Оралда таныс қызды үйіне шақырған 27 жастағы жігіт миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, жігіт көңіл көтеру орындарының бірінде танысқан қызды үйіне шақырған. Іле-шала қызбен таныс екі ер адам келеді. Мүмкіндікті құр жібермеген қыз есікті ашады. Күдіктілер жігітті ұрып-соғып, оның 1 млн теңге тұратын ноутбук, телефоны мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Қыздың аты-жөнін ғана білген полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрін анықтады. Олар Атырау облысының тұрғындары болып шықты. Атырауға дереу жол тартқан полицейлер үш күдіктіні жалға алған пәтерінде жасырынып отырған жерінен қолға түсірді. Қазіргі кезде осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.