Алматы дәрігерлері қалада босанғаннан кейінгі депрессия асқынып тұрғанын айтуда. №36 қалалық емхананың жоғары санатты дәрігері, акушер-гинеколог Айбарша Тәжекованың айтуынша, емханада тексерілетін және босанғаннан кейінгі психологиялық депрессия бірнеше есе өскен. Статистикаға сәйкес, мұндай диагноз бұрын 30 адамның біреуінде ғана кездессе, қазір 10 адамның бірі зардап шегеді.
Босанғаннан кейінгі депрессия – физиологиялық асқыну. Бірақ асқынған депрессия бәрібір күрделі аурушаңдық болып саналады және науқас стационарда жатып емделуі тиіс. Депрессияның себебі – үнемі ұйқының қанбауы, гормоналды өзгерістер, эмоциялық уайымға салыну. Бұл жерде алғаш босанған аналардың жасы айтарлықтай өскенін айта кеткен жөн. Ал жасы ұлғайған сайын әйелдерді көптеген күдік пен ой мазалайды. Олардың ана болу жауапкершілігін көтере алмауы және басқа да түрлі себеп бар. Босанғаннан кейінгі депрессияның негізгі симптомдары: көңіл күйдің аяқасты түсіп кетуі, жылау, ұйқысыздық, үнемі уайымға салыну және үрейлену, сәбиге жақындаудан қорқу, өзіне немесе сәбиге зиян келтіріп алам деген қорқыныш, ештеңеге қызықпау, ашу-ызаға булығып, үнемі күйгелекке салыну және ең негізгісі – өлім туралы ойға бату немесе өзіне қол жұмсау. Мұндай жай-күймен қалай күресуге болады? №36 қалалық емхананың психологі Әзиза Хамит, ең алдымен босанғаннан кейінгі депрессияны емдеу және оның алдын алу тәсілдерін айтатын дәрігерге баруға кеңес береді. Егер әйелдегі депрессия денсаулығына зиян келтірсе, онда мұндай жағдайда дәрілік препараттарды тұтыну керек. Олар, әсіресе психиатр тағайындаған тыныштандырғыш дәрі-дәрмектер. Сонымен қатар психотерапевтік емдеу жүргізіледі. Мамандар бұл проблемамен өзің ғана қалуды мүлдем теріс санайды. Өйткені депрессия асқынып кетуі мүмкін. «Босанғаннан кейінгі депрессия әйелдің және оның отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты емес. Бұл сырқатпен жас, арнайы білімі жоқ аналар да, жоғары білімді, сонымен қатар жетістікке жеткен әйелдер де ауырады. Депрессия босанғаннан кейін ғана емес, сондай-ақ жүкті болған кезде де туындайды. Ондай кезде біздің емханада отбасын жоспарлау кабинеті бар. Ол жерде мамандар ана болудан қорқып, депрессияға ұрынбауы үшін болашақ аналарды босануға және одан әрі сәбиді күтуге дайындау сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар денсаулығы мықты сәбидің одан әрі даму кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде бала дүниеге келген бірінші айдан бастап ата-аналар сәбиіне қатысты және өзіне де пайдалы ақпараттарды алуға, сәбидің эмоциялық-әлеуметтік дамуын ескере отырып, оны тәрбиелеу мәселесімен ата-аналарын кәсіби түрде дайындап үйрету дағдыларын жақсартуға болады»,– дейді Айбарша Тәжекова. Ол әйелдерде депрессия болған жағдайда барлық қажетті көмек алу үшін медицина ұйымына баруы керек екеніне де тоқталды.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ