Темекіге шектеу бар
Темекіге шектеу бар

Әлем темекіге қарсы күресте елеулі табысқа жетті. Өйткені қазір жер бетінде 5 мил­лиард адам темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салынған елде тұрады. Қапта­ма­ларда темекінің зияны туралы көрнекі ескертулер орналастырады және темекіге қар­сы басқа да тиімді шаралар қабылданады. Алайда ДДҰ-ның жаңа баяндамасында көр­се­тіл­гендей, көптеген ел әлі күнге дейін темекі қаупінен адам өмірін сақтауға қабілетті сая­си шаралар бекітпей отыр. Ал елімізде «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі «Халық ден­­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына өз ұсыныстарын ұсынып келеді.

Нәтижесінде, 4 желтоқсан күні Мәжілісте жұмыс тобының отырысы аяқталғаннан кейін «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне IQOS, GLO және электронды темекіге қатысты қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын түзету­лер ұсынылып, енгізілді.

Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов жұмыс тобының отырысында 1-бапқа және 256, 257, 263, 301-тармақшаға өзге­ріс енгізу туралы ұсыныс жаса­ды. Ол шылым шегудің бала­малы нұсқаларына байла­нысты терминологияны нақ­ты­л­ау қажетін айтты. Мысалы, «те­мекіні қыздыруға арналған жүйе» анықтамасы жаңа редак­цияда «никотині бар аэрозоль түзілетін темекіні қыздыруға арналған құрылғы» деп жазы­латы­нын атап өтті.

Қазіргі уақытта коалиция Денсаулық сақтау министрлігі мен депутаттық корпустың өзара жұмысының арқасында Қазақстан темекіге қарсы күрес жөніндегі ДДҰ негіздемелік конвенциясының 4-тен астам ережесін орындады. Сондай-ақ 115-баптың 2-тармағының 15 тар­мақшасы, 115-баптың 2-1-тар­мағына түзету енгізді. Бұған себепкер болған депутат Кеңес Әбсатаров екен. Те­мекі өнімдері сатылатын орын­дарда темекі өнімдерін сату бірнеше жүйеде жүретін болады. Барлығы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданғаннан кейін ғана жүзеге асады. Темекі қорабына, дүкен сөрелеріндегі орнына қатаң тексеріс жүреді.

«Салауат Астана» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Жә­милә Садықованың айтуын­ша, 2009 жылы коалиция са­рап­­­шылары мен мамандары «те­мекі шегудің және мас­кү­­нем­діктің алдын алу және шек­теу» 159-бабына қатаң ты­йым салуды ұсынып, мұны депу­таттар мен Денсаулық сақ­тау министрлігіне ұсынды. Жоға­­рыдағы түзетулерге де қоғам­дық бірлестіктің үлесі бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйғарымымен, №22 темекіге қарсы күрес жө­­нін­­дегі негіздемелік конвен­ция­­сының шешімімен «қыз­ды­­­рылатын темекі» теме­кі бұйым­дарының түрі деп та­­нылды. Бірақ ТМД елде­рі әлі күнге IQOS, GLO және электронды темекіні шылым қатарына жатқызбайды.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ