Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәсіліне Иордания корольдігі қызығушылық танытып отыр
Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәсіліне Иордания корольдігі қызығушылық танытып отыр
5,234
оқылды

Бұл туралы AntikorNews онлайн брифингінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаменті директорының орынбасары Перизат Сәдуақас айтты.

Ол агенттіктің 2020 жылы сәуір айынан бастап эксклюзивті контенті бар AntikorNews ерекше медиа жобасы іске қосылғанын мәлімдеді. AntikorNews сыбайлас жемқорлықты жою туралы деректерді жедел хабарлайды. Перизат Сәдуақастың айтуынша, AntikorNews қазақ, орыс тілінде мәлімет таратады.

Агенттіктің «Адалдық алаңы», Арнайы мониторинг тобы, Республикалық ақпараттық-ағарту штабы, «Сапалы жол», «Ашық бюджеттің интерактивті картасы», «Адал көмек», «Саналы ұрпақ» және т.б. жобалардың атқарған жұмысы туралы хабардар етіп отырады.

Былтыр AntikorNews 40 шығарылым, аумақтық департаменттер 650 шығарылым әзірледі. Спикер бұл жобаның азғана уақыт аралығында нәтиже беріп, сұранысқа ие болды. Тіпті Иордания корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы қызығушылық танытып, өздерінде осындай жобаны енгізуді жоспарлап жатқанын ерекше атап өтті.

«Сондай-ақ AntikorNews аясында 60-қа жуық брифинг өткізілді. 130-ға жуық жедел түсірілім және БАҚ-та 6,2 мыңнан астам материал жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті тақырыптар бойынша аумақтық департаменттер де апта сайын брифинг ұйымдастырды. Былтыр 800-ден аса спикердің, сондай-ақ облыс әкімдерінің (98 шара) қатысуымен 587 брифинг өткізілді», – деді Перизат Сәдуақас.