Болашақ – қазақ тілінде
Болашақ – қазақ тілінде
623
оқылды

Қазақ тілін меңгеруге қатысты Президент «Ең бастысы, ынта болуы керек» деді. Ынтаны қажеттілік, қажеттілікті та­лап, талапты лайықты заң туғызады. Заң жоқ емес. Бар. Президент атап өткендей, «Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде жазылған». Одан бері 30 жыл өтті. Тәуел­­сіздігіміз нығайды. Күрделі кезең артта қалды. Сондықтан сол өтпелі кезеңде жазылған заңның солқылдақ тұстарын жетілдіретін уақыт келді.

Бұған дейін Мемлекет бас­­­шысы қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керегін де айтқан болатын. Яғни, еліміздегі барлық ұлт өкілде­рін қазақ ұлтының маңайы­на топ­тастыра, ұлт ретінде ұйыстыра алатын ұлы күш мем­лекеттік тіл екеніне назар ау­дарт­­қан. Осы жолғы мақа­ласында да Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде мемле­кеттік тілді білетін қазақтың да, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі едәуір арт­­ты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды бі­ріктіруші факторға айнал­ды­рудың барлық құқықтық тәсілдері және кепіл­­діктері қалып­­­­тасты» деп атап өтті. Тілі бірдің – тілегі бір. Оған нақты негіз бар. 2020 жылғы әлеу­меттік зерттеулерге сүйенсек, елі­мізде қазақ тілін орыс­тар 45,3 пайыз, өзге ұлт өкілдері 49,3 пайыз меңгерген. Олардың бәрі қазақтың батырлар жырын жатқа айта алмаса да, мем­лекеттік тілді түсінеді, аза­мат­тармен қоғамдық қатынаста тілді қолдана алады. Нақтырақ айтсақ, сауалнамаға қатысқан 10 мың адамның ара­­­сында қазақ­тардың 50,7 пайызы, орыс­тардың 22,3 пайызы, ал өзге ұлт өкілдерінің 18,6 пайызы қа­­­зақша еркін сөй­лейді, оқиды және жаза алады. Бұл тілді меңгеру үле­сінің арта түскенін көрсетеді. Міне, сондықтан да «Орыс­тілділер қазақ тілін үйренгісі кел­мейді» деген негізсіз миф пен «мем­­лекеттік тілдің ел өміріне тереңдей енуіне орыстар қарсы бо­луы мүм­кін» деген отарлық заманнан қалған жалған үрейдің заманы өтті. Шын мәнінде, Қа­зақстанның әрбір азаматы өз тағдырын тәуелсіз Қа­зақстанмен және оның құқығы мен бостан­дықтарына кепілдік беретін Ата Заңымен, оның мәдениетімен және тілімен байланыстыра қа­райды. Өзге ұлт өкілдерінің, әсі­ресе орыстардың қазақ тілін таза мең­геріп алғандарының қатары өсті, меңгеруге деген ұмтылыс та жоғары. Мәселен, Тіл саясаты комитеті өткен 2020 жылы «Тіл – Тәуелсіздік символы» шарасы аясында бүкіл рес­публикалық деңгейде өзге ұлт өкіл­дері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» ак­циясын өткізді. Сонда 5 - 60 жас ара­лығындағы өзге ұлт өкілдері (басым бөлігі орыстар) қазақтың батырлар жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. Шынын айтайын, бүгінде батырлар жырын нәшіне келтіріп дәл осылай жатқа айтатын қазақ жастарының өзі бірен-саран. Тілді үйрену – ниеттен екені рас. Ниеттенді, үйренді, еш қиналған жоқ. Бұдан бөлек, Тіл саясаты комитеті этнос өкілдерімен өткіз­ген жиын барысында өзге ұлт өкіл­дері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде үндеу қабыл­дағаны да баршаға мәлім. Жалпы, Парламентте, министрліктерде, бизнесте, БАҚ-та, басқа да сала­ларда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері саны жыл санап артып келе жатқанына жұрт куә. Сондықтан Президенттің «Мем­лекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деп батыл айтуының осындай алғышарттары бар. Қалай болғанда да, болашақ – қазақ тілінде. Бұл – дәлелдеп жату­ды қажет етпейтін заңдылық. Әлем­дегі қай мемлекет болса да өзінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі, ісқағаздарын жүргізуі, тіл білуді талап етуі – қалыпты жағдай. Оны саясаттандыруға, одан ұпай жи­науға жол беруге болмайды. Бұл – әр мемлекеттің ішкі ісі. Жалпы, өзге ұлт өкілдерінің қа­зақ тілін меңгеруге құлшыны­сының артуы – өте жақсы құбы­лыс. Сауалнамаға қатысқан сарап­шылар елімізде таяудағы 10 жылда қазақ, орыс тілдерінің қайсысы басым болады деген тұрғыдағы сауал­­на­­масына сұралғандардың 50 пайы­­­­зы «қоғамдық өмірдің барлық са­ла­­­сында қазақ тілі басым бо­лады» деп жауап беріпті. Ал қазақ және орыс тілдері тең қол­да­нылады деушілер 30 пайыз, үштілділікке мән беріледі деушілер қатары 16,7 пайыз болған. Байқа­ғандарыңыздай, қоғам ал­дағы уақытта қазақ тілі барлық са­лада кеңінен қолданылатынын се­зінеді және оны қалыпты заңды­лық ретінде қабылдайды. қазақ тілі Бұл жерде құйтырқы саясат ұс­танған кейбір өзге елдің сая­сат­шысымақтары басқа елге қо­­­­­­­ныс аударушылардың себе­­­бінің бірі ретінде «тілдік қысым бар» деген пікірді таңғысы ке­­­леді. Ол солай ма? Жүргізілген әлеуметтік және аналитикалық зерттеуге жүгінсек, «Өзге елге кө­­­шуді жос­пар­лауыңызға қазақ ті­­­­лін меңгеру проблемалары себеп болды ма?» деген сауалға сауал­­­намаға қа­тысқан орыс­­тардың 34,4 пайызы (келіспеймін және келіс­­­пеймін деуге болады), өзге ұлт өкілдерінің 48,9 пайызы (келіс­пеймін және келіс­пеймін деуге бола­ды) тілдің еш қатысы жоқ еке­нін көрсеткен. (1-кесте). Сондай-ақ «Тілдік белгісіне қарай кемсіту қауіпі әсер етті ме?» деген сауалға орыстардың 56,4 пайызы, өзге ұлт өкілдерінің 52,5 пайызы ешқандай кемсітушілік жоқ екенін айтқан. Керісінше, орыстардың 39,6 пайызы, басқа ұлт өкілдерінің 48,9 пайызы көші-қонның басты себебі ретінде тарихи Отанына оралу мақсаты бар екенін көрсеткен. Бір замандардағы репрессия кезінде өзге ұлттарды өз еріктерінен тыс зорлықпен көшіріп әкелгенін ес­керсек, олардың өз Отанына орал­ғысы келуі – қалыпты құбылыс. Яғни, біз жоғарыда айтқан елімізде ұлтаралық наразылық туғызу пиғылды ұстанған саясат­шысы­мақтардың пікірі негізсіз. Тілді балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында үйреніп шығудың мәні ерекше. 2016 жылы орыс сыныптарына қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдістемесі әзір­ленді. Яғни, оқушы 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қазақ тілін тек осы әдістеме негізінде жүйелеп, деңгейлеп (А1, А2, В1, В2) оқитын болады. Бүгінгі күні орыс сынып­тары­ның бастауыш буынына қазақ тілі пәні аптасына 2-4 сағат, 5-9-сы­ныптарда – 17-25 сағат, 10-11-сы­ныптарда 8-10 сағат оқытылып жатыр. Ал қазақ сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жыл көлемінде алсақ, 343 сағатқа артық екен. Енді бұл қазақ тілінің те­реңдетіліп, сонымен қатар екі пәнге бөлініп оқытылуына бай­ланысты. Бүгінде қазақ тілі пәні ҰБТ-ға тапсырылуы тиіс міндетті пән ретінде енгізілген. Қазір «Қазтест» бойынша жо­ға­ры нәтиже көрсетпей, «Бола­шақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті оқуға түсуге кандидаттар қазақ тілі курстарына жазылып белсенді дайындала бастайды. Осындай қажеттілік барлық салада болса, мектеп жасындағы бала мектеп табалдырығынан-ақ өз бетінше дайындала бастайды. Тіл саясаты комитетінің үйлес­тіруімен 2020 жылдың өзінде республика бойынша Тілдерді оқыту орталықтарында 42 696 адам қазақ тілін үйреніп шықты. 40-тан астам оқыту әдістемелік құрал жасалды. Әсіресе, қазіргі заман ағымына лайық тіл үйренуде электронды порталдарды пайдалану жолға қойылды. Бүгінде Tilalemi.kz (еліміздегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілдік кон­тенттің артуына ықпал ететін не­гізгі портал), Qazlatyn.kz (мә­тін­дерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн түрде сәйкес­тен­діретін көпфун­кцио­налды кон­верттер және еліміздегі латын гра­фикасына көшу үдерісін сүйе­мелдейтін негізгі ұлттық портал), Emle.kz (қазақ тілінің емлесіне арналған негізгі сайт), Tilmedia.kz (қызықты және тиімді тәсілдер арқылы мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде ақпарат тарататын сайт), Qujat.kz (құжаттардың қазақша-орысша үлгілері мен сауатты тол­тыру нұсқаулығы бе­рілген элек­тронды база), Termincom.kz (тер­минология саласына арналған не­гізгі сайт), Atau.kz (ономастика саласына арналған негізгі сайт), Balatili.kz (үш жастан асқан балаларға тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалып­тастыруға арналған сайт), Tilqural.kz (мемлекеттік тілді деңгейлеп үйренуге арналған веб-сервис), Sozdikqor.kz порталы (қазақ ті­ліндегі көне және кірме сөздер, жаңа сөздер мен тұрақты сөз тіркестері берілген еліміздегі ал­ғашқы әмбебап платформа) сияқ­ты оқу-үйрену электронды әдісте­мелік құралдары жұмыс істеп жатыр. Десек те, сөз жүзінде қазақ­шаланғанымен көптеген минис­трліктер өз жиындарын әлі де орыс тілінде өткізеді. Егер барлық мем­лекеттік мекемелерде өткен жиын­дарының видеожазбасын алдырып қараған жағдайда оған көз жеткізу қиын емес. Бұдан бөлек, қоғамда қарапайым адам­дардың өзі тұр­мыста орыс тілінде сөйлесуі, қыз­мет көрсетуі, қызметті алуы әдетке айналып барады. Одан да қауіптісі, бүгінде балалар, жастар өзара орысша сөйлесуді мәртебе санай­тын болды. Бұл – құрғақ байбалам емес. Оған тағы да әлеуметтік зерт­теулер нәтижесінен мысалдар кел­­­­тірейін. Айталық, сауда орта­лықтарында, дүкендерде, базарда азаматтардың 13,8 пайызы көбіне қазақ тілін, 15,7 пайызы тек орыс тілін, 43,8 пайызы екі тілді қол­данса, сол тәрізді қоғамдық көлікте 14,3 пайызы қазақ тілін, 16,1 пайызы көбіне орыс тілін, 43,2 пайызы екі тілді тең дәрежеде қол­данады екен. қазақ тілі Денсаулық сақтау мекеме­ле­рінде де азаматтардың 9,7 пайы­зы тек қана қазақ тілінде, 14,1 пайызы орыс тілінде, 49,9 пайызы орыс, қазақ тілінде тең дәрежеде сөйлей­тін болып шықты. Банкке бара қал­­­саңыз да ондағы жұрттың 8,5 пайызы тек қазақ тілінде, 14,7 пайы­зы орыс тілінде, 48,1 пайызы екі тілде тең дәрежеде сөйлейді екен. Байқағаныңыздай, орыс ті­лін қолдануда басымдық бар (2-кесте). Біз қазақ тілін ғылым тіліне, ком­муникация тіліне айналды­рамыз дейміз. Ғылым тіліне айна­луы үшін сөз қорының ұлттық корпусы жасалуы, барлық ғылыми сала терминдері қазақшалануы, олар интернетте қолданыста болуы керек еді. Алайда ол түгілі, интер­неттің өзін қай тілде пайдаланамыз? Зерттеу көрсеткендей, еліміздегі азаматтардың ішінде орыстардың 80,2 пайызы, басқа ұлт өкілдерінің 78,1 пайызы тек орыс тілінде қол­данатынын айтпағанда, тіпті қа­­зақ­тардың өзінің 48,9 пайызы ин­­­тернетке орыс тіліндегі нұсқа­сына кіреді, орыс тілінде пайда­ланады. Қазақтілділердің өзі бан­ко­маттан ақша алғанда, Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарының қызметін пайдаланғанда орыс тілін таң­дайды. Тілді жоғалту әр адамның осындай немқұрай­дылығынан, ұлттық құн­дылық­тарды ұсақ-түйек деп қа­раушы­лықтан, ұлтсыздануға са­наның өліп кеткендігінен, рух­сыздықтан туындайды. Ел Тәуелсіздігінің ең басты алғышарттарының бірі – мемле­кеттің өз тілінде ісқағаз­дарын жүргізуі, заңын өз тілінде жазуы, ғы­лымын өз тілінде дамытуы, мем­лекеттік тілі ұлтты ұйысты­рушы ұлы күшке айналуы. Сонда ғана Тәуел­сіздік баянды болмақ. Тәуел­сіздік бәрінен қымбат.

Әділбек ҚАБА, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы