Алматылықтар Көктөбеге баратын жолдың бойында ағаштардың кесіліп жатқанына шағымданды. Видео әлеуметтік желілерде тараған. Кадрда бірнеше ер адамның ағаш бұтақтарын бульдозерге жинап жатқанын көруге болады. Қала әкімдігі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Жазба Facebook-тегі «Дежурный по городу» тобында жарияланған. «Көктөбеге барар жолда ағаштарды кесіп жатыр. Рұқсатсыз болса керек. Сұрап көріп едік, ағаш тиеген көлік тез кетіп қалды», – дейді жазбаның авторы. Алматы әкімдігі ағаштарды кесуге рұқсат бермегенін мәлімдеді. «Жасыл экономика басқармасына ағаштарды кесуге өтініш түскен жоқ, яғни рұқсат берілмеді», – деп хабарлайды ведомство өкілдері. Айта кетейік, бұған дейін алматылықтар Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы ағаштардың кесілуіне наразылық танытып, даудың дабырасы Президентке дейін жеткен еді.Айдар ДӘУІТҰЛЫ