Picodi халықаралық сервисі пандемияның қалтаны қалай қаққанын талдап, биылғы жағдай бойынша әлемдегі ең төменгі жалақы рейтингін түзіпті. Қазақстан халқының табысы аз елдердің «үздік» үштігіне енген. Неге? Тапқаны тамақтан артылмайтын азаматтар қымбатшылық қысқан заманда қалай күнелтеді? Биліктің не білгені бар?
Зерттеушілер үкімет бекіткен ең төменгі еңбекақысы бар 56 елді қарастырыпты. Рейтинг соңында Өзбекстан орналасқан. Ала шапанды көршімізде бұл көрсеткіш 57 доллар шамасында. Екінші орында – Нигерия (71 доллар). Үшінші орында – Қазақстан (88 доллар). Көш басына Люксембур жайғасқан (2 241 доллар). Таяуда депутат Айбек Паяев осы мәселені ашына қозғап, Премьер-Министрдің атына сауал жолдады. Дүниежүзіндегі озық отыздыққа ұмтылып отырған ұлттың азып-тозғаны ешқандай сын көтермейді деген халық қалаулысы Асқар Маминге бірнеше сұрақты төтесінен қойды. Біз Мәжіліске жаңадан сайланған халық қалаулысына хабарластық. – Мемлекетіміз, Құдайға шүкір, бай мемлекет. Бай мемлекеттің Үкіметі сапалы жұмыс істеп, халықтың әл-ауқатын арттыруы керек қой. Түрлі бағдарлама бар. Қыруар ақша бөлінеді. Бірақ сол қаражат халыққа жетпей жатады. Сайлауалды науқан барысында ауыл-аймақты аралап, 7 облысқа бардым. Сол кезде тұрғындардың шынайы тұрмысын өз көзіммен көрдім. Жаңағы рейтингте соңынан санағанда үшінші тұрғанымыз – масқара жағдай. Бұл масқараны ештеңемен ақтай алмаймыз. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дейміз. Мына тірлікпен біз қалай кіреміз? – дейді депутат. Кейбір елде ресми еңбекақы мен қолға тиетін еңбекақы мөлшері әртүрлі. Сондықтан зерттеуде таза қалтаға түсетін сома есептелген. Қазақстанда ең төменгі номиналды айлық 42 500 теңгеге тең. Бірақ сақтандыру жарналары өскендіктен, былтырдан бастап нақты жалақы азайып қалған. – Үкімет 42 500 дейді. Алайда сақтандыру компанияларына төленетін салымдарға байланысты азаматтар қолына 37 400 теңге алады. Биыл азық-түлік себетінің құны 13,87 пайыз өсіп, 25 280 теңге болды. Сонда адам 37 мыңның 25 мыңын тамаққа жұмсаса, ар жағындағы он шақты мыңға киіне ме, коммуналдық шығындарын төлей ме, бала оқыта ма? Өзбекстанның жалақысы бізден де төмен. Бізде 88 доллар болса, оларда – 57 доллар. Дегенмен оларда азық-түлік арзан болғандықтан, өзбек халқы нан мен жұмыртқаны қазақтардан гөрі молырақ алады, – деп бір тоқтады Айбек Паяев. – Бай мемлекетпіз дейсіз. Бай болсақ, ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? – дедік сәл кідіргенін пайдаланып. – Сауал жолдағандағы мақсатым – осыны білу. Енді Үкіметтің жауабын күтеміз. Кейде халық зар жылағанда Қаржы министрлігі ақша жоқ деп аузын қу шөппен сүртеді. Ал ауқымды мегажобаларға ақша табылады. Ақша неге керек? Ақша халықтың әл-ауқатын арттыруға керек. Әкімдер жұрттың мұң-мұқтажына құлақ түрмейді, кері байланысқа шықпайды. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Бірақ жымқырылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер ай қарап отыр ма? Сөзден іске көшпесек, ертең қиын болады. Қазір Парламент қабырғасында отырмын. Қажет заңдарды талдап, қажетсіз заңдарды құртып, халықтың мүддесін қорғаймыз, – дейді депутат. Рейтинке қатысқан мемлекеттер ішінде Қазақстанда ғана жалақы азайыпты. Ең қызығы, жерінің үлкен бөлігінен айырылып, соғысты бастан кешкен Украинаның өзінде ең төменгі жалақы 27 пайыз ұлғайған. Одан кейін Түркия: өсім – 21,6 пайыз. Үштікті тұйықтайтын Албанияның жетістігі – 15,4 пайыз. Посткеңестік кеңістікте Ресейде – 5,5 пайыз, Беларусьте – 6,7 пайыз, Өзбекстанда – 7 пайыз. Бізде керісінше – минус 1,1 пайыз. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілейік деп бірнеше маманға қоңырау шалдық. Ешқайсысы жарытымды жауап қатпады. Бірінің басы ауырып жатыр, екіншісінің уақыты жоқ, үшінші, төртіншілері ойлануға мұрсат сұрайды. Ал экономист Меруерт Махмұтова ә дегеннен өзімізге тап берді. – Picodi.com сайты қайдағы жоқ бірдеңелерді жариялай салады. Сіздер неге тексермейсіздер? Анық-қанығын білмей, дабыра қыласыздар. Ол тауар бағасындағы жеңілдіктерді жарнамалайтын сайт қой. Зерттеумен айналыспайды. Жай бір сандырақтарды жазады. Былтыр да осындай рейтинг шығарған. Соған арнайы пост жазғанмын. Мынаны сайттар сан-саққа жүгіртіп, Facebook шулап жатыр. Қазақстан 54-орында тұр деген не әңгіме? Жер жүзінде 200-дей мемлекет бар. Басы жоқ, аяғы жоқ далбаса ғой, – деді сарапшы. Осы жерде оқырманға тағы бір ескерте кетейік, жаңағы зерттеуде ең төменгі айлық көрсеткішін бекіткен 56 ел ғана зерделенген. Бірқатар маманның пікірінше, ең төменгі жалақыны көтеруден қоғам да, мемлекет те ұтады. Өйткені ол бюджет шығындары мен қосымша шығыстарға қарамастан, бүкіл жалақының өсімін қамтамасыз етеді. Халықтың төлем қабілеті артады. Ақша шетке ағылмайды, азаматтар елде жұмыс істеп, тауар сатып алады. Осылайша, қаражат экономикаға, бизнеске қайта оралады. Айтпақшы, орташа жалақының да жайы мәз емес. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, орта және ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың 50 пайызы 142,3 мың теңгеден төмен айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Сарапшылар мұны әлеуметтік теңсіздікке балайды.