COVID-19: вакцина салдырасыз ба?
COVID-19: вакцина салдырасыз ба?
155
оқылды

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус індетіне қарсы жалпы вакцинация басталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, екпе үш кезеңде жүргізілмек. «Спутник V»  вакцинасы ең бірінші дәрігерлерге салынатын болса, одан кейін білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне, ал үшінші кезең студенттер мен оқушыларды қамтымақ. Осылайша, министрлік жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, вакцинация ерікті түрде де жүргізілуде. Бүгінде Жамбыл облысында 1 000 адам екпе салдырып үлгерген. Алайда ел арасында вакцинацияға қатысты үрей мен үміт қатар жүруде. Біреулер екпе алған дұрыс десе, енді бірі вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Осы орайда, тараптарды тыңдап көрген едік.

«Індетті жеңетін бірден-бір жол – вакцинация»

«Қазфосфат» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өңірге жақсы вакцина келсе, бірінші болып сал­дыратынын айтады. – Вакцинадан басқа қазір ке­сел­мен күресудің жолы жоқ. Сон­дықтан облысқа жақсы вакцина келіп жатса, міндетті түрде сал­дырамын. Бұқаралық ақпарат құрал­дарынан естіп жатқанымыз Ресей, АҚШ, Израиль мемлекеттері вакцина жасаумен мықтап ай­налысып жатыр. Ал отандық вак­цина туралы әзірге толыққанды ақ­парат жоқ. Десе де, менің екпе егуге көзқарасым дұрыс. Мен басқарып отырған «Қаз­фосфат» ЖШС-нің 20 қызметкері ерікті түрде вакцина салдырды. Олардың жағдайы жақсы. Дәрігер­лерден бөлек, өзіміз де ден­саулықтарын бақылап отырмыз. Барлығы толықтай жұмыста жүр. Ал коронавирусқа қарсы вак­ци­наның кері әсеріне келер болсақ, Ресей мемлекетінде адамдар екпеден кейін ауырып жатқанын  естідім. Алайда қарапайым тұмауға қарсы екпенің өзі әркімнің ден­саулығына әртүрлі әсер етеді  ғой. Түптеп келгенде бір адамның алма­ға аллергиясы болуы мүмкін. Яғни, әркімнің денсаулығы әрқалай. Сондықтан мен 1 миллион адам вакцина салдырып, соның үш-төртеуінде теріс  әсері байқалса, бұл қалыпты құбылыс деп есептей­мін. Өздеріңіз бағамдап қарасаңыз­дар, біз үнемі үреймен өмір сүре алмаймыз ғой. Немесе қашанғы бетперде киіп, сақтық шараларын сақтап жүреміз? Сондықтан қазір індетті жеңетін бірден-бір жол вакцинация деп ойлаймын, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

«200 мың теңгені неге бірден бермейді?»

Екпе салдырған еріктінің бірі – Айбек Қадірәлиев. Ол вак­цинацияға азаматтық ұстаныммен барғанын айтады. – Мені екпе сал деп ешкім қина­ған жоқ. Өзімнің денсаулығым үшін және  азаматтық міндетім деп қабылдап, вакцина салдырдым. №1 қалалық емханаға барып, ең әуелі денсаулығымды тексерттім. 6-7 сынама тапсырып, одан кейін ан­кета толтырдым. Барлығы авто­матты түрде жүргізілгендіктен, сы­намамның қорытындысы тез-ақ шықты. Ал вакцина салғаннан кейін өзіме жеке дәрігерді белгілеп, 10 күн бақылауда болатынымды айтты. Сонымен қатар 22 күн күн­делік жүргізетін болдым. Қазір күнделікті жағдайымды күнделікке жазып, одан бөлек дәрігер тәулік бойы денсаулығымды бақылап отыр. 22 күннен кейін күнделігімді апарып өткізіп, тағы бір екпе са­лынатыны ай­тылды. Оны енді сол сәтте көрер­міз. Қазір жағдайым қалыпты. Ек­пе­нің ешқандай кері  әсері бай­қалған жоқ. Бір айта кетерлігі, сынақ үшін ерікті түрде екпе салдырғандарға 200 мың теңгеден берілетіні айтылды. Бірақ оны бірден ала алмайтынымыз қызық болып тұр. Яғни, екпе сал­дыр­ғаннан кейін 42 күн өткенде 50 мың теңге береді, одан кейінгі 50 мыңды 90 күннен кейін, ал қал­ғанын 180 күн өткенде қолымызға ұстатады. Неге осы қаржыны бірден бер­меске? Маған осы жағы түсініксіз. Өзім вакцинацияға қаржы мұқ­таждығынан барған жоқпын. Бірақ сол 200 мың теңгені аламын деу­шілердің қатары қалың. Егер осы соманы бірден беретін болса, вакцина салдыратындардың  саны көбейер  еді деп ойлаймын, – дейді Айбек.

«Вакцинаны жүз пайыз салдыруға дайынбыз»

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Спутник V»  вакцинасы ең бірінші кезеңде  ақ халатты абзал жандарға салынады. Осы орайда, облыстық Қан орталығының директоры Гулам Умаровтан вакцинацияға дайындық барысын білген едік. – Вакцинацияға қызметкер­леріміз­бен 100 пайыз дайын отырмыз. Қажетті тексерістің бәрі­нен өттік. Енді облыстық  Денсау­лық сақтау басқармасы кезегімізді белгілеп берсе, сол бойынша екпе салдыру жұмыстарын жүргіземіз. Негізі, біздің жұмыс адамның қаны­мен байланысты болғандық­тан, онсыз да мамандарымыз жыл­да түрлі вакцина салдырады. Сон­дықтан бойымызда ешқандай қор­қыныш жоқ. Барлық қызметкер ерікті түрде келісіп отыр, – дейді Г.Умаров.

«Ақша төлесе, халықтың  үрейі еселенеді»

Ақын, сазгер Үміт Битенова Үкіметтің вакцина салдыр­ғандарға ақша төлегеніне түбе­гейлі қарсы. – Егер ерікті түрде вакцина салдырғандарға Үкімет ақша төлесе, бұл халықтың үрейін еселей түседі. Вакцинаға деген сенімсіздік туады. Одан бөлек, ақша жүрген жерде сынақ пен санақ та қатар жүретіні белгілі. Яғни, адамдар өздерін сынақ алаңында жүргендей сезінеді. Түптеп келгенде 200 мың теңге бергендіктен, әркім мұның артында есеп тұрғанын түсініп отыр. Сондықтан егер мемлекет вак­цинаға жүз пайыз сенімді болса, ақша төлеуді тоқтатқаны дұрыс. Сон­дай-ақ коронавирусқа тестен өту де тегін болуы керек. Сонда ғана халықтың Үкі­метке, вакцинаға деген сенімі оя­на­ды. Әйтпесе, өз-өзімізді зерт­ханадағы тышқандай сезінетініміз анық, – дейді Би­тенова .

«Қазіргі вакцинаны салдыру – асығыстық»

Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Ләззат Байболатова дәл қазіргі вакцинаны салдыру асығыс­тық екенін айтады. – Қазіргі вакцинаға қатысты ел арасында түрлі әңгіме айтылып жүр. Алыс-жақын шет мемлекет­тердегі жағдайды да теледидардан көріп отырмыз. Сондықтан толық сынамадан өтіп, 100 пайыздық дә­лелі­не жетпеген вакцинаны сал­дыру асығыстық деп ойлаймын. Бір жыл бойы Үкімет сақтық шараларын күшейтіп, бәрімізді үйде ұстап келді. Соның арқасында өзге елдерге қарағанда біздегі жағ­дай қалыпты болды. Енді қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдайды ғой. Тағы жырты жыл дей ме, әлде бір жыл ма, үйде отырып, сақтануға дайынбыз. Тек бізге то­лық сынамадан өтіп, 100 пайыздық дәлеліне жеткен вакцина ұсынса болғаны. Одан бөлек, өзіміздің отандық вакцина болса, сеніміміз артар еді. Сондықтан қазір әліптің артын бағып, сәл күте тұру керек деп есептеймін, – дейді қала тұр­ғыны.

P.S.

Міне, халықтың пікірі осындай. Біреулер вакцинаны ерікті түрде салдырғанын айтса, екіншілер екпеге ақша төленгеніне күмәнмен қарап отыр. Ал үшінші жақ вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Біздікі – бұқараның үнін жеткізу. Ал кімдікі дұрыс, әлде бұрыс екенін көзі қарақты оқырман қауым өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Халық сөзінен билік те бір байлам шығарады  деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы