Туындының премьерасы өткен екі залда ине шаншар орын болмаған.
Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.фильмнің алдын ала көрсетілімі болған екі залда отыратын орын қалмаған. Туындыны көрермендер тіпті еденге отырып тамашалады. Ал фильм соңында көпшілік шығармашылық топқа тік тұрып қол соқты.
Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы таспаны режиссер Бақыт Қайырбеков түсірген. Ол өз туындысы туралы: «Бұл – көркем фильм жанрында түсірген менің алғашқы туындым. Картина 48 кг салмақтағы Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров туралы. Ол түрлі мемлекет дәрежесіндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінсе де, спортшыға халықаралық ареналарға шығуға мүмкіндік бермеген. Тек 1980 жылы ғана ол Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алып, әлемдік деңгейде өнерін көрсете алды. Фильм Оңтүстік Қазақстан ауылдарының бірінде дүниеге келген спортшының балалық шағынан бастап, бүкіл Кеңес одағы қошеметпен қарсы алған палуанның Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді», – деді ол.
Үшкемпіровтың бала және бозбала шағын Елнар Назарқұл мен Санүржан Сүлейменов ойнаған. Театр актері Олжас Сақ кейіпкердің жастық шағын сомдаса, 60-ты алқымдаған балуанның образына Қазақстанның халық әртісі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев сай келген.
«Фильмді көріп, керемет әсер алдым. Картинаның түсіру тобына, әсіресе осы фильмге түскен барлық актерлерге алғысымды айтамын. Осы фильмді түсіруді ұсынған Елбасымызға, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Бұл фильм мен үшін емес, келешек ұрпақ үшін керек. Менің жолымды қуған олимпиада чемпиондары көп болсын деп тілеймін», – деп ризашылығын білдірді Жақсылық Үшкемпіров.
Айта кетсек, спорттық драманың негізгі түсірілім жұмыстары Өскеменде, Алматыда және Алматы облысында жүргізілді. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының сахналары Талдықорған қаласындағы "Жастар" спорт сарайында, сондай-ақ Минскідегі (Беларусь Республикасы) "Динамо" стадионында түсірілді. Ал спортшыларға арналған Олимпиада ауылын көрсету үшін түсірілімдер Беларусь еліндегі "Стайки" атты Республикалық олимпиадалық даярлау орталығында өткізілді.
Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров туралы фильмнің кастингі 2018 жылдың көктемінде өткен болатын. Ол кезде жоба «Жеңімпаз» деп аталған. Түсірілім жұмыстары шілде айында басталды.
https://youtu.be/6CVnnfAQDf0