Немересі үшін алиментті ата-әжесінің зейнетақысы мен мал-мүлкінен өндіріп алуды ұсынды — Әділет министрі
Немересі үшін алиментті ата-әжесінің зейнетақысы мен мал-мүлкінен өндіріп алуды ұсынды  — Әділет министрі
142
оқылды

Балалардың әкесі алимент төлемесе, бұл алиментті немересіне ата-әжесінен өндіріп алу ұсынысы талқыланып жатыр, — деп хабарлайды «Қазақпарат».

Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім еткендей, Италияның тәжірибесі зерттеліп жатыр.

«Осы бағыттағы зерттеу жұмыстары барысында Италияда өте қызықты тәжірибені көрдік. Бұл елде алимент бойынша борышкер, яғни балалардың әкесі алимент төлемесе, онда Италия соттары не істейді? Италия заңы бойынша бұл қарызды борышкердің ата-анасының жауапкершілігіне жатқызуға болады. Яғни, судья: «егер ата-анасы осындай жауапкершілігі төмен жігітті тәрбиелесе, онда олар баласы үшін алимент төлеуі тиіс» деген уәжді айтады. Атап айтқанда, немерелері ата-әжесі үшін бөтен еместігі назарға алынады», — деді Марат Бекетаев.

Үкімет сағатында министр қазіргі кезде бұл тәжірибені жалпы қоғамда талқыланып жатқанын атап өтті.

«Бұл тұрғыда қандай пікір болатынын білгіміз келеді. Кейбіреулер аталған тәжірибе дұрыс еместігін алға тартуда. Яғни, борышкер өзі жауап беруі тиіс, оның қарызын ата-анасы төлеуге міндетті еместігін айтуда. Дегенмен де Италияның тәжірибесі қызығушылық тудыруда. Сондықтан оны талқылаған дұрыс болады. Менің ойымша, тиісті заң жобасына осы норманы енгізу керек», — деді ведомство басшысы.

Дерекөздің жазуынша, тілшілер Марат Бекетаевтан борышкердің ата-анасы зейнеткер болса, оларға бұл жауапкершіліктің жүктелуі мүмкіндігін сұрады.

«Зейнеткер атасы мен әжесінде мүліктері бар, яғни оларда пәтерлері, көліктері бар. Бұл өз кезегінде қарызды жабудың көзі бола алады. Егер де мектепке бару үшін немерелеріне киім алудың өзі қиын болып жатса, не істеу керек?!», — деді министр.