Көкшетаудан таяқ тастам жерде Гранитный деген шағын ауыл бар. Елдімекенде 500-ге жуық адам тұрып жатыр. Көпшілікке бұл ауыл ЕЦ-166/25 түзету мекемесімен таныс. Ауылда кезінде «Ардагер – Неруд» серіктестігі гранит өндіретін. Тұрмысы тәуір ауылдың бірнеше жылдан бері кәрізі істен шығып, жолдары тазаланбай қалатын болған. Өйткені ауыл кәрізінің 90 пайызға жуығы шіріп кеткен. Оған қоса облыс орталығымен арадағы қашықтық он алты шақырым ғана болса да, ауылға автобус та қатынамай қалған. Аудан әкімдігі мәселені шешуге талай мәрте уәдесін берген. Алайда Гранитный тұрғындарын толғандырған жайлардың күрмеуі әлі де тарқатылмай келеді.
Жаз бойы жол мәселесі әбден титықтатқан. Көшелерге төгілген қиыршық тастар тегістелмей, ойлы-шұңқырдан құлап, тұмсығын бұзғандар да болыпты. Ал негізгі мәселе – кәріз жүйесінің жөнді жұмыс істемеуі халықты әбден қинағанға ұқсайды. Аталған мәселе өткен жылы да қозғалған. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мәселені қарастыратынын жеткізген. Алайда қыстың қытымыр аязында коммуналдық жүйелер істен шығып, тұрғындарды әбігерге салуда. Осыдан бес күн бұрын Гранитный ауылында тіршілік нәрі – ауызсуы да тамбай қалыпты. Бес күн бойы ауызсусыз қалған ауылдықтар қайтерін білмей отыр. Балаларын жуындыруға су таппай қалған ауыл жағдайы туралы өткен жылы да қозғағанбыз. «Біз бес күннен бері сусыз отырмыз. Осыған дейін ыдыстарға құйып қойған барлық қорымыз да таусылды. Енді қайтіп тамақ істейтінімізді білмей, дал болып отырмыз. Көлігі бар ауыл адамдары ауызсуды Көкшетаудан тасып ішуге мәжбүр болып отыр. Ал кәріз туралы жергілікті билікке айта-айта аузымыз талған. Кәріздеріміз бітеліп қалды. Биліктің қайда қарап отырғанын білмеймін. Тұрғындар кәріздерін өздері сорғызып тазалап жатады. Бірақ арада аз уақыт өтпестен қайта бітеліп қалады. Осыған қарамастан коммуналдық төлемдерді уақытында төлейміз», – дейді Гранитный ауылының тұрғыны Айзере Жәңгір. Ауыл адамдары мұнымен қоса жолдың да азабын тартқан. Қалаға қатынау үшін таксилетіп баруға мәжбүр болады. Қалтасынан қағылған жұрт аудан әкімдігіне шағымданғанымен іс жуық арада шешілер түрі көрінбейді. Жақында түскен күртік қардан қарға адым аттау мұңға айналыпты. «Ауылды қар басып жатыр. Кеше, тіпті үйге кіре алмай қалдым. Бүгін ауыл әкімдігі зордың күшімен тазартты. Ал қалаға тек көлігі барлар ғана барады. Автобус тоқтағалы жылға жуық уақыт болды. Бұған дейін Көкшетау-Васильков-Гранитный автобусы жүретін еді. Енді жолаушы аз деген сылтаумен жауып тынды. Ауылдан қоқыс та уақытында тасымалданбайды. Үйілген қоқыс қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Жалпы, халық қайтіп күнелтерін білмей отыр», – дейді Айзере Жәңгір. Коммуналдық жүйелері жүйкені жұқартқан Гранитный кентінде ауызсу 1963 жылы бұрғыланған №57 ұңғымадан беріледі. Су құбырының жалпы ұзындығы – 4 600 шақырым. Оның ішінде 1 500 метр Гранитный кентінің ішінен өтеді. Осыдан 57 жылы бұрын пайдалануға берілген су құбыры 11 көпқабатты үйлер мен әкімшілік ғимаратты ауызсумен қамтамасыз етеді. Бірақ соңғы уақытта жөндеу көрмеген құбырлар жиі істен шығатын болған.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы