Bek Air соты ұзаққа созылмақ
Bek Air соты ұзаққа созылмақ

Алматы маңында болған Bek Air компаниясының «Фоккер-100» ұша­ғы апатын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қан­дай да бір дерек шықса елеңдеп, «Не болды екен?» деп құлағын түре қа­лады. Солай болуы заңды да, се­бе­­бі жантүршігерлік бұл апаттың ар­тында қаншама адамның тағдыры тұр.

Ұшақ апатына қатысты күдікке ілін­гендер – 6 адам. Бәрі жер те­лім­деріне қа­тыс­ты заңсыздық әрекеттерге барған. Олар­дың аты-жөндері де, сол кезде атқар­ған қызметтері де белгілі. Ал­маты облысы Тал­ғар ауданы әкімдігінің экс-қыз­мет­кер­лері Рүстем Тұрысбеков, Жа­рас Мә­шім­баев, Медеу Қалыбеков, Берік Әбділлаев жә­не Қайрат Алтын­бекұлына қызмет ба­бын асыра пайдаланды деген айып та­ғы­лып отыр. Күдіктінің ал­тын­шысы және осы күні тергеу изо­ляторында отырғанына 10 айдан асқан – Нұрайым Алданыш. Айып­талушы экс-мем­қызметкерлер бап­тың өзгеруіне байланысты әзірге айып­та­рын мойнына алмай отыр. Әйтпесе, бұған дейін өз кінә­ларын мойындаған болатын. Сондықтан экс-шенеуніктер үй қамағында ұсталып отыр да, бұлардың арасында дәне­кер болған риэлтор Нұрайым Алданыш тер­геу изоляторында. Негізі, әуежай маңындағы үйлердің заң­сыз салынғаны 2015 жылы белгілі болған. Тіпті, арнайы комиссия құрылып, осы мәселе бойынша біраз жұмыс жүр­гізілген. «Бұл жер нысаналы мақсатын өзгерткен кезде ауыл шаруашылығындағы жер болып қалған. Ол жерге үй салуға өкілетті орган тарапынан рұқсат берілмеген», – деді об­лыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Қыдырбаев. Ұшақ құлаған аймақтың 1 гектар 350 сотығы 2011 жылы жеке иелікке өткен. Бұл бастапқыда ауыл шаруашылығы мақсатында пайда­лануға берілген де, кейіннен адамдар үй тұрғыза бастаған. Сонда осыншама жерге үй тұрғызғанша әкімдік өкілдері жағдайдың не болып жетқанынан хабарсыз болғаны ма? Осы мәселеге елдің бәрі аң-таң. Өйт­кені кез келген құжат үшін тұрғындар жер­гілікті әкімшілікке жүгінетіні айдан анық емес пе? Заңгер Бақытжан Базарбек ұшақ апаты болғанға дейін Алматы әуежайы жерлерінде заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын талай рет айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Жер кодексіне сәйкес, әуе­жайдың ұшу-қону алаңына жақын маңдағы жерлерге тұрғын үй құрылысын салмау керек еді. Онда ауыл шаруашылығы сала­сының тек мал шаруашылығына қатысты кейбір түрлерімен айналысуға ғана рұқсат етілуі тиіс болатын. Болған жайтқа дер кезінде көңіл аудармаудың және өз істеріне салғырт қараудың нәтижесі ақыры 12 адамның өмірін жалмап тынды. Алматы әуежайының маңында заңсыз сатылған жерлерге қатысты сот отырысы әлі де ұзақ­қа созылатын түрі бар. Белгілі болғандай, әр сот отырысы өткен сайын тың деректер ашылып жатыр. Сотқа жолданған қыл­мыстық істің ақыры немен тынатыны әзірге белгісіз. Келесі сот отырысы бүгін болады. Қалай дегенде де, жантүршігерлік ұшақ апаты әуе саласындағы біраз олқылықтың бетін ашып берді. Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті «Қазақ­станның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп еліміздің барлық әуе­компанияларының қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізді. «Осы оқиғаны тергеуде біздің елімізге кезінде Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігі, Еуропалық комиссия мен Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиациялық агенттігі белсенді қолдау көрсетті және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның дамуына қолдау көрсетуді жалғастыруда. Ең алдымен, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мамандары британдық реттеушінің инспекторларымен бірлесіп, Bek Air әуе­компаниясына толық аудит жүргізді», – дейді ИИДМ баспасөз қызметі. Bek Air компаниясы лицензиясынан айырылғанынан көпшілік хабардар. Тек­серу барысында халықаралық рейстерді орындауға сертификаты жоқ Bek Air әуе­компаниясы бірқатар елеулі ұшу қауіп­сіздігін бұзудан басқа, Ауғанстан мен Африка елдеріндегі рейстерге заңсыз қызмет көрсеткені анықталды. Ішкі тергеу бес айға созылып, содан кейін іс Ішкі істер министрлігінің тергеушілеріне берілді. Қазір тергеу жалғасуда. Сондай-ақ аудит аясында бұрын Bek Air әуекомпаниясын тексерген екі авиациялық әкімшілік ин­спекторына қатысты ішкі тергеу жүргізілді. Инспекторлардың әрекеттері орынсыз деп танылғандықтан, олар қызметінен боса­тылды. Осы апаттан кейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 331 инспекция өткізді. Биыл бұл іс аудит әуе­компания­ларындағы, әуежайлардағы және аэро­навигация ұйымдарындағы қауіп­сіздікті басқару жүйесіне назар аудара отырып жалғастырылады. Аудит ба­рысында 2 400-ге жуық бұзушылық анық­талды. Олардың көбі ұсақ бұзушылықтар. Бірақ екінші және үшінші деңгейдегі қорғаныс шара­лары ретінде ұшу қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Жаппай аудит барысында Bek Air-дан басқа тағы 3 әуекомпанияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі эмбаргосын бұзғаны, шетелде Қазақстанда тіркелген әуе кеме­лерін пайдалана отырып сол схема бо­йынша жұмыс істегені анықталды. Ол – Azee Air ЖШС, Sigma Airlines ЖШС, Jenis Air ЖШС. Аталған әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшақтары Таяу Шығыс өңірінде шетелдік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін пайда­ланылған. Sigma Airlines ЖШС Чилиде заңсыз рейстер жасаған. Қазақстандық пайдаланушылардың әуе кемелерінің мен­шік иелері – шетелдік компаниялар. Бұл жағдайды тергеуге еліміздің бір­қатар мемлекеттік органдары, БҰҰ қыз­меткерлері және үшінші елдердің тергеу топтары тартылды. Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел бұзушылықтарды жою туралы нұсқама­лардың орындалмауына байланысты 6 оператордың қызметі тоқтатылды. Олар – Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ.  Bek Air және Sigma Airlines әуекомпанияларының сертификаттары кері қайтарып алынды. Бір әуе кемесінің ұшуы тоқтатылды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ол ұшу қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келмейді деп танылды. Осы кезеңде Авиациялық әкімшілікте жаңа британдық үлгіге көшудің белсенді процесі жүрді және ұшақ апатына қатысты қайғылы оқиға еліміздің авиация саласын басқарудағы проблемалық мәселелерді түсінуге, сала жағдайына тереңірек қарауға көмектесті деуге негіз бар.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ