Ресейлік ресми фейктер экспортымызға соққы

Ресейлік ресми фейктер экспортымызға соққы

Посткеңестік кеңістіктегі «сауда соғысының» белгілері бұрыннан байқалуда. Мы­салы, Әзербайжан мен Ар­мения ара­сында сауда-эко­номикалық бло­када бар. Ре­сей мен Бела­русь арасын­да да сауда кикіл­жіңдері жиі бас көтереді. Ресей мен Украина бір-біріне қарсы санкция ен­гіз­ген. Мәс­кеу­дің тізе баты­руы тіпті одақтаста­рын ашын­ды­рады. Бұл жолы біздің Үкі­мет мүшелеріне ащы мәлім­деме жасауға тура келді.

«Қазақстандық майдан ГМО табылды»

Сарапшылардың тұспал­да­уынша, Ресей Қазақстанның сенімді экспорттаушы ретіндегі халықара­лық беделін түсіруге күш салып жат­қандай. Солтүстік алпауыт қа­зақ­стандық астықшы­ларға, көмір­ші­лерге және басқа өндірушілері­мізге дер кезінде теміржолы мен вагондарын бер­мей, өз аумағы арқылы өткізбей діңкелетті. Өткен жылы «Россельхоз­надзор» Қазақстаннан Қытайға жеткізілген күнбағыс майларынан ГМО анықталғанын жария етті. Ал шынында Қытайға жет­кізілген күнбағыс майының бірде-бір пар­тиясынан ГМО анық­талмаған. Ол рапс көрінеді. Екін­шіден, сол өнімді өндіру кезінде ресейлік шикізат қолданылған. Үшіншіден, ГМО барлық өнімнен емес, бір ғана компанияның жал­ғыз бір партия­сынан табылған. ҚХР-дың Бас кедендік бас­қармасының Өсімдік және мал шаруашылығы департа­менті 2020 жылғы 4 қыркүйекте ресми хабарлама жібереді. Онда Қа­зақ­станнан Қытайға экспорт­талған рапс күнжарасы (рапсовый шрот) партиясынан ГМО табылғаны айтылған. «Қазақстаннан ҚХР-ға рапс күнжарасын экспорттауға сани­тарлық және фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаға сәйкес Қытай тарапы аталған партияны елімізге қайтарды. Сонымен қатар ГМО табылған рапс майының партиясы да Қазақстанға кері жіберілді. Ал күнбағыс майынан ГМО анықталғаны туралы Қытай тарапынан бізге шағым түскен емес», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Қызанақ пен бұрыштан вирус табылды»

Ресей тарапынан «ресми фейк­тер» ары қарай жалғасты. Жыл ба­сында шетелдік-отандық ақпарат құралдары қазақстандық көкөніс-жемістерге қатысты ақ­паратты адам шошырлық сурет­термен бірге бере бастады. Әрине, бұған дейін «ман­дариннен СПИД вирусы шықты» деген сияқты бос қауесет ғаламторды кеулеп тұрған. Бірақ мына фейк ресми органның растауына құрыл­ған: «Россельхоз­надзор» Қазақстан­нан әкелінетін қызанақтар мен бұрыштар жет­кізіліміне шектеу енгізетінін жа­рия етті. Себебі «олар қауіпті бо­лып шықты». «2021 жылғы 18 қаңтардан бастап РФ ветеринарлық және финоса­нитарлық қадағалау федералдық қызметі Қазақстанның Алматы және Ақтөбе облыстарынан тасымал­да­натын қызанақтар мен бұрыш­тардың жеткізіліміне шектеу енгізеді. Аталған қазақстандық облыстардан Ресей аумағына енген балғын томат­тардан қызанақ жемісінің қоңыр қыртысты вирусы (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) әшкереленді. Бұл объектіге қатысты «Россель­хоз­надзор» уақытша каран­тиндік фито­санитарлық шара қабыл­дады» де­лінген көрші ел хабарла­масында. Одақтастар арасындағы қаты­настың санкциялық жағдайға дейін жеткеніне Ресей Қазақстан тарапын айыптады: 2020 жылдың 21 желтоқ­санында «Россельхознадзор» қазақ­стандық АШМ-ның Агроөнер­кәсіптік кешендегі мемлекеттік инс­­пекция комитетіне жергілікті өнімдерден қауіпті вирустың табыл­ғаны туралы нота жолдапты. «28 желтоқсанда өткен келіс­сөз­дер барысында «Россельхознадзор» қазақстандық тарапты қалыптасқан жағдай туралы қосымша құлағдар етті. Сонымен қатар тергеу жүргізіп, оның нәтижелерін және Ресейге қауіп­ті вирус жұқтырған өнімдердің жеткізіліміне тоқтау салу үшін қандай шара қабылданғаны туралы ақпарат ұсынуды сұрады. Алайда қазақ­стан­дық тараптан ешқандай реакция бол­мады», – деді ресейлік ведомство. Қазақстандық БАҚ-тар да мән-жайын тексеріп жатпай бұл жаңа­лықты сол күйі көшіріп, таратып жатты. Серіктестің қараптан-қарап жала жапқанына жаны күйіп кетсе керек, қазақстандық тараптың реакциясы қатаң болды. Мысалы, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі «Қазақстандық қызанақтардан вирус табылды» деген ақпаратты жалған, шындыққа жанас­пайды деп таныды. Ал Сауда және интеграция министрлігі қажет болса, Қазақстанның Ресейге қарымта жауап қайтаруға дейін баруы мүмкін екенін ескертті.

Көкөніс-жемісте вирус жоқ

АШМ ақпарына жүгінсек, 2020 жылғы желтоқсанда «Россель­хоз­надзор» Ақтөбе мен Алматы облыста­рындағы Green Capital Kazakhstan, Green Land Alatau ЖШС өнімдерінде ToBRFV анықталғаны, сондай-ақ Павлодардағы Greenhouse-Qaztomat ЖШС өндіретін қызанақты алып келуге шектеу енгізгені туралы хабар­лама жіберді. – Осыған байланысты АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемле­кеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар, сондай-ақ «Фитосанитария» РМК, «Фито­санитарлық диагностика және бол­жамдар әдістемелік орталығы» РММ және «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ мамандары ПТР-талдау жүргізу мақсатында сынамаларды алу үшін Greenhouse-Qaztomat ЖШС-інде комиссиялық тексеру жүргізді, – деді ауыл шаруа­шылығы ведомствосы. Қазақстан батыстың, басқа елдің тестін пайдаланса, оларға жаны қас Ресей сенімсіздік танытуы әбден мүм­кін. Сондықтан еліміз көршінің өз тестерін қажетіне жаратты. – Талдау үшін «РФ Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының» жедел тестері қолданылды. Ықтимал қателер мен келіспеушіліктерді бол­дырмау үшін зертханалық талдау әдіс­тері мен әдістемелері де ресейлік ұйымның мамандарымен бірге жасалды. Сараптама қорытын­дысында Greenhouse-Qaztomat ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары анықталған жоқ! – деді АШМ. Сондай-ақ еш күмән болмас үшін отандық компания өз бастамасымен өнімдерінің сынамасын Нидер­­ланд­тың Groen Agro Control тәуелсіз зертха­насына жіберді. Еуропалық ла­бо­ратория қазақстандық жылыжай шаруашылығында вирус жоғын хабарлаған. Дәл осындай комиссиялық тек­серулер Ресей айып таққан Green Capital Kazakhstan және Green Land Alatau жылыжай шаруашы­лықта­рында да жүргізілді. Оларда да вирус анықталмады. Ресми тексерулердің нәтижелері «Россельхознадзорға» хабарланды. Бұған қоса, еліміздегі барлық жы­лыжай шаруашылығында жаппай зертханалық сынақ жүргізілді, қоры­тындысында ешқайсысында вирус табылмады. Яғни, солтүстік алпауыт­тың жала жапқаны, мемлекетіміз бен кәсіпкерлерімізді босқа әуре-сар­саңға салғаны белгілі болып отыр. Сол себепті Қазақстан Еуразиялық одақтың ұлтүстілік органдарына шағымданбақ. Олар Мәскеуде ор­наласқан. – АШМ комитеті «Россель­­хоз­надзордың» іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың талаптарын өрескел, дөрекі бұзады және экспортымызға жасанды кедергі тудырады деп есептейді. Осы­ған байланысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Еуразиялық эконо­микалық комиссияға жүгінуге ниетті, – деді ведомство. Бұл ретте Қазақстан Ресей құ­ры­лымдарының вирустарды анықтау пәрменіне күмән келтірді. Себепсіз емес: «Россельхознадзордың» Сверд­ловтағы референттік орталығы 2020 жылғы 11 желтоқсанда Greenhouse Kazakhstan ЖШС өнімі қауіпті деп қорытынды берген. Содан компания 24 желтоқсанда сол партиядан сынамаларды алып, «Бүкілресейлік өсім­діктер карантині орталығы» ФМБМ-нің орталық зертханасында қай­та сараптама жүргізуді талап еткеннен кейін аталмыш өнімнің та­залығын растайтын қорытынды бер­ген. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың реакциясы да өткір болды. Рас, өз батылдығынан өзі шошып кетті ме, министр Facebook парақшасындағы мәлімдемесін ізінше өшірді. Ал қатаң реакцияға жолыққан «Россельхознадзор» кейбір шектеулерін дереу алып тастады. Жұрт оқып үлгерген мәлім­демеде министр ұлттық мүддені қорғау үшін қарымта жауап ша­раларын енгізе ала­тынымызды ес­кертті. Б.Сұлтанов көршінің бұл жолғы әрекетін «ерек­ше» деп бағалады: өйткені Ресей «Қа­зақ­станды жоқ вирус үшін айып­тады және ЕАЭО нормативтік-құ­қықтық базасын бұзды»: ToBRFV Еура­зодақтың карантин нысанда­рының бірыңғай тізбесіне кірмейді. Ендеше шектеу енгізуге қақысы жоқ. Министр 3 апта бойы Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстарындағы жылыжайларда кең ауқымды тексеру жүргізуге, сынамаларды бірнеше отан­дық және шетелдік лабо­рато­рияда зерттеп, қорытынды алуға қыр­уар уақыт пен қаражат шығын болғанын қынжыла жеткізді. Сауда және интеграция министр­лігінің мәліметінше, Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында осы мәселені бірнеше рет көтеріпті, тіпті одақтың ұлтүстілік органы ЕЭК-ке 2 рет ресми өтініш жолдаған. Реакция жоқ. Егер Мәскеу мұндай әлемжеттігін, құқыққа қайшы тірлігін тоқтатпаса, Қазақстан осы мәселені одақтық талқылауға шығаруға дайын. Мы­салы, таяуда, 29 қаңтарда ЕЭК кеңесі, ал 5 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес оты­рысы өтеді. Одан да нәтиже болмаса, Қазақстан жауап шараларын қабылдап, ресейлік өнімдерге шектеу қоя алады. Ол ол ма, Мәжіліс осы аптада «Ха­лықаралық шарттар туралы» қол­даныстағы заңды өзгертетін жаңа заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жол­дады. Оған сәйкес, Қазақстан одақ­тасы орындамайтын кез келген ЕАЭО құжатының күшін тоқтатып тастай алады. Ресей бұл жолы шектеуін жойды. Бірақ қыжылы қалды: ел беделіне соққы жасаған ғаламтордағы теріс ақпараттар жойылған жоқ, сол қалпы тұр. Мемлекет пен өндірушілер шек­кен шығынды да көрші өтеп бермейді. «Қазақстандық көкөніс пен жемісте қауіпті вирус бар» деген үрейден ха­лықаралық қоғамдастықты арылту үшін Қазақстанның Үкі­метіне көп тер төгуге тура келмек.

Елдос СЕНБАЙ