Қазақ тілін меңгеруге қатысты Президент «Ең бастысы, ынта болуы керек» деді. Ынтаны қажеттілік, қажеттілікті талап, талапты лайықты заң туғызады. Заң жоқ емес. Бар. Президент атап өткендей, «Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде жазылған». Одан бері 30 жыл өтті. Тәуелсіздігіміз нығайды. Күрделі кезең артта қалды. Сондықтан сол өтпелі кезеңде жазылған заңның солқылдақ тұстарын жетілдіретін уақыт келді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керегін де айтқан болатын. Яғни, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін қазақ ұлтының маңайына топтастыра, ұлт ретінде ұйыстыра алатын ұлы күш мемлекеттік тіл екеніне назар аудартқан. Осы жолғы мақаласында да Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» деп атап өтті. Тілі бірдің – тілегі бір. Оған нақты негіз бар. 2020 жылғы әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, елімізде қазақ тілін орыстар 45,3 пайыз, өзге ұлт өкілдері 49,3 пайыз меңгерген. Олардың бәрі қазақтың батырлар жырын жатқа айта алмаса да, мемлекеттік тілді түсінеді, азаматтармен қоғамдық қатынаста тілді қолдана алады. Нақтырақ айтсақ, сауалнамаға қатысқан 10 мың адамның арасында қазақтардың 50,7 пайызы, орыстардың 22,3 пайызы, ал өзге ұлт өкілдерінің 18,6 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оқиды және жаза алады. Бұл тілді меңгеру үлесінің арта түскенін көрсетеді.
Міне, сондықтан да «Орыстілділер қазақ тілін үйренгісі келмейді» деген негізсіз миф пен «мемлекеттік тілдің ел өміріне тереңдей енуіне орыстар қарсы болуы мүмкін» деген отарлық заманнан қалған жалған үрейдің заманы өтті. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір азаматы өз тағдырын тәуелсіз Қазақстанмен және оның құқығы мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата Заңымен, оның мәдениетімен және тілімен байланыстыра қарайды. Өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың қазақ тілін таза меңгеріп алғандарының қатары өсті, меңгеруге деген ұмтылыс та жоғары. Мәселен, Тіл саясаты комитеті өткен 2020 жылы «Тіл – Тәуелсіздік символы» шарасы аясында бүкіл республикалық деңгейде өзге ұлт өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткізді. Сонда 5 - 60 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері (басым бөлігі орыстар) қазақтың батырлар жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. Шынын айтайын, бүгінде батырлар жырын нәшіне келтіріп дәл осылай жатқа айтатын қазақ жастарының өзі бірен-саран. Тілді үйрену – ниеттен екені рас. Ниеттенді, үйренді, еш қиналған жоқ. Бұдан бөлек, Тіл саясаты комитеті этнос өкілдерімен өткізген жиын барысында өзге ұлт өкілдері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде үндеу қабылдағаны да баршаға мәлім. Жалпы, Парламентте, министрліктерде, бизнесте, БАҚ-та, басқа да салаларда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері саны жыл санап артып келе жатқанына жұрт куә. Сондықтан Президенттің «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деп батыл айтуының осындай алғышарттары бар.
Қалай болғанда да, болашақ – қазақ тілінде. Бұл – дәлелдеп жатуды қажет етпейтін заңдылық. Әлемдегі қай мемлекет болса да өзінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі, ісқағаздарын жүргізуі, тіл білуді талап етуі – қалыпты жағдай. Оны саясаттандыруға, одан ұпай жинауға жол беруге болмайды. Бұл – әр мемлекеттің ішкі ісі.
Жалпы, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге құлшынысының артуы – өте жақсы құбылыс. Сауалнамаға қатысқан сарапшылар елімізде таяудағы 10 жылда қазақ, орыс тілдерінің қайсысы басым болады деген тұрғыдағы сауалнамасына сұралғандардың 50 пайызы «қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілі басым болады» деп жауап беріпті. Ал қазақ және орыс тілдері тең қолданылады деушілер 30 пайыз, үштілділікке мән беріледі деушілер қатары 16,7 пайыз болған. Байқағандарыңыздай, қоғам алдағы уақытта қазақ тілі барлық салада кеңінен қолданылатынын сезінеді және оны қалыпты заңдылық ретінде қабылдайды.
Бұл жерде құйтырқы саясат ұстанған кейбір өзге елдің саясатшысымақтары басқа елге қоныс аударушылардың себебінің бірі ретінде «тілдік қысым бар» деген пікірді таңғысы келеді. Ол солай ма? Жүргізілген әлеуметтік және аналитикалық зерттеуге жүгінсек, «Өзге елге көшуді жоспарлауыңызға қазақ тілін меңгеру проблемалары себеп болды ма?» деген сауалға сауалнамаға қатысқан орыстардың 34,4 пайызы
(келіспеймін және келіспеймін деуге болады), өзге ұлт өкілдерінің 48,9 пайызы
(келіспеймін және келіспеймін деуге болады) тілдің еш қатысы жоқ екенін көрсеткен.
(1-кесте).
Сондай-ақ «Тілдік белгісіне қарай кемсіту қауіпі әсер етті ме?» деген сауалға орыстардың 56,4 пайызы, өзге ұлт өкілдерінің 52,5 пайызы ешқандай кемсітушілік жоқ екенін айтқан.
Керісінше, орыстардың 39,6 пайызы, басқа ұлт өкілдерінің 48,9 пайызы көші-қонның басты себебі ретінде тарихи Отанына оралу мақсаты бар екенін көрсеткен. Бір замандардағы репрессия кезінде өзге ұлттарды өз еріктерінен тыс зорлықпен көшіріп әкелгенін ескерсек, олардың өз Отанына оралғысы келуі – қалыпты құбылыс. Яғни, біз жоғарыда айтқан елімізде ұлтаралық наразылық туғызу пиғылды ұстанған саясатшысымақтардың пікірі негізсіз.
Тілді балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында үйреніп шығудың мәні ерекше. 2016 жылы орыс сыныптарына қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдістемесі әзірленді. Яғни, оқушы 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қазақ тілін тек осы әдістеме негізінде жүйелеп, деңгейлеп (А1, А2, В1, В2) оқитын болады.
Бүгінгі күні орыс сыныптарының бастауыш буынына қазақ тілі пәні аптасына 2-4 сағат, 5-9-сыныптарда – 17-25 сағат, 10-11-сыныптарда 8-10 сағат оқытылып жатыр. Ал қазақ сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жыл көлемінде алсақ, 343 сағатқа артық екен. Енді бұл қазақ тілінің тереңдетіліп, сонымен қатар екі пәнге бөлініп оқытылуына байланысты. Бүгінде қазақ тілі пәні ҰБТ-ға тапсырылуы тиіс міндетті пән ретінде енгізілген.
Қазір «Қазтест» бойынша жоғары нәтиже көрсетпей, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті оқуға түсуге кандидаттар қазақ тілі курстарына жазылып белсенді дайындала бастайды. Осындай қажеттілік барлық салада болса, мектеп жасындағы бала мектеп табалдырығынан-ақ өз бетінше дайындала бастайды.
Тіл саясаты комитетінің үйлестіруімен 2020 жылдың өзінде республика бойынша Тілдерді оқыту орталықтарында 42 696 адам қазақ тілін үйреніп шықты. 40-тан астам оқыту әдістемелік құрал жасалды.
Әсіресе, қазіргі заман ағымына лайық тіл үйренуде электронды порталдарды пайдалану жолға қойылды. Бүгінде
Tilalemi.kz (еліміздегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілдік контенттің артуына ықпал ететін негізгі портал),
Qazlatyn.kz (мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн түрде сәйкестендіретін көпфункционалды конверттер және еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал),
Emle.kz (қазақ тілінің емлесіне арналған негізгі сайт),
Tilmedia.kz (қызықты және тиімді тәсілдер арқылы мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат тарататын сайт),
Qujat.kz (құжаттардың қазақша-орысша үлгілері мен сауатты толтыру нұсқаулығы берілген электронды база),
Termincom.kz (терминология саласына арналған негізгі сайт),
Atau.kz (ономастика саласына арналған негізгі сайт),
Balatili.kz (үш жастан асқан балаларға тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған сайт),
Tilqural.kz (мемлекеттік тілді деңгейлеп үйренуге арналған веб-сервис),
Sozdikqor.kz порталы (қазақ тіліндегі көне және кірме сөздер, жаңа сөздер мен тұрақты сөз тіркестері берілген еліміздегі алғашқы әмбебап платформа) сияқты оқу-үйрену электронды әдістемелік құралдары жұмыс істеп жатыр.
Десек те, сөз жүзінде қазақшаланғанымен көптеген министрліктер өз жиындарын әлі де орыс тілінде өткізеді. Егер барлық мемлекеттік мекемелерде өткен жиындарының видеожазбасын алдырып қараған жағдайда оған көз жеткізу қиын емес. Бұдан бөлек, қоғамда қарапайым адамдардың өзі тұрмыста орыс тілінде сөйлесуі, қызмет көрсетуі, қызметті алуы әдетке айналып барады. Одан да қауіптісі, бүгінде балалар, жастар өзара орысша сөйлесуді мәртебе санайтын болды. Бұл – құрғақ байбалам емес. Оған тағы да әлеуметтік зерттеулер нәтижесінен мысалдар келтірейін. Айталық, сауда орталықтарында, дүкендерде, базарда азаматтардың 13,8 пайызы көбіне қазақ тілін, 15,7 пайызы тек орыс тілін, 43,8 пайызы екі тілді қолданса, сол тәрізді қоғамдық көлікте 14,3 пайызы қазақ тілін, 16,1 пайызы көбіне орыс тілін, 43,2 пайызы екі тілді тең дәрежеде қолданады екен.
Денсаулық сақтау мекемелерінде де азаматтардың 9,7 пайызы тек қана қазақ тілінде, 14,1 пайызы орыс тілінде, 49,9 пайызы орыс, қазақ тілінде тең дәрежеде сөйлейтін болып шықты. Банкке бара қалсаңыз да ондағы жұрттың 8,5 пайызы тек қазақ тілінде, 14,7 пайызы орыс тілінде, 48,1 пайызы екі тілде тең дәрежеде сөйлейді екен. Байқағаныңыздай, орыс тілін қолдануда басымдық бар
(2-кесте).
Біз қазақ тілін ғылым тіліне, коммуникация тіліне айналдырамыз дейміз. Ғылым тіліне айналуы үшін сөз қорының ұлттық корпусы жасалуы, барлық ғылыми сала терминдері қазақшалануы, олар интернетте қолданыста болуы керек еді. Алайда ол түгілі, интернеттің өзін қай тілде пайдаланамыз? Зерттеу көрсеткендей, еліміздегі азаматтардың ішінде орыстардың 80,2 пайызы, басқа ұлт өкілдерінің 78,1 пайызы тек орыс тілінде қолданатынын айтпағанда, тіпті қазақтардың өзінің 48,9 пайызы интернетке орыс тіліндегі нұсқасына кіреді, орыс тілінде пайдаланады. Қазақтілділердің өзі банкоматтан ақша алғанда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін пайдаланғанда орыс тілін таңдайды. Тілді жоғалту әр адамның осындай немқұрайдылығынан, ұлттық құндылықтарды ұсақ-түйек деп қараушылықтан, ұлтсыздануға сананың өліп кеткендігінен, рухсыздықтан туындайды.
Ел Тәуелсіздігінің ең басты алғышарттарының бірі – мемлекеттің өз тілінде ісқағаздарын жүргізуі, заңын өз тілінде жазуы, ғылымын өз тілінде дамытуы, мемлекеттік тілі ұлтты ұйыстырушы ұлы күшке айналуы. Сонда ғана Тәуелсіздік баянды болмақ. Тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Әділбек ҚАБА,
Мәдениет және спорт министрлігі
Тіл саясаты комитетінің төрағасы