«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Қызылорда облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен арнайы мониторинг тобы өңірдегі әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділігінің қамтамасыз етілуіне қоғамдық бақылау шараларын жүргізіп келеді.
Аталмыш топ өкілдерімен бірге Қызылорда облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова қаладағы бірқатар медициналық мекемелердің ғимараттарындағы жағдайды пысықтап қайтты. Атап өту керек, кейбір емханаларға өткен жылы мониторингтік жұмыстар барысында ескертулер берілген болатын. Сол ескертулер бойынша нақты жұмыстар жүргізілгенімен, әлі де атқарылатын жұмыстар бар екені тексеріс барысында анықталып отыр. Мәселен, диагностикалық орталықтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдайдың өз дәрежесінде жасалмағаны анық көрінді. Нақты айтқанда, автотұрақ, пандус, ғимарат ішіндегі жедел саты (лифт) және әжетхана стандартқа сай болмай шықты. Ал №2 емханадағы жағдай мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 100 пайыз бейімделген және белгіленген стандарттарға сай. Барлық жағдайды көзбен көріп қайтқан зерделеуші топ кемшіліктер анықталған нысандар бойынша жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады. Алдағы уақытта мониторинг тобы құрамымен жасалған хаттама жауапты департаментке жолданады. Мониторинг жұмыстары да облыс көлемінде жалғасын табады.Әбілмансұр ЖАСАН