«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аталған жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың 5 қаңтарында Egemen Qazaqstan газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жастарға түсіндіруге арналды.
Партия жанындағы Miras кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жабал Ерғалиев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарды айтып, іргеміздің берік болуы үшін қажет деп таныған Президенттің айқындап берген шараларына тоқталды. Мақаланың әр бөлімін жік-жіктеп түсіндіріп, әділетті қоғам, тарих пен тағылым тақырыбында толғана сөз қозғады. Президенттің өзі кепіл болып, мақаласында қадап айтқан, бабалар қанымен, Алаштың жанымен осы күнге дейін сақталып келген қазақтың жеріне нұқсан келмейтіні де сөз болды. Ол үшін әр қазақтың жүрегі «елім, жерім» деп соғып, жастар жеке бастың мүддесінен елдің, тәуелсіздіктің мүддесін жоғары қою керек деген пікірін білдірді. Жабал Ерғалиұлы жастарды барды бағалауға шақырды. Қазақ тілінің мәртебесін түсірмей, ұлтжанды болып, тәуелсіздік жолында қызмет етуден артық ұлы жолдың жоғын айтты. Жиын барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты, «Болашақ сарайының» басшысы Айнагүл Балташева мен «Jas Otan» Жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Сұлтанбек Бекешев те «Тәуелсіздік – басты құндылық» тақырыбында cөз қозғап, пікірін бөлісті.Әбілмансұр ЖАСАН