Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» КММ-ның ұйымдастыруымен елордада «Біз – таза қала үшін!» экологиялық акция басталды. Экологиялық акция аясында бір апта ішінде еріктілер «Анвар» гипермаркетінің келушілеріне «Eco Friend» ЖШС өндірген 10 мыңға жуық экодорба таратады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. Науқанның мақсаты – қоғам назарын экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару. Осы арқылы жүздеген жылға дейін ыдырамай, экологияға зиян келтіретін полиэтилендік дорбадан біртіндеп арылу көзделген. «Біз планетаның таза болғанын қалаймыз. Экологияның тазалығына қолдау көрсете отырып, біз жаңа деңгейге өтуіміз керек. Экодорбаларды, сөмкелерді қолдана отырып, біз экологияға, қоршаған ортаға, табиғатқа пайдамызды тигізе аламыз. «Анвар» сауда желісі өтінішімізді қабыл алып, осы акцияға қатысып жатыр. Жалпы, тұрғындар осы дорбаны пайдалану арқылы атмосфераға зиян тигізетін полиэтилендік дорбалардан арыла алады. Экодорбаның тағы бір тиімділігі оны қайта өңдеуге болады», – деді «Eco Friend» ЖШС негізін қалаушы Алма Төлебаева. Ұйымдастырушылар бұл экологиялық акцияның жыл бойы жалғасатынын атап өтті.