Жүргізушілерге жеңілдік берілді

Жүргізушілерге жеңілдік берілді

Қазақстандықтар өзімен бірге жүргізуші куәлігін және техникалық паспортты үнемі алып жүру міндетінен құтылды. Енді тек жеке басын растайтын куәлігін көрсетсе жетеді. Тиісінше, осы құжаттарын үйінде ұмытып кеткені үшін айыппұл салынбайды. Мұндай жаңалықты қарастыратын заңды Сенат қабылдады.

Палатаның жалпы отырысында спикер М. Әшім­баев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент белгілеп берген міндеттердің маңызын қаперге салды. Сенат отырысында депутаттар «Кейбір заңна­малық актілерге жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат Парламент депу­таттарының бастамасымен әзірленді. Заңға көлік жүргізген кезде жүргізуші куәлігін және көліктің тіркеу құжаттарын өзіңмен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беретін нормалар енгізілді. «Қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Соған сәйкес, енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алып тасталады. Бұл цифрландыру жұ­мыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы. Алайда мына бір жайтты ескеру керек: егер жүргізуші ресейлік, армениялық, моңғолиялық, қырғызстандық және басқа шетелдік нөмірі бар көлікпен жүрсе немесе жүргізуші куәлігін шетелде алса, жоғарыда аталған құжаттарды өзімен бірге алып жүруге міндетті. Себебі қазақстандық полицейлерге шетелдік деректер базасы қолжетімсіз. Заң қол қоюы үшін Мемлекет басшысына жі­беріледі. Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Үкіметі мен Грузия үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстанда офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді рати­фикациялау туралы» және «ТМД қатысушы мем­лекеттердің ядролық апат немесе радиациялық апаттық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қабылдады.

Елдос СЕНБАЙ