Тілін жұтып қойған әйелді ажалдан аман алып қалды
Тілін жұтып қойған әйелді ажалдан аман алып қалды
143
оқылды
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Луговой кенті маңындағы тасжолдың бойында ес-түссіз жатқан әйелді   Меркі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Бауырбек Мырзахан мен оның жолдасы  Жандос Утбекбаев ажалдан аман алып қалды. Жалпы екі жігіт аталған тасжолдың бойымен өз жұмыстарымен кетіп бара жатқанда оларды бейтаныс кісілер көмек сұрап тоқтатқан. Көліктен түскен олар  жол шетінде есінен танып жатқан жасы елулер шамасындағы әйелді көреді. Бауырбек дереу әйелдің қарысып қалған жағын сыр бояуға арналған таяқшамен күштеп ашып, тілін толық жұтып қоймауы үшін жанталасады. Осылайша жедел жәрдем көлігі келгенше азаматшаның өмірі үшін күрескен жігіттер оны медицина мамандарына тапсырған. Кейіннен белгілі болғандай әйелдің талма ауру диагнозы бар екен. Егер дер кезінде жігіттер көмек  көрсетпегенде оның жағдайы не боларын ойлаудың өзі қиын. Анасын ажалдан алып қалған жігіттердің жедел әрекетіне риза болған қызы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар  департаменті бастығының атына алғыс хат жолдаған. Алғыс хатта Төтенше жағдайлар саласында осындай білікті азаматтардың жұмыс атқаратындығына ризашылық білдіріліп, жұмыстарының жемісті болуына тілектестік айтылған.

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы