі еселене түсті. Ол биылғы жылдың үздік спортшыларының қатарына қосылып, «Алтын Самғау» сыйлығын иеленді. Осы жолғы сайыста да оның жеңіс тұғырынан көрінуіне сенімдіміз.
Олимпиада чемпионы Алина Загитова, жасөспірімдер арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы Александра Трусова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Анна Щербакова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Гран-при финалының жеңімпазы мен күміс жүлдегері Алена Косторная және төрт құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері Елизавета Тұрсынбаева Тутберидзе мектебінен дәріс алады.