Қазақстандық ауыр атлет, Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемені ол Instagram парақшасында жариялаған.
«Достар, кеше кешке менің атыма жарияланып жатқан айыптар жөнінде хабарлама алдым. Меніңше, мұндай жаңалық кезекті жарысқа дайындалып жатқан кез келген атлет үшін тосын оқиға болары анық. Маған қандай да бір тыйым салынған затты қабылдағаным үшін айып тағып отырған жоқ. Кез келген кәсіби спортшы ретінде маусым бойы мен бірнеше рет допинг сынамасын өткіземін. Кіші дәретіме ары қарай не болатынын мен білмеймін. Одан арғы шаруа бізді тексеретін тестілеуші органдардың жауапкершілігінде. Достар, мен қол қусырып, бөтен адамның айыбын мойныма алғалы отырған жоқпын. Жеңіске жеткен күні мыңдаған қазақстандықтың қуанғаны мені шабыттандырды. Менің сенімді достарым ретінде бүгін де мен сондай қолдауға ие боларыма күмәнім жоқ. Мен адал спортты қолдаймын. Әзірге Халықаралық тест агенттігіне түсінік беруім керек. Ол жерде жоғарыда айтқандарымның бәрін де баяндап беремін», - деп жазды Ниджат Рахимов.Бұған дейін Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзды деген күдікпен уақытша спорттан шеттетілген еді. Ниджат Рахимов 2016 жылы зәр талдауын алмастырды деп айыпталуда. Дәл осындай айыппен 2017 жылғы Еуропа чемпионы Думитру Каптари да спорттан уақытша шеттетілген болатын.