Шымкент атшабары үшін арпалыс тоқтар емес
Шымкент атшабары үшін арпалыс тоқтар емес
215
оқылды

Шымкентте үлкен шу. Иппо­дром жыры. Мәселе ушығып тұр. Қоғам белсенділері екіге жарылған. Шымкент қа­ласының әкімі Мұрат Әйте­нов­тің бас­тамасын қолдау­шы­лар көп, оған қарсылар да аз емес.

Бұл тақырып былтыр та­мызда басталған.  Мегаполис­тегі Асанбай Асқаров салып кеткен дендропарк, зообақ, ип­подром аймағы қазір қалталы­лардың көзіне түсе баста­ды. Бұдан бөлек, об­лыс әкімі қыз­метін ат­қарған кезінде Ас­қар Мыр­зах­метов сол маңайдағы қарау­сыз жатқан «Тұлпар» көлін жайнаған «Жай­лау­көлге» айналдырып, қасына «Нау­рыз» алаңын орнатып, керемет де­малыс аймағына айналдырған. Демек, қа­зір  бұл – аймақ  қаланың тар ауа­сынан қысылған тұрғындар үшін кең тыныс алатын, балаларын се­руен­дететін бірден-бір жай­лы орын. Алайда шым­кенттіктерді екіге жарған мәселе де осы төңірек­те өрбуде. Елімізге танымал BI-Group құрылыс ком­паниясы ипподром орнына 6 000 пәтерлік екі тұр­ғын үй кешенін, 1 200 орын­дық мектеп, емхана, оңалту орталығы мен балалар бақшасы және спорт алаң­шасын, субұрқақ салмақшы. Жалпы, BI-Group қалаға алдағы 5 жылда 132 млрд теңге (тағы бір есебінде 200 млрд деп көрсеткен) инвестиция әкеледі екен. 2021-2026 жылдары жүретін құрылыс жұ­мыс­тарына 4 000 жұмысшы тар­тылмақ. Есесіне қала шетіндегі ар­найы бөлінген 24 гектар жерге заманауи стандартқа сай ипподром салып бермек. Бұл туралы ком­пания бас­шы­лығы жуырда Шым­кент қаласындағы бірқатар зиялы қауым өкілдері мен бел­сенділерді, әсіресе осы құрылысты жақ­тайтын әкімдіктің айналасындағы қоғам жанашырларын жинап, таныс­тырылым өткізгенде атап өтті. Жиынға қала әкімінің осы сала­ға жа­уапты орынбасары Мәулен Айтманбетов те қатысты. Қала әкімінің баспасөз хатшы­сының мәлімдеуінше, бұл – талқылау емес, тек құрылыс компаниясы ұйымдас­тырған таныстырылым. Енді қала тұрғындарының пікірі тыңдалып, 20 күндей сауалнама жүргізілмек. Алай­да бұл таныс­тырылым көп­шіліктің ашу-ызасын одан сайын  өршітті. Ипподромның орнына салына­тын құрылысқа алаңдау­шылық білдір­гендердің жанайқайы бұрынғыдан да өрши түсті. Қар­сыластардың қатарында желі бел­сенділерінен бөлек, та­биғат жана­шыр­лары  мен жур­налистер, тіпті қалаға жыл­дар бойы еңбегі сіңген сәулетшілер де бар.   Бәрінен бұрын сәу­лет­шілердің пікірі ес­керіл­мегені, оларды бұл мәселеден ысырып тастағаны жандарына батады. Жалпы, наразы топ иппо­дром­ның көшірілуіне қарсы емес, тек ол орынға  демалыс аймағы са­лынуы тиіс дейді. Одан бөлек, Асан­бай Асқаровтың аруағын қор­лағандық деп есептейді. Ал жақтастар «жылқының тезегі ай­наланы бүлдіреді», – деді, тағы бірі «ат­қора» десе, тіпті біреу­лері «де­малыс орны жасыл желек дей­сіңдер, өз үйлеріңнің алдына гүл екпейсіңдер» деп жақтау­шылардың одан сайын ашуына тиіп жатыр.  Тағы бір желі белсендісі келешек ұр­паққа ұялмайтындай дүние қал­ды­рар болсақ, қаланың қақ орта­сындағы «Зеленая балка» атанып кеткен, сонау 20-30 жылдары 3-4 сотық жерге салынып, бүгінде бірінің үстіне бірі іркесіп-тіркесіп отырған үйлерді бұзып, көпқабатты үйді сол маңайға салуды ұсынып жатыр. «Проблемалы жер­ге көңіл бө­лінсе, қаланы дамы­тудың мәсе­лесі де шешілмек», – дейді ол. Әлеуметтік желіде бұл мәселе  қызу талқыға ұласқандықтан, әкім­дікті жақтау­шы  енді зиялы қауым өкілдерінің бір тобы да қолдау шара­ларына араласты. Соның бірі  тарихшы, өлкетанушы Өмір Шы­ны­бекұлы салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұр­ғыдан да, физи­калық тұрғыдан да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отырғанын ай­тады.  «Еліміздегі аса ірі BI Group құ­рылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса, беру керек. BI Group салады деген үйлерге жұмысшылар қажет екені белгілі. Бүгін үйлердің салынуына қарсы бо­лып отырған біраз азамат келесі жылы сол құрылыста жұмыс істеп жүрсе, таң­ғалмаймын. Қалай бол­ғанда да, қаламызға келгелі тұрған 135 млрд теңге инвестиция­дан айырып қалу үлкен қателік болар еді», – дейді тарихшы. Ал ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жас­өспірімдердің мамандан­дырыл­ған спорт мектебінің дирек­торы Ғани Ахметбаев атшабардың әбден ескір­генін, Ұлттық спортқа жана­шыр көрермен бәйгені көруге кел­генде бір-бірінің көлеңкесіне, панасына тығылып отырып көре­тінін тілге тиек етіпті. «Әу баста карьердің үстіне салынған атшабар болғандықтан, қазіргі орны 8 метр төменде, желдің өтінен аласа жа­тыр. Ал самал соқпай, ауа алмас­пай тұрған соң ат қиналады. Жасы­ратыны жоқ, ескі иппо­дром заман талабына сай қызмет көрсете ал­майды» деп ипподромның көшуін қол­дапты. Алайда бүгінде бұл мә­селеде дау шы­ғарып отырған топ жоғарыда атап өт­кен­дей, иппо­дромның көшуіне қарсы емес. Ең бастысы, үй салынбаса болғаны. Ал қолдаушылар тартылатын ин­вес­тицияға көбірек көңіл бөліп,  ол жағына аса мән бермей отыр. Біз  Шымкент қаласының сәулеті мен келбетіне жанашыр, әрбір қазылған қазыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын сәулетшілердің ойын білген едік. Асқар Асқар МАМЫРБАЕВ, Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның құрметті сәулетшісі: – Бұл тақырып қоз­ғалған кезде-ақ қа­уым­дастықтағы сәулетшілер тү­гел қарсы­лығымызды білдір­генбіз. Қателеспесем, 2020 жылдың 4 қыр­күйегінде. BI Group ком­паниясы  та­ныстырылым жасады. Ертесіне-ақ Facebook парақшасына сәу­летшілер атынан әкім­ге қарсы­лығымызды білдіріп, ашық­ хат жолдадық. Сол кезде бұл жайт  қызу тал­қыға түс­кен еді. Жуырда қайта қолға алынды. Жалпы, бұл құрылыс бас жоспарға сай емес. Ол аймақ жасыл желекті, адам­дардың демалыс ор­нына белгіленген. Яғни, саябақтар ау­мағы. Ол жерге тұрғын үй салуға болмайды. Алайда әкім­діктегілер қала­ның бас жоспарын ауыстыру үшін қомақты қаржы бөліп, халық­аралық кон­курс жариялады. Келіп түс­кен 5-6 жұмыс­тың біреуі іріктеу­ден өтті. Комиссия құрамында мен де болдым. Бұл жерде олар қулыққа басты, әлгі ипподром тұрған жерге қызыл түспен екі тұрғын үй кеше­нін бел­гілеп қойыпты. Бірден қарсылық біл­діріп, комиссиядағы Шымкентте бас сәулетші болған  4 адам наразылық таныттық. Алайда біз­ден бөлек 15 шақты мүше қол­дап, қол қойды. Біздің айт­қаны­мызды ешкім елеген жоқ. Бүгінде осы мәселе төңірегінде әкімдіктің айналасында жиындар өтеді. Бірде-біреуіне сәулетшілер шақырылмай­ды.  Қазір келіспеушілік болып жатыр, қалай немен бітсе де, біз өз пікірімізден айнымаймыз. Бірін­шіден, бас жоспарды бұзып отыр, ол жерге қоғамдық орындар, үй са­лу­ға болмайтынын ескермей отыр. Одан бөлек, қорғалған ау­маққа шектен тыс жақындап кетуге болмайтынын, болашақ тұрғындар­дың өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызып отырғанын ескермейді. Құрылыс талаптары бойынша әрбір тұрғында 12 шаршы метрден жасыл желек болуы тиіс. Ал Шым­кентте оның көлемі талаптың 10-нан біріне жет­пейді. Осыны біле тұра, демалыс аймағын та­рылтып отыр. Одан соң бір көшенің бойында шектен тыс ғимаратты көбейтіп шоғырландыру арқылы көлік коллапсын туғызады. Медициналық тілмен айтқанда, тромб. Жалпы, әкімдік тарапынан мұндай шараларға мамандар ша­қырылмайтын болды. Өздері бекіте береді. Бақытжан Бақытжан ӘШІРБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші: – Қазір сәулетшілермен ке­ңесетін адам қалмады ғой. Мысалы, сіз ауырып қал­са­ңыз, дәрігер алды­мен толық талдама­ларыңызды алып зерттейді, сосын барып емге кірісе­ді ғой. Ал бізде Сәулет басқар­масын жауып тастап,  Жер коми­тетіне қосып жіберген. Шымкент қаласының әкімдігіне сәулет ма­мандары қажет емес. Демек, ма­мандардың пікіріне мұқтаждық жоқ деген сөз. Міне, ең үлкен мә­селе де осында. Қазір  ипподром жыры өзекті болып тұр.  Бұл мә­селеде BI Group компаниясы қыз­меткерлерінің кінәсі жоқ. Оларға дұрыстап түсіндіріп, қаланың тағы басқа қандай жерінен қалашық са­луға болатынын ешкім айтпаған деп ойлаймын. Кезінде олармен бір­ге жұмыс істедім. Мәселелерін ше­шуге ықпал еттім. Қазір маман­дар­мен ақылдаспайды, зиялы қа­уым өкілдерін жинап, соларды ұран­датып қояды. Олар бұл саладан не біледі? Жуырда мен компания жігіттерімен сөйлестім. Шымкент­тегі үй салуға болатын 2-3 жерді ұсын­дым. Ешкімге зиянын ти­гіз­бей­тін, керісінше көпшіліктің ал­ғы­сын алатын жерлерді көрсеттім. Қуанып, басшылығы­мен ақыл­дасуға кетті. Шымкентте 117 мың гектар жердің жартысы бос жатыр. Қала­шық салатын, нағыз орталық дей­тін аймақтар да көп. Жалпы, әкім­шілікте маркетинг жоқ дер едім. Әр келген әкімнің алдында екі кітап болуы керек. Біріншісі –Құ­ран немесе Конституция, екін­шісі – қаланың бас жоспары. Қала әкімдері сол бас жоспарды бір қарап шықса, бәрі анық жазылып тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы