Ғылымның дамуын жоғары бағалады
Ғылымның дамуын жоғары бағалады
126
оқылды

Молекулярлық биология және ме­дицина саласындағы Дүние­жү­зі­лік банктің Ғылым және ком­мер­цияландыру кеңесінің құрамына кіретін хьюстондық ғалым, доктор Эмиль Мартин Білім және ғылым ми­нистрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Нәтижелі инновацияларды ынталандыру» жобасының ерекшелігі мен келешегіне тоқталды.

Шетелдік сарапшы жобаның басты ерекшелігі – отандық әзірлемелерге арналған БҒМ-нің Ғылым комитеті мен Дүниежүзілік банк тағайындаған гранттардың көбісінің толық іске асырылуында екенін айтты. Оның басқа бағдарламалармен салыстырғандағы үлкен айырмашылығы – брокерлік коман­дасының болуында. Ғалымдарға көп жағдайда коммерциялық іспен айналысу оңай бола бермейді, сондықтан да осы мақсатта жоба аясында әзірленген технологияларды коммерцияландыруға көмектесу үшін арнайы брокерлік команда құрылған.


– Бағдарлама келесі жылы аяқталады. Бүгінгі күннің өзінде грант алушылардың шамамен 70-80%-ы дербес өндіріске шыға алды. Оның мән-жайын дұрыс түсінудің маңызы зор. Жоба қазірдің өзінде нәтиже беріп, көптеген отандық әзірлеме мен отандық өндірістің арқасында Қазақстан экономикасы көтеріліп келеді. Өйткені грантқа салынған барлық қаражат салық арқылы мемлекеттік бюджетке қайтарылып жатыр. Бұл жобаның келешегі бар екенін көрсетеді. Жобаны келешекте жаңартатын немесе жалғастыратын болсақ, ол оң нәтиже береді, – дейді Эмиль Мартин.

Ғалым сондай-ақ жобаны басқару жөніндегі топ жұмыс процессі барысында бірнеше рет түрлі қиындыққа ұшырағанын тілге тиек етті. Қазіргі кезде жұмыс механизмі қалпына келген.

– Жоба аясында ұсынылған әзірлемелерге қарап қана Қазақстандағы ғылым туралы айта аламын. Жұмыс қорытындысына сүйеніп, Қазақстанда микробиология мен биотехника өте жақсы дамығанын байқауға болады. Ұсынылған жобалардың 50%-ға жуығы осы салаға байланысты. Бірақ физика мен химия саласы дамымай жатыр деуге де болмайды. Бұл жерде жоба шеңбері экологиялық критерийге байланысты ғана шектелді. Жалпы айтқанда, Қазақстанда талантты ғалым өте көп, – деп түйіндеді сөзін белгілі ғалым.


Ерке ЕРҚОҢЫР