Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді. Президентке пандемияның жер шарындағы негізгі таралу тенденциялары және вирусқа қарсы күрестегі еліміздің ретингісі туралы да баяндалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы індетке шалдыққандардың саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында, өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-орында, өлім-жітім бойынша 94-орында, COVID-19 індетінен жазылып шыққандардың саны бойынша 48-орында, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірлердегі эпидемиялық жағдай туралы, соның ішінде, карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берілді. Денсаулық сақтау министрі жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33 пайызға, жан сақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21 пайызға толғанын айтты. Алексей Цой COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Министр елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді. Бұл дертке шалдыққандарға көмек көрсету үшін қабылданған шаралардың, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру деңгейінің тиімділігін көрсетеді. Бейінді ведомствоның мәліметі бойынша, барлық өңірдегі салынған жұқпалы аурулар ауруханалары халықаралық стандартқа сай келеді және науқастарға қажетті көмек көрсетуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыра отырып, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді тапсырды.