Көлікке мінген алты жасар бала әйелді екі баласымен бірге қағып кетті. Бұл туралы зардап шеккен әйел Дарина Тюгумбаева Instagram-дағы парақшасында айтты. Айтуынша, апат салдарынан ол екінші топтағы мүгедек болып қалған. Ал кінәлілер әлі күнге дейін жазасын алмаған. Оқиға 2020 жылы 19 шілдеде СҚО-да өзен жағасында болған. Дарина Тюгумбаеваның отбасы жағажайда болған. Әйелдің айтуынша, онда адам көп, күн жылы болған. Олардың қасында балалар болған. Сол жерде демалушылардың бірі баласы көлік жүргізе алатынына мақтанған.
«Менің күйеуім жағажайдағы бассейнде отырған балалармен ойнап жүрді. Ол соңғы рет шомылып шығатынын, сосын үйге қайтатынымызды айтты. Біз сіңліміз екеуміз балаларды алып, отырған жерімізге барып оранып отырдық. Қасымызда бір ер адам балаларының көлік жүргізе алатынын айтып мақтанып отырды. Сосын ол баласына білетініңді көрсетші деді. Біз бұл сөзге мән бермедік, өйткені балаларға қарап отырдық», — дейді Дарина.Осы сөзден кейін бірнеше минуттан соң Дарина Тюгумбаеваның артында көлік от алған. Көлікті алты жасар бала жүргізген.
«Мен басымды бұрып қана үлгердім және өзіме қарай 1 метр қашықтықта жақындап келе жатқан көлікті көрдім. Мен ештеңе істеп үлгере алмадым. Балаларыммен көліктің астында қалдым. Мені көліктің дөңгелегі басып кетті. Балаларды құдай сақтап, арқалары мен аяқтары тырналып құтылды. Мен өліп бара жатыр екенмін деп ойладым», — деп еске алады ол.Жәбірленушінің айтуынша, айналадағы адамдар жедел жәрдем және полиция шақырған. Даринаны №3 қалалық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның жамбасы көп жерден сынғанын айтқан. Ол екі ай бойы қозғалмай жатыпты. Нұр-Сұлтанда оған екі рет ота жасаған. Кейін екінші топ мүгедегі болып қалған.
«Мен тірек аппараты және таяқпен жүремін. Қазір жарты жыл өтсе де, тергеу әлі жүріп жатыр, әлі нәтиже жоқ. Кінәлі тарап әлі кешірім сұраған жоқ, материалдық көмек туралы тіпті бір сөз жоқ. Әділдік орнағанын қалаймын! Кінәлі адам баласына қарамағаны үшін жазасын алсын, іс сотқа жеткенін қалаймын!» — деген әйел қылмыстық іс өте баяу тергеліп жатқанын айтады.