Қазақ киносы – Үндістанда

Қазақ киносы – Үндістанда

Желтоқсанның 21-і мен 22-сі аралығында Үн­діс­танның Джейпур қа­ла­сын­да өтетін 2-Ka­aryat International Film Festival кинофес­ти­ва­ліне режис­сер Жаңа­бек Жетіруовтің «Шыны­рау» фильмі қаты­су­да.

Әлемнің үздік фильмдерін көр­сетіп, дүниежүзінің киногер­ле­рін басын қосатын бұл фес­тиваль – Үндістанда өтетін жас бай­қаудың бірі. Фестиваль бағ­дар­ламасында толықметражды және қысқаметражды көркем фильмдер, деректі және анима­циялық фильмдер көрсетіледі. Соның арасында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсір­­ген «Шыңырау» фильмі де бар.

Фильмінің сюжеті бойынша құдық қазушы Еңсеп пен ұлы Жомарттың шиеленіскен қарым-қатынасы суреттеледі. Картинада екі жасөспірімнің арасындағы махаббат туралы да баяндалады. Оның түсірілімі Маңғыстау об­лы­сында өтіп, ондағы Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Кас­­пий теңізі көрініс табады. Бас­ты рөл­дерде Асылхан Төлепов, Алда­­бек Шалбаев және Айжан Жетіру ойнады.



Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдасты­рыл­­ған Қазақстан киносы апта­лығы «Шыңырау» фильмімен ашылды. Сол кездегі Ресейдегі Қазақстанның елшісі Иманғали Тасмағамбетов «Ол кісі еліміздің әдеби мұрасына ғана үлес қосып қойған жоқ. Ол – рухани дамудың бағыт-бағдарын көрсеткен ой­шыл» деген болатын. Туынды негізі Қазақстанның халық жазу­­­шысы Әбіш Кекілбаев рома­нының желісі бойынша түсі­ріл­ген. Режиссер фильмді екі жыл бұрын түсірген. Оған дейін үш жыл бойы Әбіш Кекілбаевпен ақылдасып, оның батасын алған болатын. Алайда жазушы картинаның экранға шыққан сәтін көре алмады.


Айта кетсек, бұл туынды Банг­­ладеште өткен XVII халықа­ралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» жүл­­­де­сін жеңіп алды. Одан бө­лек, «Шыңырау» фильмі биыл қараша айында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен XXVIII Бүкілқытайлық «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысқан. Желтоқсан айының басында отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына және Үндістанның Тирува­нан­та­пурам қаласында өткен Керала Халықаралық кинофестивалінде бағын сынаған болатын.