Жамбыл облысы Меркі ауданы Жеміс-жидек ауылында мұз айдыны ашылды. Мұндай жабық мұз айдыны облыс бойынша ауылдан алғаш рет ашылып отыр. Ұзындығы 30, ені 15 метрді құрайтын нысан тұрғындардың бір мезгіл сырғанақ теуіп, тыныстауына мол мүмкіндік бермек. Жобаны жас кәсіпкер Ержан Қырғабақов жүзеге асырған. Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жобасын ұсынып, қаржыландыруға қол жеткізген. Нәтижесінде 10,5 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Мұз айдынының ашылуына аудан әкімі Мейірхан Өмірбек қатысып, кәсіпкердің игі бастамасына тұрғындардың атынан алғысын білдірді. Ал Ержан Қырғабақов бұған дейін Меркі ауылынан «Нұрдаулет» отбасылық шомылу бассейнін ашқан. Алайда жұмысы тек жаз айларында ғана жүргендіктен, ол қыста да кәсібін дөңгелету үшін мұз айдынын салып отыр.
- Бұрын саудамен айналысқанмын. Сол кезде қандай кәсіп ашқан тиімді деп ойланып жүретінмін. Ойға алған ісімді жүзеге асыру үшін ауданнан жер алып, бассейн салдым. Бұдан кейін неге мұз айдынын салмасқа деген ой келді. Жобамды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсындым.Олар жобамды қаржыландырғаннан соң осы мұз айдыны кешенін тұрғыздым. Қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдым. Бұрын пайдалануда болған құрал-жабдықтар әлі де біраз қызмет етеді деген сенімдемін, - дейді жас кәсіпкер.Ержан мұз айдынын жыл он екі ай жұмыс істетпек. Алдағы уақытта нысан ғимаратын заманауи тұрғыда жетілдіре түсуге ниетті. Бүгінгі таңда кәсіпкер мұз айдыны арқылы төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Сырғанақ тебуге арналған конкидің 35 парын әкеліп, бір сағаттық қызметін 500 теңгеден ұсынуда. Енді келешекте кәсіпкер жабық мұз айдынының қасынан 50 соттық жерге ашық аспан астындағы мұз айдынын және жабық бассейн салуды жоспарлап отыр. Бүгінде ол жоспарын іске асыру үшін жобалық құжаттарын дайындауда. Алақандай ауылдан мұз айдынын ашып, тапқырлығымен көзге түсіп отырған Ержанның алдағы бастамаларына тек сәттілік тілейміз!
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы