Армиямыз әлі де КСРО-Ресей техникасына тәуелді
Армиямыз әлі де КСРО-Ресей техникасына тәуелді

Жақында Global Firepower халықаралық ұйымы қару­­­лы күштердің кезекті рейтингін жариялады. Қазақстан былтырғыдан бір саты жоғарылап, 62-орынға табан тіреген. Бірақ ТМД көлемінде Украина, Беларусь, Өз­бекстан бізден оқ бойы озық екен. Армияға қыруар қаржы бөлінсе де, еліміздің әскери қуатын сарапшылар неге әлсіз деп бағалайды?

АҚШ орталық барлау бас­қармасының (ЦРУ) сараптама қызметі түзген әлемдік рейтингке 138 мемлекет еніпті. Әскери күш-қуат жағынан әдеттегідей үш держава көш бастап тұр. Олар – АҚШ, Ресей және Қытай. Үздік ондыққа Үндістан, Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлы­британия, Бразилия мен Пәкіс­тан кірген. Ең соңғы орынға Бу­­тан жайғасыпты. Рей­тинг жа­­сау кезінде қорғанысқа жұм­са­латын шығындар, техника мен құрал-жабдықтар арсеналы, жер көлемі, бюджеті, туу көрсеткіші, жан саны, әскер саны; танк, кеме, ұшақ пен басқа да әскери техника саны, мұнай өнімдеріне қол­же­тімділік сынды 50-ден ас­там жайт­қа баса назар ауда­рылады. Биыл Қазақстан бір саты көтеріліп, 62-орынға шыққан. Алдымызда – Сербия, арты­мызда – Хорватия. Бір қызығы, рейтингте 25-орынды иеленген Украина қару-жарағының 90  пайызы ескірген делінеді. Лу­ганск пен Донбастағы соңғы оқиғалар украин қарулы күш­терінің сепаратистерге қарсы тұруға қауқарсыз екенін ай­ғақ­тады. Керісінше, кеше ғана Тау­лы Қарабақ соғысында Ар­менияны тас-талқан қылып жең­ген Әзер­байжан 64-орынды місе тұтыпты. 2021 жылы Қазақстан бюд­жетінің шығыны 32,6 млрд болса, қорғаныс саласына 1,5 млрд дол­лар қарастырылған екен. Бұл жалпы соманың 1,6 пайызынан асады. АҚШ орталық барлау бас­қармасы (ЦРУ) сайтының ха­барлауынша, еліміз жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,2 пайызын қорғаныс саласына бөледі. армия Бірден айтайық, Қазақстан қазіргі әскери техникалармен жарақтануда Орталық Азияда көшбасшы саналады. Алайда қарудың бәрі бірдей су жаңа емес. Арасында Кеңес Одағынан мұ­раға қалған, Ресейден сатып ал­ған ескі-құсқылары көп. Са­рапшылардың пікірінше, Орта­лық Азияның өзге елдерінде мұн­дай да мүмкіндік жоқ екен. Өзбектер бізден сапасымен емес, санымен озуы ықтимал. Қа­зақ­станның әуекүштері мен әуеқор­ғанысының деңгейі ай­мақ­тағы көршілермен салыс­тыр­ғанда бір­неше есе жоғары. Бұған жұм­салған аста-төк ақша то­лық­тай өз-өзін ақтаған. Өйт­кені әуе­күш­тері кешені – (элек­трон­ды, жер­дегі, ғарыштық және өзге де бар­­лау күштері) XXI ға­сырда ар­­мияның мерейін үстем ететін негізгі фактор. Тағы сол Global Firepower мәліметіне сенсек, Қазақстан ар­миясында 650 танк, 800 БТР және БМП, 300 сүйрелмелі ар­тиллерия, 100 бірлік дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе бар. Әуе-әскери күштері мен әуетеңіз күштері, әскери теңіз күштерінде 222 ұшу аппараты тіркелген. Оның ішінде 76 жойғыш, 39 штурмдық, 18 әскери-көлік, 18 оқу-жаттығу ұшағы мен 71 әс­кери, 18 соққы беретін тікұшақ сақадай-сай. 15 әскери патруль кемелері де қолданыста. Дегенмен кейбір сарапшылар әскери бюджет мөлшеріне қа­рамастан, қазақ армиясы әлі күнге дейін өткен ғасырда шық­қан, тозығы жеткен техникамен жарақтанған деп есептейді. Ке­ліспеске амал кем. Өткен ға­сыр­дың 70-80 жылдары өндірілген Т-72 танктері, БМП-2, БТР-80А және БТР-82А бронды ма­шиналары, МиГ-27, МиГ-23, МиГ-29, МиГ-31, Су-27 ұшақ­тары әскери техникамыздың ба­сым бөлігін құрайды. Оның үстіне, техниканың басым бөлігін Ресейден аламыз. Рас, теріс­кейдегі жұртпен одақтаспыз де­геннің өзінде, әскери техни­каларды өзге мемлекеттерден де сатып алуға кедергі болмауы ке­рек. Тіпті, Израиль, Түркия қа­тарлы мемлекеттермен бірлескен кәсіпорын құрудың да артықтығы жоқ. Оны Таулы Қарабақтағы майдан дәлелдеді. Әрине, елі­міздің қорғаныс өнеркәсібінде шетелдіктермен бірлескен кә­сіпорындар бар. Бүгінде қор­ғаныс өнер­­кәсібі нарығында Қазақ­стан Аселсан Ин­жи­ниринг, «Семей Инжиниринг» АҚ, С.М.Киров атындағы зауыт, «Гранит-Талес Электроникс ЛТД» БК, «Орал» кеме зауыты, Kazakhstan Paramount Engineering бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Бірақ бұл кәсіп­орындар танк, пилотсыз ұшатын аппарат, дүркіндетіп ататын зымыран кешендері, миномет немесе автомат тәрізді қаруларды жасамайды. Өзімізде өндіріл­ген «Арлан» ауыр тұрпатты бро­не­техникалармен армияны қару­ландыруға қатысты да дау-дамай болған. Компания ми­нистрлікті айыптаса, әскерилер ақталып баққан. Қысқасы, техникаға қа­тысты көкейде сан сауал бар. армия Сарбаздардың кәсіби деңгейі әзірге белгісіздеу. Біреулер әлем­де жоқ айбынды армияны айтып аруақтанса, енді бір мамандар қа­­зақ әскерінің әзірлігі оқу-жат­тығулар мен парадтар өткізуге ғана жарайды деп сөге жа­ман­дайды. Елімізде төмен дәрежедегі шиеленістердің алдын алуға ар­налған жаттығулар ғана өтетіні ешкімге жасырын емес. Яғни, жауынгерлер көбіне атыс қа­руымен және қолдан жасалған жа­рылғыш құрылғылармен қа­руланған террористік ұйым­дарды, бандалық құрылымдары жою тәсілдерін үйренеді. Есесіне арқа сүйейтін «аға­ларымыз» бар. 2011 жылдың қа­занда Қазақстанның жаңа Әс­кери доктринасы қабылданды. Доктринаға сәйкес, мемлекет жо­ғары дәрежелі кикілжің ту­ғанда әскери қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін ұжымдық жүйе­лердің көмегіне жүгінеді. Қа­зақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы (ҰҚКҰ) және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) сияқты ұжымдық ұйымдарға мүше. Әрине, олардың басты рөлдегі ойыншылары – Ресей мен Қытай. Айтпақшы, 2017 жылы жаңарған Әскери доктринаға «кибершабуыл» ұғы­мы қосылып, «кибер» сөзі 14 рет қолданылған. Одан бөлек, «гиб­ридті күрес» деген де ұғым ен­гізілген. Бұл енді мүлдем бөлек әңгіме.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ