АДИ: Қазақстан Орталық Азияда алда
АДИ: Қазақстан Орталық Азияда алда
2,300
оқылды

Қазақстан халықаралық Адам дамуының индексін­де – 50-орынға шықты. Бір жыл бұрын (2018) аталған көр­сеткіш бойынша 58-орында тұрғанбыз. Адам дамуы­ның индексі – бұл әлем мемлекеттерінде адамның даму деңгейін сипаттайтын жинақталған көрсеткіш.

Индексті жыл сайын Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдар­ламасының (БҰҰДБ) сарап­шы­лары тәуелсіз халықаралық сарап­шылар тобымен бірге есептеп шығады. Оны түзуге сараптамалық материалдардан бөлек, халықа­ралық және ұлттық инсти­тут­тардың статистикасы пайда­ла­нылады. Әр мемлекеттегі ха­лық­тың өмір сүру көрсеткіші, білім алу және ла­йықты тұрмыс жағ­дайы индекстегі маңызды эле­менттер саналады. Одан бөлек, адам­ның саяси бос­тан­дығы мен құқығы қосымша элемент ретінде есепке алынады.

Сонымен, БҰҰ ДБ-ның 2019 жылы әлемнің 189 мемлекетіне жасаған талдауында Қазақстан 50-орынға ие болып, адам дамуы өте жоғары елдер тобына енді. Айта кетейік, 189 мемлекеттің көш басында тұрған мемлекет – Нор­вегия. Норвегиядағы адам дамуы­ның индексі – 0,954-ке тең болған, ал біздің елдің көрсеткіші – 0,817.

БҰҰ сарапшыларының баян­дамасында 1990 жылдан 2018 жыл­ға дейінгі кезеңде Қазақстанда­ғы адам дамуының көрсеткіші 18,5%-ға өскені айтылған. «Қа­зақстан адам дамуының бірқатар аспектілерінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді, бірақ кейбір эко­логиялық проблемалар бар», – деп атап көрсеткен хабарламада.

Ал Орталық Азияның өзге мем­лекеттері бұл индекс бойынша Қазақстаннан көп кейін қалғанын байқаймыз. Адам дамуы индек­сін­де 189 мемлекеттің ішінде Өзбек­стан мен Түркіменстан 108-орын­ды бөліссе, Қырғыз Республикасы (122), Тәжікстан (125) және Ауған­стан (170) көрсеткіштерімен екін­ші жүздікке кірген. 189 мемлекеттің индексі түзілген биылғы тізімді 0,377 көрсеткішпен Нигерия мемлекеті тұйықтапты.

БҰҰ ДБ 2019 жылға арналған талдауында жаһандық теңсіздік мәселесін басшылыққа алған. Са­рапшылар дүниежүзіндегі даму дең­гейі әртүрлі елдердегі 2000 жы­лы туған екі баланың жағдайын мысал ретінде салыстыра қа­расты­рыпты. Мәселен, адам да­муы ин­дексі төмен мемлекеттер­де 2000 жылы туған балалардың 70-80%-ның жоғары білім алуына қолы жетпеуі мүмкін. Ал даму көрсеткіші жоғары елде олардың құрдаста­рының 55%-ның жоғары білім алуына мүмкіндігі бар. Оған бір се­беп әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай болса, екіншіден, даму индексі төмен елдерде адамның өмір сүру көрсеткіші төмен. БҰҰ сарап­шы­лары адам дамуы индексі төмен аймақтарда дүниеге келген бала­лардың 17 пайызы 20-ға толмай қайтыс болатынын ашып көрсет­кен. Ал даму көрсеткіші жоғары елдерде ол 1% төңірегінде ғана.


Сондай-ақ ғалымдар жыл са­йынғы адам дамуы индексін өл­шеуде жаңа формаларды қолданып жатқанын айтады. Уақыт, әсіресе білім беру ісі мен технология және климаттың өзгеруін қатаң басшы­лыққа алуды талап етуде. Егер бұл критерийлер бақылауға алынбаса, қоғамда бұрын-соңды болмаған «маңызды алшақтық» туындауы мүмкін. Себебі адам капиталы тұрақты түрде дамып келе жатқан аймақтарда кеңжолақты интернет қызметіне жазылушылар саны 15 есе, ал жоғары білімге ие азаматтар үлесі 6 есе жылдам өсіп жатыр.

«Бұрын жоғары білім мен ин­тернетке қол жеткізу адам дамуын­дағы қосымша тетіктер ретінде қарастырылып келсе, бүгінгі күні ол тұтас қоғамның дамуымен тіке­лей байланысты» дейді мамандар. Мұндай теңсіздік көріністері мем­лекеттегі теріс саяси тенденция­ларды күшейтеді.

Адам капиталын дамытудағы негізгі мүмкіндіктерге бастауыш білімге және негізгі технологияға қолжетімділік және сапалы меди­циналық қызметтерді алу мәселесі жатады.

БҰҰ сарапшыларының ай­туын­ша Орталық Азия мемле­кет­терінің Адам дамуы индексінде жоғары көрсеткішке ие бола алмай отыруының бір себебі – мигра­циялық көші-қон үдерісінің артуы. Өйткені көші-қон мен жұмыс­сыздық көптеген азаматтың үздік­сіз білім алуына кедергі келтіріп отыр. Әсіресе, Қырғыз Республи­касы мен Тәжікстандағы еңбекке жарамды халықтың 12-15% еңбек мигранты ретінде өзге елдерге барып, жұмыс істеуге мәжбүр.

Бұл тұрғыда Қазақстан БҰҰ ДБ түзген индексте 189 елдің ішінде 50-орынға тұрақтап, адам дамуы көрсеткіші жоғары елдердің қа­тарына кіргенін жоғарыда жаздық. Дегенмен сарапшылар Қазақстан әлі де болса ересек адамдардың өлімі, жан басына шаққандағы көмірқышқыл газы шығарын­ды­ларын азайту секілді көрсеткіш­терді қолға алғаны жөн.