Жуырда Қазақстанда жаңа Үкімет жасақталған болатын. Мәжіліске Nur Otan партиясы атынан 76 кандидат өтті. Оның ішінде саясаттанушы Айдос Сарым да бар. Жаңа қызметіне кіріскен депутат алда үлкен жұмыс күтіп тұрғанын айтты деп хабарлайды Aikyn.kz. Айдос Сарым осы уақытқа дейін еліміздегі өзекті мәселелерге үн қосып келгені белгілі. Мысалы, жемқорлық, партиялық жүйе, мемлекеттік қызметкерлер санын азайту және т.б. Ресей Думасының депутаттары «Ресей Қазақстанға жер сыйлаған» деп айды аспанға бір-ақ шығарғанда ең бірінші болып баға беріп, пікір білдірген Айдос Сарым болды. РФ Мемлекеттік Думасы мен «Единая Россия» партиясы Никоновтың айтқан сөздері үшін көпшілік алдында кешірім сұрауы керек деді. Ендігі міндет – депутат ретінде қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуға талпыну.
«Қазір көп уақыт ережені, заңды оқуға кетіп жатыр. Жағдайды түсініп қалған сияқтымыз. Үздік сенім кеңесі деген үлкен ұйым бар. Соның аясында өткен жылдан бері келе жатқан 6-7 заң бар. Соларды аяғына дейін жеткізу керек. Жақында Ұлттық сенім кеңесінің үлкен отырысы өтеді. Ол жерде Мемлекет басшысы үлкен тақырыпты көтереді. Сол заңдардың бәрін депутаттар арасында, қоғамның ішінде насихаттап, түсіндіру керек. Кешегі отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға айналмайтындай дәрежеде үгіт-насихатын жүргізу керек. Сарапшыларды тарта отырып, осы заңдарды негіздеп алып шығу керек болады. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес қазір жұмысын аяқтап қалды. Қазақстанның салық, әлеуметтік, экономикалық, бизнес, кәсіпкерлікке көмек салаларында жұмысты жеңілдету бойынша өзгерістер топтамасын дайындап жатыр. Ел экономикасын жаңа нарыққа, жаңа қарқынға бейімдейтін құжаттар деп есептеймін. Осының аясында бізді үлкен жұмыс күтіп тұр», – дейді Айдос Сарым.Жаңадан сайланған Мәжіліс депутаты цифрлық жүйеге мән беру қажет деп есептейді. Соның бір мысалы – азаматтық карточка. Қазақстан азаматы өзі туралы мәліметті растау үшін жан-жаққа жүгірмеуі керек, адамға қатысты бүкіл ақпарат бір жерде тұруы тиіс. Бұл – баршаға тиімді жүйе. Қазақстанда екі маңызды құжат бар десек, оның бірі жер мәселесіне қатысты, екіншісі – әлеуметтік кодекс. Мәжіліс депутаты осының аясында атқарылар маңызды істер туралы айтты.
«Жер мәселесінде өздеріңіз білесіздер, сәуір айында мораторийдің уақыты аяқталады. Оған дейін Қазақстан жер туралы ұстанымдарын нақты айқындап, қазақтың игілігіне жұмыс істейтін ұзақмерзімді тәртібін анықтау керек, біріншіден. Екіншіден әлеуметтік кодекс дегеніміз – мемлекеттің, әрбір азаматтың қоғамның алдындағы ұзақмерзімді міндеттемелерін айқындайтын құжат болуы тиіс. Бізде 17 мың әлеуметтік қызметкер бар. Үлкен кісілерге, зағип жандарға т.б. көмектесетін. Олардың санын арттыруымыз қажет. Әлеуметтік қызметкерлер кез келген адамға медициналық көмек көрсете алатындай болуы керек. Кәсіби дәрежесі бар білікті мамандар қажет. Дамыған елдерде мемлекеттік қызметкер емес, әлеуметтік қызметкерлердің саны көп. Олардың статусын бекіту керек. Мұндай қызметке бару – азаматтық борыш, волонтерлік, патриоттық сезім ғана емес. Әлеуметтік қызметкерлер осы жолда тұрақты еңбек ететін, қоғамның ішінде сыйлы, құрметті азаматтарға айналуы керек», – дейді ол.Айдос Сарым 1975 жылы 10 қыркүйекте дүниеге келген. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Мұрағаттар мен құжаттамалар бас басқармасының бас инспекторы, кеңесшісі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, Атырау облысы Ішкі саясат департаментінің директоры, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, «Ақ жол» партиясының баспасөз хатшысы, кеңесшісі, «Нағыз Ақ жол» партиясы тең төрағасының кеңесшісі, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған.