Дәріханадағы дау
Дәріханадағы дау
149
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы дәрілік заттарға жаңа шекті баға белгілеген бұйрығы күшіне енді. Бұйрыққа сәйкес, COVID-ке шалдыққан науқастарды емдеуге пайдаланылатын препараттардың 370 түрінің  шекті бағасы 30-40%-ға арзандауы тиіс. Бұл дәріхана бизнесімен айналысатындардың ашуын туғызды. Себебі олар бұған дейін сатып алып қойған препараттарын  30-40 пайыз төмен бағаға сатуға мәжбүр болмақ. Шын мәнінде, олар қоймадағы тауарын арзан бағаға сатуға құлықты емес.  Сондықтан   министр бұйрығының күшін жойсын немесе  жаңа талапқа көшу үшін уақыт берсін деген талап қойып отыр.   

COVID-ке қарсы дәрілер сөреден жоғалуы мүмкін бе?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кезекті Үкімет отырысында CОVID-19 індетіне шалдығу көрсеткіші наурыз айында тәулігіне 3-9 мың адамды құрайтынын болжады. Содан бері министрліктен маза кеткендей. Жаздағы ажиотаж қайталанбас үшін дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді де дереу қолға алғаны содан болса керек. Алайда жаңа бұйрық дәріханашылар көңілінен шықпады. Фармацевтика қызме­тін қолдау мен дамыту агенттігінің президенті Марина Дурмано­ва­ның айтуынша, қоймалардағы препараттың барлығы ескі баға­мен сатып алынған. Ол препарат­тарды министр бұйрығындағы жаңа бағада сату шығынға баты­рады. «Біз Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жазбаша өтінім жібердік. Мемлекеттік ор­гандардан өтпелі кезең сұраймыз, сол аралықта ескі бағадағы дәрі-дәрмектердің қалдығын өткізіп алар едік», – дейді ол. Фармацевтика өнімдері дис­трибьюторлары қауымдасты­ғы­ның жетекшісі Науан Жанғабылов та жаңа бұйрықпен жұмыс істеу үшін, өндірушілермен келіссөз жүргізу үшін уақыт керек дейді. «Өтпелі кезең бізге көмек­теседі, өйткені әлемдік сұраныс жағдайында барлық өндіруші дәрі-дәрмектерді арзан бағамен жеткізгісі келмейді. Белгіленген бағаға сәйкес жеткізушілер жұмыс істеуден бас тартқан жағдайда бірқатар дәрі-дәрмек сөреден жоғалуы әбден мүмкін» деген қаупін де жасырмады. Бұдан бөлек, дәріханашылар препараттардың қалдықтарын ескі бағамен сатқаны үшін айып­пұл сала ма деп алаңдайды. Өйт­кені былтыр жазда коронавирус қаһарына мінгенде дәрі-дәрмектің бағасы аспандап кетіп, халық шу шығарды. Үкімет дәріханаларға тексеру жүргізді. Кей дәрі-дәр­мектің бірнеше есе қымбатқа са­тыл­ғаны анықталды. Алматының өзінде 200-ге жуық дәріханаға айыппұл салынды. Сол оқиға қай­таланбауы үшін аралық кезең берілуі керек деген ұсыныс айты­лып отыр.

Бастамашы министрлік емес, агенттік болып шықты

Біз осы мәселеге байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарластық. Себебі бұй­рықты Денсаулық сақтау ми­­­нистрлігі бекіткенімен, КВИ-ді емдеуге пай­даланылатын дәрілік препа­рат­тарға шекті бағаны қалып­тастыруға осы агенттік бастамашы болған. Агенттік бұл өзгерістерге Мемлекет басшы­сының бірінші кезекте коронавирус инфекциясын емдеу үшін қолда­нылатын дәрілік заттардың бағасын төмендету ту­ралы тапсырмасынан кейін кі­рістік дейді. «Агенттік ковидке қарсы пре­параттардың қолжетімділігін қамта­масыз ету мақсатында бағаларға эко­номикалық талдау жүргізді. Эко­номикалық талдау жеткізушілердің дәрілік заттар құнына өзінің мар­кетинг шығыстарын (құнның 30%-ға жуығы) енгізуінің бұрынғы прак­тикасының, көтерме және бөлшек саудадағы расталмаған сауда үсте­мелерінің негізсіз екенін көрсетті. Дәл осы шығыстар Қағидалардың ерекше тәртібі шеңберінде ковидке қарсы препараттардың құнынан алынып тасталды, бұл дәрі-дәр­мектерді өндірушілерден немесе жеткізушілерден объективті баға бойынша сатып алу мүмкіндігін қам­тамасыз етеді», – дейді. дәріхана Агенттіктің 2020 жылғы 31 жел­тоқсанда Денсаулық сақтау министр­лігімен коронавирусқа қарсы пре­параттарға бекіткен шекті бағасына сәйкес, 96 препарат бойынша баға бөлшек саудада шекті бағадан төмен қолдануға байланысты өз деңгейінде қалды. Ал 232 препарат бойынша іс жүзіндегі бағаларды орта есеппен 27%-ға төмендету көзделді. Қысқасы, агенттік коронавирусқа қарсы пре­параттарды халыққа қолжетімді еттік деп отыр.

Бұл – науқастар құқын қорғайтын шешім

Бұл мәселеге қатысты пікір біл­дірген Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық саясат депар­таменті директорының міндетін атқарушы Ботагөз Сыздықова да министрлік қабылдаған шешім, ең алдымен азаматтарымыздың мүд­десін қорғауға, оларды дәріханадағы бағаның негізсіз өсуінен қорғауға бағытталғанын айтады. Соған қара­мастан әр нақты жағдайда, нақты сауда атауы және әр шекті баға үшін министрлік диалогке дайын екенін жеткізді. «Бұл шешім науқастардың құқын қорғау мақсатында қабылданды. Ко­ронавирус инфекциясының өршу кезеңінің жазғы кезеңінде дәрі­ханаларда дәрі-дәрмектер бағасының қымбаттау фактілері тіркелді. Тиісті тергеу жүргізіліп, әкімшілік шара қолданылды», – дейді. Оның айтуынша, шекті бағаны төмендету үшін маркетингтік шы­ғындар алынып тасталды, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда ба­ғалары да азайтылды. Шекті бағаны сақтау дәріхана ұйымдарынан ғана емес, бірінші кезекте өндірушілер мен дистрибьюторлардан да талап етіледі. Осы тұста коронавируспен ауыр­ған науқастарға тегін дәрі-дәрмек қарастырылғанын айта кетуіміз керек. Егер ауырып қалған жағдайда тіркелген емханаға жүгініп, дәрі­герден қажетті дәрі-дәрмектің тізі­мін алу керек. Дәрігер көбіне дене қызуын түсіретін дәрілерді жазып береді, ал қан қысымы жоғары, қант диабеті, демікпе сияқты созылмалы аурулары бар адамдар мен аяғы ауыр әйелдерге аурудың асқынуын те­жейтін басқа да дәрілер жазып бе­реді. Егер коро­навирус инфек­циясына бактериялық инфекция қосылса, пневмонияны емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен анти­биотиктер тегін беріледі. Нау­қастың жағдайы нашарлап кетсе, күндізгі стационарға жатқызу немесе стацио­нарлық ем қабылдау сияқты меди­циналық көмек түрі ұсынылады. «Бұл мақсатқа «СК-Фармация» ЖШС 44 тауардың қорын сатып алды. Бұл дәл қазір сатып алынатын және аймақтық қоймаларда, меди­циналық ұйымдарда бар анти­­био­тиктер, антикоагулянттар, сте­роидты емес гормондар. Көлемі жет­­кілікті. Сонымен қатар дәрі­ханалардағы дәрі-дәрмек қоры азайса немесе кейбір дәрі-дәрмек болмай қалса – аймақтарда жер­гілікті бюджет есе­бінен тұрақ­тандыру қоры құры­лады», – дейді Ботагөз Сыздықова.

Препараттар тізімі сараптамаға ұсынылған жоқ

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атышулы бұйрықты әзірлеу кезінде реттеушілік әсер талдауы жүргізілмегенін, ковидке қарсы пре­параттардың тізімі сараптамалық қорытынды жасау үшін палатаға ұсынылмағанын мәлімдеді. «Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сенсек, онда бізді «қа­һарлы» наурыз айы күтіп тұр, қа­зақстандықтар індеттің өршуі туралы хабарламадан кейін дәрілерді жаппай сатып ала бастайды. Осы ретте бізде нарық шағын екенін, бізге тиімсіз бағада препарат алып келуге ешкім құлшынбайтынын ескерген жөн. Біздің міндетіміз – тепе-теңдікті сақтау: дәрі-дәрмектің нарықтан жоғалып кетуіне жол бермеу, халықты өмірлік маңызды дәрі-дәрмексіз қалдырмау және баға мәселесін реттеу. Дәрі-дәрмектердің сөреде тұруын дәріханалар ғана қамтамасыз етпеуі керек. Халық ауруханалардағы заттарды дәріханалардан іздемеуі керек. Антибиотиктер мен гепа­риндер рецепт бойынша беріледі, демек олар тегін медициналық көмек аясында болуы керек», – дейді Палата басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева. Оның айтуынша, былтыр «Ата­мекен» палатасы IT-қоғам­дасты­ғымен бірге дәріханалар мен дис­трибьюторлардағы дәрі-дәрмектерді онлайн бақылау платформасын іске қосты. Ксарелто препаратына қа­тысты мәліметтерді зерттегеннен кейін, 2020 жылдың қазан айынан бастап қоймалардағы дәрі-дәрмектің күн сайын азаюы анықталған. Ал BAYER, Sanofi компаниялары жаңа бағаға байланысты ксарелто, клексан және фраксипарин препараттарын жеткізу көрсеткіші қазірдің өзінде төмендеп кеткенін ескертіп отыр. Дәл осы перпараттарды айдың-күннің аманында қолға түсіру оңай емес. Пандемия күшіне мінсе, қайтер екенбіз?..

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ