Өнеркәсібі дамыған өңір
Өнеркәсібі дамыған өңір

Қарағанды облысында 2021 жылы өнеркәсіпте үш пайыздық өсім жос­парланған. Кәсіпорындардың тұрақты жұмысы 200 мыңнан астам жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өнер­кәсіптердің жұмысын бағалау үшін ірі компаниялардың бас­шыларымен кез­десті. Өңір басшысына өнеркәсіп алып­тарының жоспарлары туралы айтылды.

– 2020 жылы қиын жағдайларға қарамастан облыс кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеді. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру 1,5% өсіммен 2,9 трлн теңге болды. 2021 жылға өнім көлемі 3,2% өсіммен 3 трлн теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Өң­деу өнеркәсібінде – 3,5%, тау-кен өнер­кәсібінде – 1%-ға оң динамика күтілуде, – деп ха­барлады өнеркәсіп басқармасының бас­шысы Ғалымжан Жұмасұлтанов. Оның айтуынша, металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі және т. б. барлық негізгі салаларда өсім бай­қалады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас дирек­торы Бижу Наир компанияның 2021 жыл­ға барлық бөлімшелер бойынша 140 млрд теңге сомасында инвестициялар жоспарлағанын хабарлады. Металлургия өндірісін жаңғыртуға жұмсалатын шығындар шамамен 77 млрд теңге болуы тиіс. Комбинат болат өндірісін 14,2%-ға немесе 3,8 млн тоннаға дейін арт­тыруды жоспарлап отыр. «Қазақмыс» өндірісті жаңғырту және кеңейту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Компания биыл инвестицияны екі есеге – 96,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға уәде беріп отыр. Мыс өндірісі 344,6 мың тонна көлемінде жоспарланған. Жәйрем тау-кен байыту комбинатында құны 145 млрд теңге болатын ірі жобаны жүзеге асыру аяқталуға жақын. Мұнда жылына 5 млн тонна қорғасын-мырыш кенін өңдейтін жаңа байыту фабрикасы салынуда. Концентрат өндірісі шамамен 650 мың тонна. Жаңа кәсіпорында 380 жұмыс орны ашылады. «Жәйрем КБК» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бартоштың айтуынша, барлық жабдықты монтаждау сәуір айында аяқталуы тиіс, ал мамыр айында өндірісті толық іске қосу жоспарлануда.

Жәйрем тау-кен байыту комбинатында құны 145 млрд теңге болатын ірі жобаны жүзеге асыру аяқталуға жақын. Мұнда жылына 5 млн тонна қорғасын-мырыш кенін өңдейтін жаңа байыту фабрикасы салынуда. Концентрат өндірісі шамамен 650 мың тонна. Жаңа кәсіпорында 380 жұмыс орны ашылады.

YDD Corporation ферроқорытпа зауытында төртінші пеш іске қосылады. Бұл кәсіп­орынның қуаттылығын жылына 240 мың тон­наға дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Алтыналмас» алтын өндіру фабрикасының толық қуатына шығу күтілуде. Долинное және Пустынное кен орындарында 5 млн тоннаға дейін кен өңделіп, 5 тонна Доре қорытпасы өндіріледі. Теміртаудағы техникалық газ өндіретін зауыт, Саран қаласындағы автобус зауыты да облыс экономикасы өсімінің драйвері болуы тиіс. – Біздің облыста экономиканың 51%-ы – өнеркәсіп. Өңірдегі әлеуметтік көңіл күй кәсіпорындардың тұрақты жұмысына бай­ланысты. Біз үшін маңызды факторлар – жұмыс орындарын сақтау, жалақының өсуі, еңбек жағдайларын жақсарту, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Өнеркәсіп ұжымдары штаттық режимде еңбек етуде. Өткен жыл қиын болды. Біз бірге қиындықтарды жеңіп, жаңа өмірлік ағымға қайта төселе алдық. Биыл өндірістік өсімді жалғастыру керек. Біз әр кәсіпорынмен жан-жақты жұмыс істеуге және барлық мәселені шешуге дайынбыз. 2021 жылы кем дегенде 700 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сонымен қатар жаңадан ашылатын 13 өндіріс орнында 1 500 жұмыс орнын құру көзделіпті.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы