Сыйлық тұр, сияпат жоқ
Сыйлық тұр, сияпат жоқ
168
оқылды

«Ұлы дала зары» – ашар­шылық туралы түсірілген фильм. Фильмді түсіру үшін 5 жыл қаржы жинаған. Тіпті, басында кей кәсіпкерлер қар­жы беруге де қорыққан. Соңын­да крауд­фандинг тәсілі арқылы елден ақша жинаған. Бір жылда 500 мың теңге тү­сіпті. Продюсер осы фильм үшін меншігіндегі мүлкінің біразын сатып, қарызға кір­ген. Таныстары қолындағы барын беріп, бірі сту­диясын ұсынса, екіншісі де­ректер тауып беруге тырысқан. Со­ның арқасында «Ұлы дала зары» өмірге келді.

Қариялардың батасы мың «Оскардан» артық

Қазақстандық кинотуынды «Ос­кар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» но­минациясына ұсынылған. Фильмнің режиссері – Марина Қонарова. Сол кезде «Қазақстанның киногерлер одағы» АҚШ-тағы «Оскар» комитетіне біз жақтан осы кинотуындымызды ұсынды. Біз АҚШ-қа фильмді жолдадық. «Ос­кар» сыйлығы коми­тетінің шешімі­мен қазақстандық фильм­ді қабылда­ғаны туралы хаттама шығарды» деген еді продюсер Ернар Мәліков. «Оскар» сыйлығына ұсынумен мәселе бітпейді. Әуелі фильмнің мықты жарнамасы болуы қажет. Ал насихат үшін аз қаржы кетпейді. Ал ол қаржыны табу мүмкін бе? Бұл сауалымызды продюсер Ернар Мә­ліковке қойдық. – Қазір start-time.kz-те 250 мың тең­гедей ақша жиналды. Жеке та­ныстарымнан да алып жатырмын. Әзір­ге 500 мың тең­гедей бар. Одан кейін біздің Америка елшілігіндегі жігіттер Қазақстанға қоңырау ша­лып, бұл жақтағылар 3 000 доллардай ақша жинап берді. Бізге оның өзі де көмек. Бірақ енді «Оскарға» ілге­рілету деген біршама қаржыны қажет етеді. Америкада ешкім ақысыз еш­теңе істеп бермейді. Hollywood Reporter, LA Times сияқты беделді ба­сы­лымдарға аты мәшһүр публи­цис­тер мақала жазуы үшін 10 мыңнан 30 мың долларға дейін сұрайды. Қазір мен оларға бар жағдайды жа­сырмай айтып отырмын. Алайда америка­лықтар көзің мен сөзіңнің әдемі болғаны үшін қызмет көр­сетпейді. – Ақша тапты делік. «Оскардың» өтуіне аз уақыт қалды. Жарнама жа­сап, насихаттап үлгереміз бе? – Сыйлықтың берілуіне аз уақыт қалды. Шынын айту керек, ақша берейін деп жатқан да ешкім жоқ. Осыдан екі ай бұрын Мем­лекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев менің көзімше, министрге тапсырма берген еді. Бірақ министрлік тарапынан қолдау болған жоқ. Ұлттық киноны қолдау мемле­кеттік орталығына «қарастырылсын» деген бір ғана хат жіберген кезде мұндай қиын­дықтар тумас еді. Өкінішке қарай, ондай қолдау болмады. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы мем­лекеттік мекеме болған­дықтан, олар өз бе­тінше ше­шім шығара алмайды. Ал «Ұлы дала зары» ашар­шылық туралы фильм емес пе? Ашаршылық – ұлт­тың трагедиясы. Әрине, өз басым ми­нистрлікті кемсітейін не болмаса өкпе артайын деген жайым жоқ. БАҚ-тан журналистер хабарласып, «Оскар» сый­лығы туралы сұрап жатқаннан кейін мәселенің мән-жайын баяндап отырмын. – Жалпы, насихат дұрыс жүрсе, фильм­нің «Оскар» алуға үміті бар ма? – Насихат жұмыстарына көп­шілік та­рапынан қолдау өте көп. Біреулер 200 теңге, біреулер 500 тең­гесін жіберіп жатыр. Тіпті, зей­нет­ақысын аударған қа­риялар бар. Ұлттың қасіретін бейнелейтін фильм бол­ғандықтан, жанашырлық таны­тып отыр деп ойлаймын. Ашаршы­лықтан қы­рылған әр қазақтың көр­ген зобалаңын, тарт­қан тау­қыметін фильм арқылы, де­ректі фильм­дер арқылы көрсете беруіміз ке­рек. Ұлттың басынан өткен қасіретті ұрпақ білуі тиіс. Дәл осындай фильм­ге ми­нистрлік тара­пынан қолдау бол­ма­ғаны – өте өкі­нішті. Бұл фильм наси­хаты жақсы болса, сыйлық алуға мүмкіндігі бар еді. «Оскар» алсақ та, алмасақ та, бұл фильм­­нің орны бө­лек» деген пікірлер естіп жа­тырмын. Бір апа телефон соғып, «үш зей­­нетақымды бере­мін» дейді. Осын­дай үлкен қариялар­дың ха­барласып, батасын беріп жатқаны мың «Ос­­­кардан» да артық дер едім. Биыл сая­си қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау ісі бойын­ша арнайы мемле­­кеттік комиссия құрылды. Бұл – үлкен же­тістік. Бірақ біз мұнымен тоқ­тамаймыз. 1921-22 жылдары өтетін барлық байқауға фильмді қа­тыс­тырамыз. Жұмыс жүр­гізіле береді.

Фильмді ілгерілетуге мақсатты қаражат қарастырылмаған

«Ұлы дала зары» фильмінің про­дюсері осылай дейді. Ал Мәдениет және спорт министрлігіне хабар­ласып, не себепті қолдау болмай отырғанын сұрағанымызда, мынадай жауап алдық. Онда: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Е.Мәліковтің «Ұлы дала зары» фильмін ілгерілетуге қаржылай қолдау көрсету туралы өтініші бойынша келесіні хабар­лайды. 2019 жылдың 3 қаңтарында «Кинематография туралы» Қазақ­­стан Республикасының заңы қа­­былданып, ми­нистрліктің кино өне­рі саласындағы сая­саты тұжы­рымдамалық негізде өзгерді. Аталған заң талаптарына сәйкес, бі­рың­ғай оператор ретінде құрылған Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы ұлттық филь­м­дердің өндірісі қар­жыландырылады. Бұл ретте бәсекеге қабілетті ки­ноөнім шығару және мемлекеттік қаржы­лан­ды­рудың ашықтығын қам­тамасыз ету мақ­сатында киножо­баларды іріктеу бір­неше кезеңнен тұратын ашық кон­курстар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге қолданыстағы заң­намаға сәйкес, мемлекет тарап­ы­нан ки­но­жобалар толық 100% және жеке ки­но­ком­паниялармен бірлес­кен жобалар ішінара қаржыландыру мүмкіндігі бар. Алайда Е.Мәліковтің «Ұлы дала зары» кинокартинасының өндірісі 100% мем­лекеттік бюджеттен тыс қаражат есебі­нен түсірілгенін ескере отырып, оның ілгері­летілуіне мақ­сатты қаражат қарасты­рыл­мағанын айта кеткен жөн. Осы орайда, аталған фильмді қаржы­ландыру қолданыстағы заң­намаға қайшы келеді. Өкінішке қарай, республикалық бюджеттен «А» санатындағы халық­ара­лық кино­фестивальдарға қазақ­стан­дық фильм­­­­­дерді қатыстыру және шетелде қа­зақстан­дық кино күндерін өткізу бағдар­ламалары ая­сында жыл сайын бөлі­нетін қаражат, осы жылдың бюджетін қалып­тастыру кезінде коро­навирус індетіне байланысты қолдау таппады. Осылардың не­гізінде «Ұлы дала зары» фильмін және басқа да жеке меншік қара­жат есебінен шығарылған фильм­дерді, министрлік тарапынан қолдаудың мүм­кіндігі шек­теулі» делінген. Демек, «Ұлы дала зары» фильміне тек көпшілік тарапынан ғана қолдау жасауға мүмкіндік бар. Ал «Ос­кар­дың» өтуіне са­наулы уақыт қалды. «Ұлы дала зары» фильмін осынау аз уақыт ішінде жарна­малап үлгере ме? Осындай сәтте «Мемле­кетке қол созбай-ақ қойыңдар. Мен-ақ қол­­дайын» дейтін кәсіпкер табыла кетсе, қанеки?! Әттең-ай дерсің... Мемлекеттің мүддесін қолдайтын аза­маттар қандай күшті кино түсірсе де, оны мемлекет қолдамайтын заңдылық бізден басқа қай елде бар екен?!

Айым БЕКТҰР