Шахтаға түскен әкім шахтерларды таңғалдырды
Шахтаға түскен әкім шахтерларды таңғалдырды
Жайшылықта әкімдерді жайлы кеңсе ме, былғары орындықтан көргенге жұрттың көзі үйренген. Алайда Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров  500 метр тереңдікте жатқан  «Шатыркөл» кен орнына түсіп, шахтерларды таңғалдырды. Олардың айтуынша бұған дейін бірде-бір әкім шахтаға түсіп, мұндағы жұмысты көзбен көрмеген екен. Жалпы Нұржан Сәбитұлы ауданға әкім болып өткен жылы аттанған. Сол сәттен бері елді мекенді қызметтік емес қоғамдық көлікпен аралап, жұртқа жақын екенін барынша көрсеткен. Тіпті ауылдарға  ғаламтор желісі қосылса да, бір жерден шағын дүние ашылса да, сол маңнан табылып, қарапайымдылығымен ерекшеленген. Енді міне әкім бұрын-соңды бірде-бір аудан  басшысының табаны тимеген шахтаға түсіп, тағы талайды таңғалдырып отыр. Негізі «Шатыркөл» кен орнындағы жиналыстың негізгі бөлігі жайлы кеңседе ұйымдастырылған. Кен орынның директоры Мұхтар Ертаев мұнда шахтерлар  15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істейтіндігін, кеніште жалпы 1000 адам  қызмет жасап жатқанын айтқан. Сондай-ақ әлемдік пандемияға байланысты мамандар жұмысқа  ПЦР-тест тапсырып келетіндігін сөз еткен. Бұдан бөлек  мұнда 18 мердігер  қызмет көрсетуде. Бірі техникаға жауап берсе, екіншісі  қазылған кенді тасымалдаумен айналысады. Тоқтаусыз қатынап жатқан жүк көліктері тәулігіне 1800 тонна кен тасымалдауда. Ал 2023-2024 жылдары «Шатыркөлден» шағын фабрика ашылып,  кенді қорытып алуға мүмкіндік тумақ. Ол үшін әрине қосымша мамандар қажет. Аудан әкімі Нұржан Календеров   арнаулы орта оқу орындарын пайдалана отырып мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бұл түйткілдің түйінін тарқатуға  болатындығын жиында айтқан. «Шатыркөл»  кенішінің  іші шағын қалашыққа айналған. Онда қызметкерлерге арнайы жатын бөлме, монша, асхана, тіпті спорт зал да  бар. Міне, осындай жұмыстарға кеңседегі басқосуда қаныққан аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы  кенет жер асты шахтасын  көзбен көруге ұсыныс жасайды.  Бұған таңырқай қараған мамандар «шахтаға түсемін деп келген аудандағы алғашқы әкім» деп  шуылдасып қалған екен. Сосын инженер мамандар әкімге  шахтаға түсу талаптарын түсіндіріп, медициналық тексеруден өткізген. Тас пен топырақтың арасынан табылған әкім жерасты жұмысын көзбен көріп, бір айда 180 метр жерді қазып жатқан шахтерлармен еркін әңгіме өрбіткен.Жұмысшылардың өтініш-тілектерін тыңдап, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрген. Әрине бұл әкімнің міндеті екені түсінікті.Ауданның жауапкершілігін берді ме, жердің бетінде жүресің ба, әлде астына түсесің ба, әйтеуір елдің еңсесін тіктеуің қажет. Алайда күні кеше ғана 90 жылдығын атап өткен  ауданды тәуелсіздік  жылдарында  басқарған 10 әкімнің бірде-біреуі «Шатыркөлдің» шахтасына түсіп көрмегені   таңғалдырады.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы