Қаңтардағы ҰБТ-ның алғашқы күні тестілеуге 16 307 адам қатысты, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі. Тестілеуге қатысқандардың ішінде 12 мыңнан астамы қазақ тілінде, 4 216 орыс тілінде тапсырды. 86 талапкер аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылды. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолданғаны және тестілеу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, тест нәтижелері жойылды. ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысы бойынша 205 қатысушы 110-нан астам балл жинады. Карантинге байланысты тестілеу 15 лек бойынша өтетінін айта кеткен жөн. Қаңтар айындағы ҰБТ барысында аудиториялардың сыйымдылығы 20-25%-ке пайдаланылды. Бірінші күні 143 пунктің 114-інде тестілеу өтті. Барлық аудитория бейнебақылау камераларымен жабдықталған, ата-аналар үшін бейнетрансляция қолжетімді. ҰБТ-ның барлық қатысушысы дезинфекциялық туннель және арнайы кілемшелер арқылы өтті, дене қызуын өлшетті, қолдарын санитайзермен залалсыздандырды және ұсынылған медициналық маскаларды пайдаланды, яғни қатысушылар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтті. Тест тапсырушыларды аудиторияларға кіргізу және отырғызу кезінде кемінде 2 метр арақашықтық сақталып жатыр. Әр аудитория желдетіліп, бактерицидтік жабдықтармен өңделген. Санитарлық талаптардың барлығы қатаң бақылауға алынған. Қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жарамды. Талапкерлер бір жылда тестілеуді 4 рет тапсыра алады. Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміз бойынша кеше, 20 қаңтар күні басталды және 5 ақпанға дейін жалғасады.