«Фанерасыз» ән қайда?!
«Фанерасыз» ән қайда?!
168
оқылды

Фонограммамен ғана ән айта алатын әншілердің кім екені енді ресми түрде ай­қын­далады. Мәдениет және спорт министрлігі тиісті құ­жатты жария етті. Мұндай ереже тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет қабылданбақ. Кеңес кезінде де болмаған. Ке­рісінше, ол заманда кон­церттерде, бұқаралық іс-ша­раларда алдын ала жазы­лып, тексерілген таспаны пайдалану ынталандырыл­ған деседі. Бұл халық ар­дақ­тайтын дарын иесі анти­советтік әлденені әнге қо­сып жібермеуі үшін қажет бо­лыпты. Ал қазір фоно­грам­маны шектеу не үшін қажет?

«Фанера» – ұйымдастырушылардың талабы

КСРО-да «Песня года» секілді көп «жұлдыз» жиятын концерт­терде әншілер ән айтпайтын, тек өз тректеріне құлақ қойып, аузын ашумен болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында эстрада «жансыз дауысты» жаңа деңгейге шығарды. Мысалы, бала кезімізде ересектермен бірге «Мираж» тобының концертіне бардық. Сол кездің өзінде осы атаумен ондаған ұжым өнер көрсететінін айтатын. Оның солистері көп болғанымен, дауысы біреу ғана екені кейін анықталды: опера әншісі болуды армандаған Маргарита Суханкина «Мираждың» әндерін орындап, таспаға түсіруге келіскен, ал өзі топтың мүшесі болудан бас тарт­қан. Оның сұрауымен дауыстың кімдікі екені айтылған жоқ. Н­ә­тижесінде, топтың орын­дау­шы­лары үнемі ауысқанымен, дауыс сол бұрынғыдай қалған. Қазір «фанерамен» айту еш­кімді де қайран қалдырмайды. Тек ақау туып, өшіп қалмаса бол­ғаны. Сондай өз әнінің сөзін де білмейтінін байқатқан орын­даушыларға қатысты видеожаз­балар интернетте қаптап жүр. КешYOU, RinGo, Ayumi се­кілді бойз және герлз-бендтердің негізін қалаушы, экс-продюсері Алуа Қонарова әртістер көрермен алдында «тірідей» өнер көрсетуі тиісті екенін айтады. «Әйтпесе, елес сияқты. Аузы-басын қисайтып сахнада өзі тұрады, бірақ дауысы жоқ. Көрерменді алдаған дұрыс емес. Барлық концерт пен қойылым жанды дауысқа құрылғаны жөн. Сонда ғана отандық өнер бәсекеге қабілетті болады, шыңдалады. Продюсер ретінде фонограм­мамен күресуге күш салдым. Әйткенмен, ұйымдастырушылар көбіне фонограмманы талап етеді. Жақсы аппаратурамен жаб­дықтағысы, таза дауыспен ән айтуға қажетті дыбыспен қамта­масыз еткісі келмейді. Содан жан­ды дауыс туралы райдерімізді орындай бермейтін. Бұл, әсіресе өңірлерге тән», – деді ол. Яғни, жанды дауыспен концерт бере алатын дарынды, қабілетті, күміс көмей әншілерден қазақ елі қазір де кенде емес. Тек онысы ұйым­дастырушыларға қызық емес.

«Плюс» – ұят, «минуске» – рұқсат

Мәдениет және спорт министрлігі фоно­граммаға тыйым салуға бармады. Өйт­кені экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, «бұл отандық эстраданың 70 пайызын өлтіріп тынады». Сондықтан ел Парламенті 2020 жылы «Мәдениет туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ұйым­дастырушыларды фонограмма қолданы­латыны туралы көрер­менге хабарлауға мін­деттеумен шектелді. Заң күшіне енгенімен, ондағы тетіктер іске қосылуы үшін министрлік деңгейінде заңды актілер қабылдануы керек. Осы орайда, Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­­құлованың тиісті бұйрығының жобасы енді ғана жарияланып отыр. Ол «Музыкалық туынды­ларды орындау кезінде фонограм­малардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидаларын бекіту туралы» деп аталады. Оған сәйкес, ойын-сауық, мәдени-бұқа­ралық іс-шараларды ұйымдастырушылар, сон­дай-ақ шығармашылық ұжымдар мен орын­даушылар көрерменге фонограмма қол­даны­латынын алдын ала хабарлауы шарт. Сонда тас­падағы тректі тыңдау үшін концертке бару-бармауды көрерменнің өзі шешеді. Бұрын ондай таңдау берілмейтін. Бірден айта кетелік, ұйымдастырушылар плюстік, яғни дауысы бар фонограмма пай­даланатыны жөнінде ғана көрерменді құлағдар етуі тиіс. Ал «минустік (минусовка) фоно­грамма туралы көрерменді хабардар ету мін­детті емес». Фонограмма туралы ескертетін ақпарат афишада, басқа да сыртқы, көрнекі жарнама нысандарында, көшеде таратылатын үнпарақ­та және өзге баспа өнімдерінде, билет кассасы жанындағы плакатта, БАҚ пен әлеуметтік желі­дегі хабарландыруда көрініс табуы шарт. Бұл ретте ұйымдастырушылар фонограмма деген сөз клиентті үркітеді деп санап, ол тура­лы ақпаратты оқылмайтындай ұсақ қаріп­пен теруі мүмкін. Министрлік бұған жол бермеудің жолын қарастырыпты: «мұндай ақпараттың көлемі ақпарат алаңының жалпы мөлшерінің кемінде 20%-ын құрауы тиіс және қазақ, орыс, ал қажет болған кезде басқа да тілдерде көр­сетіледі». Сондай-ақ осы ақпаратты артқы фонмен тұтасып кететіндей қаріппен беруге немесе ақпаратты қабылдауды төмендетудің өзге де тәсілдерін пайдалануға рұқсат етілмейді.

Үнсіз домбыра – деградация көрінісі

Концерттер туралы жарнама телеарна­лардан көп беріледі. Сол себепті қағидаларда осыған бөлек мән берілген. Атап айтқанда, радио, телеарналарда жарияланатын жарна­мада концерттік іс-шараның фонограммаға құры­латыны туралы хабарламаның ұзақтығы кемінде 5 секундты құрауы тиіс. Ұйымдастырушылар фонограмма сөзін жұрттың көбі естімейтіндей етіп айта салуы да ықтимал. Оған тосқауыл қою үшін құжатта аталған хабарламаның дыбыс деңгейі кон­цертті өткізу туралы жалпы хабарламаның дыбыс деңгейінен төмен, бәсең, ақырын болмауы керегін белгілейді. «Фонограмма пайдаланылатыны туралы дыбыстық хабарлау кезінде оны өзге дыбыс­тармен бұрмалауға және міндетті ақпараттың естілуін немесе ажыратылуын төмендетудің өзге де тәсілдерін қолдануға жол берілмейді» делін­ген министрдің бұйрығы жобасында. Егер жарнама-хабарландырудың жалпы ұзақтығы эфир уақытының 15 секундынан ас­пайтындай қысқа ғана болса, «фонограмма пай­даланылады» деп айта салуға рұқсат етіледі. Жалпы, фонограммаға қазір бірнеше елде – біздің көршілеріміз Қытайда, Әзер­байжанда, Өзбекстанда және Түрікмен­станда тыйым са­лынған. Әзербайжанда бұл шектеу сол кездегі ми­нистр, танымал әнші Полад Бюльбюль-оғлы­ның бастамасымен 2001 жылы енгізілді. Алайда онда Мәдениет министрлігіне тікелей бағына­тын мекемеде – Гейдар Алиев атындағы сарайда ғана жанды дауыспен ән шырқау талап етіледі. Басқасында міндетті емес. Түрікменстан осы қадамға 2005 жылы ата дәстүрін сақтау үшін барды. Президенттің жар­лығында солай делінген. Орталық Азия халық­тарында зор дауысы алты қырдың ас­тынан естілетін кең тынысты нағыз дарын­дар ғана ақын-әнші деп дәріптелген. Бұл елде әнші-актер­лерге концерттік залдар мен стадион­дарда да, сондай-ақ ірілі-ұсақ тойлар­да да тек жанды дауыспен ән айту жүктелген. Өзбекстанда 2015 жылдан бастап «Узбек­наво» эстрадалық бірлестігі шешім шығарып, жанды дауыспен ән айта алмайтын барлық әншіге лицензия беруді тоқтатты. «Узбекнаво» өкілі Әзізбек Турдиевтің айтуынша, Өзбек­станда вокалдық қызметпен және тиісті биз­неспен айналысқысы келетін тұлға осы бір­лестікке жүгініп, арнайы комиссия алдында ән шырқауы шарт. Сынақтан сүрінбей өтсе ғана лицензия алады. Оңтүстік көршіде ән­шілер мен орындаушылар жылына 1 рет кон­церт ұйым­дастыруға лицензия алады. Бұрын ол рұқсат­наманы алу үшін комиссияға орын­дайтын ән­дері жазылған дискіні жіберсе жеткілікті болатын. 2018 жылдың желтоқса­нынан бастап барлық мемлекеттік іс-шарада фонограммаға тыйым салынды. Өзге концерт­терде ұйымдас­тырушылардан әндердің ең кем дегенде 60%-ы жанды дауыспен орындалуы талап етіледі. Ең қатал заң Қытайда: онда фонограмма үшін әкімшілік жаза және айыппұл қарас­тырылған. Мұндай тыйым 2008 жылғы олим­­пиададан кейін енгізілді, себебі салтанат­ты га­ла-концертте жаһан жұртшы­лығы ал­­дында сахнаға әнші қыз орнына басқа бойжет­кен шы­­ғып, соның әніне аузын жыбыр­латқан. Бұл бар істе үлгілі болуды қалайтын қытай режи­мін мазақтау ретінде қабылданды. The Daily Telegraph де­регінше, 2009 жылғы қыркүйекте алғашқы жа­заланғандар пайда болды: жас поп-әнші қыздар Фэн Цзиюань мен Йин Юканьге Ченгду қала­сындағы концертте фонограммамен ән айтқаны үшін 50 мың юань (шамамен 7 мың доллар) айыппұл салынды. Олар тіпті солист емес, бэк-вокалда ән айтқан. Бірақ мәдениет департа­менті­нің жауапты қызметкерлері олар­дың микрофон­дары сөндірулі тұрғанын және олар­дан ешқандай сигнал тарамағанын байқап қалған. Айтпақшы, шығыс көршіде динамиктен төгілген әуен-мелодияға елтіп, музыкалық аспапта өтірік ойнауға да қатаң тыйым салын­ған. Ал бізде тартпаса да, сахнаға домбыра алып шығатын «халтурщиктер» көп.

АйханАйхан ШӘРІП