Дыбыссыз режим: сабақ смартфонсыз өте ме?
Дыбыссыз режим: сабақ смартфонсыз өте ме?
285
оқылды

«Баланың балалығын ұрлауға болмайды» деген бар. Сол сияқты мектептегі сабақтың да сабақ сиқы сақталғаны жөн. Карантинді есепке алмағанда, оған дейін мұғалімдер сабақтың – бір жақта, оқушының мүлдем басқа әлемде отыратынын айтып шағымданатын. Білім және ғылым министрлігі осыны ескерді ме екен, әлде басқа себеппен бе – мектепке әкелуге тыйым салынатын және шектеу қойылатын заттар тізімін жасап, ішіне смартфонды пайдалануға қатысты ереже қосқан. 25 қаңтарға дейін осы мәселе қаралып, нақты шешім содан кейін шығады.

Электронды үкіметтің сайтында «Білім беру ұйымдарына және олардың аумағына әкелуге тыйым салынған, оларда пайда­ланылуы шектелген нәрселер мен зат­тардың тізбесін бекіту туралы» бұйрық жобасы жарияланған. Қаңтардың 11-інде жария­ланған құжат 25-не дейін талқы­ланады. Мүлдем әкелуге болмайтын зат­тардың тізімімен көпшілік қос қолдап келісіп отыр. Өйткені ол тізімнің ішінде денсаулыққа залал тигізуі мүмкін пышақ, газ баллон, электрошокер, жарылғыш заттар, темекі, психотроптық заттар сынды қауіпті құралдардан құрылған ұзын-сонар тізім бар. Әлбетте, оқу ордасында қайғылы жағдайлар жиілеп кеткен кезде мұндай тыйым керек-ақ. Бұйрықтың екінші тармағында пай­далануға шектеу қойылған заттардың тізбесі жарияланған. Ата-аналардың қарсы шығып, даулап отырғаны да – осы бөлім. Алдымен бұйрықты сөзбе-сөз келтірейік. «Қамқоршылық және педагогикалық кеңестердің келісімі бойынша білім беру ұйымы әкелуге және пайдалануға шектел­ген заттар мен нәрселер: 1) педагогтің рұқсаты бойынша оқу-тәрбие процесінде пайдалану жағдайларын қоспағанда, ақ­парат­ты тасымалдау функциялары бар кез келген ұялы байланыс құралдары (пейд­жер,планшеттер, смартфондар,  iPad (Ай­пад), iPod (Айпод), плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер); 2) радио-электрон­дық байланыстың кез келген түрі (Wi-Fi), Bluetooth, Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), 5G (5 Джи)  және тағы басқалар). Байқасақ, көпшіліктің шулап жатқа­нындай, мектепке мүлдем әкелуге бол­майды деген сөз жоқ. Яғни, тыйым салу мен шектеудің мәні бірдей емес. Әрі сабақ­қа қажет болған жағдайда мұғалімнің рұқ­сатымен қолдануға да болады делінген. Әйтсе де, ата-аналар бұл бұйрықты орын­даушылар кейін «бас ал десе, шаш алады» деп күдіктеніп отыр. Мысалы, ашық үкімет­те жарияланған бұйрықтың астын­дағы пікірлерге үңілсек, қолдап жатқан­дардың қарасы мүлдем жоқ. Ішінен іріктеп, назарыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Нұр­жанов Райымжан есімді азамат бұйрықтың екінші бөлімін алып тастау керек деген пікірде. «Мемлекеттік органдарда құпия­ның сыртқа шығып кетуі мүмкін, ал мек­тепте ондай қауіп жоқ. Сондықтан шектеу қоюға айтарлықтай дәлел келтірілмеген. Смартфон не басқа да гаджеттер Консти­туциямен бекітілген жеке мүлік саналады. Сондық­тан Ата Заңымыздағы 6-баптың 2-тарма­ғы­на сәйкес, қандай да бір шектеу министр бұйрығы бойынша емес, заңмен бекітілуі керек. Одан қала берді Консти­туциядағы 25-баптың 3-тармағы бойынша, жеке мүлікті сот шешімімен басқа жағдайда тартып алуға болмайды. Тіпті, мына жағ­дайда уақытша болса да.  Яғни, консти­туциялық құқық бұзылып тұр», – дейді «Ашық үкімет» тіркелушісі. Заңгер Медет Өсеров те шектеуді қол­дамайтынын айтып отыр. «Мұғалімнің телефонды тартып алуына құқығы жоқ. Сол сияқты оқушылардың да сабақ кезінде ұялы телефон ұстауына болмайды. Әр мек­тептің тәртібі болады, бекітіледі. Бұл жерде мәселе барлық тараптың байламға келе ал­уын­да. Яғни, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар мен балалар бір­ауыздан келісімге келгені жөн. Мәселен, менің балаларым мектепке телефон апара­ды, бірақ қоңырау кезінде ұстау керегін жақсы біледі. Сондықтан отбасында осы жайлы айтылуы керек. Телефонды тартып алумен проблема шешілмейді. Дұрысы, балаларға түсіндіру, айту. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлердің өзі кіреберісте бір теле­фонды жәшікте қалдырып, біреуін қал­тасы­на салып кіріп жүрді. ҰБТ кезінде де оп-оңай өтіп кетіп жатады. Айтпағым, мұн­дай шектеудің еш мәні жоқ сияқты», – дейді заңгер.

Ата-аналардың дені педагогтердің білігіне күмәнмен қа­райды. Әсіресе, ұрып-соғу фактілері осы шектеудің арқасында жасырын ұсталуы да мүмкін деген болжам бар. Ал мұғалімдер бұған қатысты «балалар партаның астына телефонын тығып, ойын ойнап, желідегі парақшаларды ақтарып отырады. Сөйтіп, сабақ жайына қалады. Кедергі келтіретіні анық.Тыйым керек» деп жауап береді.

Ал Білім және ғылым министрлігі өкіл­дері бұл мәселеде талқылау керегін, соған сай соңғы шешім қабылданатынын айтады. «Телефон ұстауға шектеу қою мәселесі бүгін ғана талқыланып отырған жоқ. Өзге елдерде де қаралып жатыр. Бұған қатысты ой да сан алуан. Нақты бір шешім шығармас бұрын жан-жақты талдаймыз. Бүгінде кез келген білім беру мекемесінде ата-аналар комитеті, қам­қоршылық кеңеспен бірлесе отырып, телефонды қалай ұстауға бола­тыны туралы тәртіп бекітіледі. Әлбетте, гаджеттердің сабақ кезінде кедергі келтіре­тіні анық. Барлық пікірді жиып, қарастыра­мыз. Содан кейін қандай шешімге тоқтайтынымыз белгілі болады», – дейді сала вице-министрі Шолпан Каринова. Жалпы алғанда, мектепте смартфон ұстау мәселесі әлемнің біраз елінде талқыланып, түрлі шара қолданылған. Мысалы, 2018 жылдан бері Францияда бастауыш және орта мектепте байланыс құралдарын пайдалануға толықтай тыйым салынған. Оқу процесінде керек болса ғана ұстауға рұқсат. Мұндағы мақсат – балалардың білімге көбірек ден қоюы. Сонымен бірге әлеуметтік желінің кесірінен аралары алшақтап кеткендіктен, қоңырауда бір-бірімен аралассын деген ниет жатыр деседі. Францияның Білім министрлігі осы шараның нәтижесінде интернет-буллинг азайғаны туралы да мәлімдеген. Германия осындай тыйым салғысы келетін елдердің қатарында. Әйтсе де, әзірге Баварияда ғана бар. Ол жақта сабаққа қажет болмаса, ноутбук әкелуге де рұқсат жоқ. Тіпті, Германияның ұлттық ата-аналар одағының төрағасы Хайнц-Петер Майдингер 14 жасқа дейінгі балаларға жалпы телефон ұстауға тыйым салу керек деген пікір білдірген. Бүгінде Франциядан бөлек, толық тыйым салған елдердің қатарында Әзербайжан, Грекия, Тәжікстан бар. Ұлыбританияда гаджеттерді қолдануға қатысты шешімді әр мектеп қабылдайды. Кей оқу ордасында сөніп тұрған телефонның өзін әкелуге болмайтын болса, енді бірінде еркін ұстауға рұқсат берілген. Әйтсе де, билік тарапынан тыйым салуға күш салынып жатқан көрінеді. Мектеп стандарттары жөніндегі министр Ник Гибб «Балалар уақытын смартфонмен өткізбеуге тиіс. Интернеттің мүмкіндігі мол десек те, әлеуметтік желіде, ойындар­мен уақыт өткізе беретін болса, ата-анасымен, достарымен араласатын, спортпен шұғылданатын уақыты болмай қалады» деген БАҚ-қа берген сұхбатында. Жапонияда ұялы телефонды мектепке әкелуге бұрын рұқсат етілмейтін. Дегенмен елде жиі болатын тайфун, жер сілкінісі, жаздағы аптап ыстыққа байланысты ол тыйым алып тасталған. Өйткені табиғи апаттар кезінде балалар ата-аналарына хабарласа алмауы мүмкін. Осыған байланысты тиісті шешім қабылданған. Ал енді бізде қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз. Әрі шетелдердегідей әр баланың жеке затын қоятын арнайы жәшіктер орнатыла ма, мектеп қабырғасындағы шектеу оқушыларға ғана ма, әлде бәріне бірдей ме – ол жағы да нақтыланбаған. Бұйрықтың ішінен кімдерге арналғанын таппадық. Дәл осы күйде бұйрық күшіне енетін болса, балалардың байланыссыз қалмайтыны ғана анық. Қоңырауда қайта қолына алуына рұқсат. Бірақ сабақ кезінде қолдануға салынатын тыйымның орындалу тәртібі белгісіз. Мұғалімге жинап бере ме, жоқ күзетшіге кіреберісте тапсыра ма? Ата-аналардың дені педагогтердің білігіне күмәнмен қарайды. Әсіресе, ұрып-соғу фактілері осы шектеудің арқасында жасырын ұсталуы да мүмкін деген болжам бар. Ал мұғалімдер бұған қатысты «балалар партаның астына телефонын тығып, ойын ойнап, желідегі парақшаларды ақтарып отырады. Сөйтіп, сабақ жайына қалады. Кедергі келтіретіні анық. Тыйым керек» деп жауап береді. Әйтсе де, өткен оқу жылында ұялы телефонды жан досына айналдырған балаларға бір сәтте смартфонсыз қалу төбеден жай түскендей әсер етуі мүмкін деген ой тағы бар. Жалпы, көкейде сұрақ көп. Жауабы жақында белгілі бола жатар.

Жадыра АҚҚАЙЫР