Мемлекет басшысына өңірдің 2020 жылғы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ, Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндалды, - депе хабарлады Ақорданың ресми сайты. Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріліп отырған кезеңдегі Жамбыл облысының экономикасының өсімі 102,2 пайызға, негізгі капиталдың инвестициясы 344,1 миллиард теңгеге жеткені жайында айтты. Кездесу барысында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Президентке пандемия кезінде облыстың 524 мың тұрғынына 44,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек көрсетілгені туралы айтылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекелері қарсаңында 8 мың адамға 203 миллион теңге көлемінде қосымша бір реттік көмек берілген. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй және жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 22 елді мекенге газ тарту, ауызсумен қамтамасыз ету және 391 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілген. 360 пәтерлік 5 тұрғын үй салынған.