Атырауда жаңа туған баланы алдын ала сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталдық орталық дәрігерлеріне сот үкімі жарияланды.
Өткен жылдың мамыр айынан басталған «жаңа туған нәрестені өлтіру» ісіне нүкте қойылды. 18 қаңтарда облыстық перзентхананың бас дәрігері мен қылмысқа қатысы бар басқа да қызметкерлерге қатысты сот үкімі шықты. Сотта Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Г. Дәулетова сот үкімін оқыды. Облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевқа 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жазаны өтеу мерзімі 2019 жылдың 30 қыркүйегінен бастап есептеліп, жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық залал өндіруге шешім шығарды. Перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Асқар Қайыржанға 16 жыл бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты. Акушер Жамилә Құлбатырованы 15 жылға соттау туралы үкім тағайындалды. Неонатолог-дәрігерлер Р.Нұрмұхамбетов пен Д.Жұмабаеваны 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Үкім шығарған кезде олар қабылдаған «Гиппократ антын» бұзғанын сот айыпталушылар үшін ауырлататын мән-жай деп таныды. Сотталушылар тарапынан үкімге келіспеушіліктер айтылды. Судья сотталушылар мен адвокаттарға 15 күн ішінде апелляциялық шағым беруі керек екенін ескертіп, сот үкімін соңына дейін жариялады. Өткен жылы сот процесінің соңғы кезеңі – тараптардың жарыссөзімен аяқталған болатын. Сол сот отырысында прокурор Нұржан Жангереев бес айыпталушыға қатысты айыптау қорытындысын оқыды. Прокурор соттан облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты кінәлі деп танып, оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабының жекелеген тармақтарымен бүкіл қылмыс бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Акушер-гинеколог Асқар Қайыржан мен акушер Жамилә Құлбатырова үшін прокурор 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оларға «алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған баланы өлтірді» деген айып тағылды. Сондай-ақ прокурор Н.Жангереев перзентхананың неонатолог-дәрігерлері Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаеваны қылмыс туралы хабарламағаны үшін әрқайсысына 3 жылға бас бостандығын шектеуді сұраған.