Мақала жариялаудың машақаты
Мақала жариялаудың машақаты

Қазір докторанттар мен магистранттар ғылыми еңбегін толықтырып, қорғауға дайындалатын кезең. Арамызда диссертациясы дайын докторанттар да бар. Осындайда «неліктен қорғап, ғылыми атағын ала алмай отыр?» деп сұрақ қою заңды. Жауабы біреу – олар Scopus базасына кіретін басылымдарда мақала жариялауы керек. Алайда мұндай журналдардың талабы қатаң. Ал жұрт айтып жүргендей мақала жариялау ақылы ма?

Әуелде докторанттар диссер­тация қорғауға рұқсат алуы үшін заңдылық басқа-тын. Шарт бойын­ша олар басылымдарда кемінде 7 ма­­қала жариялауы қажет еді. Соның ішінде біреуі – Scopus деректер қорына кіретін ғылыми журналда, үшеуі – Ғылым комитеті ұсынған отандық ғылыми басылымда, екеуі – Қазақстандағы ғылыми конфе­рен­ция, біреуі халықаралық кон­фе­рен­­ция жинақтарында жария­лануы керек-ті. Қазір заңдылық басқа. Док­­­­­торанттар Scopus пен Web of Science базасына кіретін Q1 журналдарға мақала жарияласа жетіп жатыр. Солай дейміз-ау, бірақ аталған жур­­­налға мақала өткізу қиынның қиыны. Иә, аталған база түрлі саладағы басылымдарды индекстейді. Мы­салы, Scopus базасында өмір туралы ғылым, гуманитарлық, әлеуметтік, физика ғылымдарына қатысты журналдар бар. Web of Science болса, Scopus-тан ауқымы кең. Жара­тылыстану, техникалы, қоғам­дық, гуманитарлық, өнер туралы ғы­лымдарды қамтиды. Сіз мақала жі­бергеннің өзінде ұзақ тексерістен өтеді. Себебі жазған дүние әлемдік стандартқа сай болуы керек. Талап бойынша мақаланың тақырыбы абстракт, тиянақты сөздері мен қолданылған әдебиеттері ағылшын тіліне аударылғаны жөн. Жоғарыда Scopus-тан гөрі Web of Science (WoS) поштасына жіберген мақаланың жариялануы ұзақ уақыт алатынын жаздық. Өйткені WoS-та іріктеу мен рецензиялау кезеңі күрделі процесс. Жалпы алғанда, қос база үшін де дүниежүзілік ауқымдағы жаңа идея­ны индекстеу, ғылыми қоғамды қызықтыратын зерттеудің сапасы, бірегейлігі мен тиімділігі маңызды.

Мұның бәрі рейтинг үшін бе?

Elsevier ғылыми компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Әлия Оспанова БАҚ-қа берген сұхбатында Scopus журналдарының 80%-ында мақала жариялау тегін екенін айтқан. Бірақ мақаланың зерттеу негізінде өрбуі, дәлелдер, тиянақтылық бәрі ескерілетінін баяндаған. Ал елімізде докторанттар журналға мақала беруге асықпайды екен. Уақыт жақындағанда журнал мен докторант арасын байла­ныс­тыратын компаниялардың қызме­тіне жүгінеді. Сондықтан мамандар мақаланы ертерек бастап, нақтылап, ағылшын тілінде жазып, Scopus поштасына жолдауды сұрады. «Scopus базасына кіретін жур­налға мақала беріп қойдым. Жария­лауын күтіп жүрмін. Егер мұндай басылымдарға мақалаң шықпаса, докторлық атақты қорғауға жібер­мейді. Аймағамбетов бекіткен заң бойынша қазір магистратурада ККСон-ға мақала жариялаудың қажеті жоқ. Бірақ университеттер мұны талап етеді. Мысалы, ҚазҰУ QS рейтингіне кіреді. Ал бұл рей­тингтің негізі – ғылыми жария­ла­нымдар. Сондықтан рейтингте алға жылжу үшін осындай ғылыми мақа­лалар ауадай қажет. Scopus база­сындағы журналдарға фи­зиктер тарапынан ғылыми жаңа­лық аша­тын зерттеу болмаса, фи­ло­логтер тарапынан мақала жа­риялау қиын. Өйткені қазақ тіліне қатысты дү­ние­лерді шетел­діктер алып, оқиды деп ойламаймын. Бірақ амал жоқ, док­тор­лықты қор­ғау үшін мақала өткі­земіз. Өз басым мақала жарыққа шы­ғу үшін 760 мың теңге төледім. Әлі де ақша тө­леу керек», – дейді Сезім Қайыр­тай (есімі өзгертілді–авт.) Осы тұста бірқатары тіл маман­дарына Scopus пен Web of Science-қа материал өткізу қиын екенін айтады. Себебі жаратылыстану, медицина саласында күнделікті жаңалық ашылғанымен, гуманитарлық ғы­лыммен жаһанды қызықтыру қиын екен. Кейіпкеріміз баяндағандай, рейтинг – майдан. Тіпті, ел арасында университеттердің рейтингін көтеру үшін арнайы комитеттің жұмыс істейтіні сөз болды. Кім білсін, бірақ магистранттарды мәж­бүрл­ейтіні шындыққа жанасатын сияқ­ты. Өйткені «магистранттардың ма­қаласы ККСон құрамына кіретін журналдарда жариялансын» дейтін қаулы жоқ. Бірақ мұндай мақалалар әлемдік рейтингте алға жылжуға орасан зор үлес қосады. Мәселен, QS рейтингі 6 категория бойынша жүргізіледі. Университеттің ака­демиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, дәйексөздер, білім алушылардың профессор-оқытушылар құрамына арақа­ты­насы, шетелдік оқытушылар мен шетелдік білім алушылардың саны маңызды. Соның ішінде дәйексөз деп отырғаны – ғылыми жария­ланымдар. Яғни, университет ға­лым­дарының шетелдік басы­лым­дарға жариялаған мақаласынан шетелдіктер қанша рет дәйексөз алғаны есептеледі. Мысал ретінде Еуразия ұлттық университетін алсақ болады. 2020 жылғы мәлімет бойын­ша кейінгі 5 жылда аталған универ­ситет ғалымдарының бір мақала­сының орташа дәйегі – 3,05. Бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен 2,5 есе артық. «Scopus-қа мақала шығармадым. Биыл 2-курс магистранттарға ондай талап қойылмапты, оған да шүкір. Бірақ ККСон-ға шығару керек деді. Әйтпесе, қорғауға жіберілмейді екенсің-мыс. Содан «Наука и жизнь» деген ККСон құрамына кіретін журналға мақала жаздым. Жариялау үшін 18 мың теңге төледім»,– дейді Д. есімді магистрант.

Докторантураға құжат тапсырушылар азайып кетті

Ал докторантура мәселесіне қайта оралсақ, оқытушылар шетел­дегі PhD бағдарламада мұндай талап жоғын атап өтті. Бұл ғылыми жария­ланымдардың сапасын арт­тыру мақ­сатында қойылған талап екенін, сондықтан да ешқандай қарсылық білдіре алмайтынын айтады. Бірақ докторанттардың ғылыми атағын қорғамау себебі – осы. «Scopus, Web of Science базасына кіретін журналдарда мақала жа­риялау жылдар бойы ЖОО-да жұмыс істеп жүрген оқытушылардың да қолынан келмейді. Басты мәселенің бірі – тіл мәселесі. ЖОО-ларда білікті профессорлар бар, бірақ ағыл­шын тілін білмейді. Ал Scopus-қа кіретін орыстілді журналдар аз. Ғылыми дәреже иелену үшін басты талап – ғылыми мақала. QS, Times High Education халықаралық рей­тингі үшін де университеттің ғылыми нәтижелері маңызды. Соның ішінде университет профессорларының ғылыми еңбектері де есепке алы­нады. Мысалы, Times High Education рейтингіне кіру үшін бір оқыту­шының жан басына шақ­қанда қанша жарияланымы бары еске­ріледі. Аккредитация иелену үшін басты талап осындай», – дейді AlmaU университетінің проректоры Әсел Арынқызы. Сол үшін университеттер әре­кетке көшкен. Арнайы департамент құрып, оқытушылар мен жас ға­лымдарды сапалы ғылыми мақала жазуға үйретеді. Мысалы, AlmaU уни­верситеті ағылшын тілінде мақа­ла жариялауды үйретеді. Сапалы зерттеу жасап, сапалы материал жазуға бейімдейді. Акамедиялық жазудың өзі бөлек әңгіме. Ал мұның бәрі халықаралық рейтингті былай қойғанда, ұлттық рейтингке де әсер етеді екен. Сондықтан әрбір универ­ситет оқытушыларын материалдық тұрғыдан ынталандырады. Жария­ланымдар үшін төлейтін бонустары бар. Осы тақырып төңірегінде Нәрік­баев атындағы университеттің бас­пасөз қызметімен хабар­­­ласқа­ны­мызда, олар рейтингтің әділ жүр­гізілмейтінін айтты. Сол үшін оқу орны халықаралық рейтингке де, ел ішіндегі рейтингке де қатыспайды. «Осыдан 4-5 жыл бұрын докто­рантураға құжат тапсырғанымда айналдырған 1-2 грантқа 20-30 адам тапсыратын. Докторантураға түсу күрделі процесс еді. Қазір қойылған талаптардың күшеюіне байланысты докторантураға сұраныс төмендеді. Өйткені біраз докторанттар оқуын аяқтағанымен, біраз жыл бойы док­торлық атағын қорғай алмайды. Scopus бойынша талап жоғары. Та­лапты орындау екінің бірінің қо­лынан келмейді. Ал докто­ран­тураға грант көп. Кейбір уни­верситет ми­нистрлікке игерілмеген грантты қай­тарып береді. Байқай­мыз, жыл сайын докторантураға құжат тап­сыратындар азайып барады. Та­лаптың жоғары болғаны жөн. Саны бар, сапасы жоқ мамандар қажет емес. Дегенмен осындай жоға­ры талапқа сай жағдай жасау керек. Мәселен, біз курс ұйым­дастыру үшін біршама қаржы жұмсаймыз. Әрбір докторантқа шетелдік тағлымдаманы сапалы ұйымдастыруға тырысамыз. Докторанттардың жазғы мектебін ұйымдастырамыз. Жас ғалымдарға сапалы зерттеу жүргізуді үйретеміз. Айналып келгенде, мұның бәрі – ақша», – дейді Әсел Арынқызы. ЖОО проректоры айтқандай, мәселе қаржыға келіп тіреледі. Елі­мізде жас ғалымдарды қолдау нақты жолға қойылмаған. Ал шетел­де ғылыми мақала жариялаудың Open access моделі бар. Бұл Еуропа ел­дерінде кеңінен тараған. Open access моделі арқылы ғалымдар зерттеу жұмысын жариялау үшін қаржы іздеп бас қатырмайды. Себебі ғалым­дардың материалын жариялауға жұмсалатын қаржыны арнаулы қор­лар өз мойнына алады. Аталған қор­лар ғалымдардың еңбегін әлемге әйгілеп, зерттеудің адамзат қажетіне жарауын негізге алады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ