Қоғамда резонанс тудырған оқиғаға үкім шықса да, жанайқайы басылар емес. Дүниеге келген шарананы тоңазытқышқа тірідей салып, өмірінің үзілуіне себепкер болған дәрігерлерге тағайындалған жазаға әріптестері келіспей, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Облыстық перинаталдық орталық директорының міндетін уақытша атқарушы Асқар Кенжеғалиев аталған мекеме қызметкерлері бұрынғы әріптестеріне шыққан сот үкімі тым қатаң деген пікір білдіріп отыр. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, перзентхана қызметкерлері кінәлі деп танылған экс-дәрігерлерге кесілген жаза уақыты тым ұзақ, сондықтан мерзімді қысқартуға ұсыныс жасаған. – Ешкім сот үкіміне қарсы емес. Алайда өз ұсынысымызды құжат жүзінде дайындап, Мемлекет басшысына жеткізуге толық құқымыз бар деп есептейміз. Жазаны жеңілдетуге қатысты шаралар қолдануға болады деген үмітіміз басым. Әріптестерімізге қатысты шығарылған үкім тым қатаң. Бұған дейін олар көптеген сәби мен ананы ажал аузынан арашалап қалды, біраз отбасын бақытқа кенелтті. Болашақта да әріптестеріміз қоғамға мол пайда әкеледі. Медицина қызметкерлері сот процесі біржақты өткеніне реніш білдіруде. Осындай өте күрделі жағдайда медицина қызметкерлері қалыпты режимде қызмет етіп, тікелей міндетін атқара алмайды. Бұдан кейін ізімізді басып жатқан жас медицина қызметкерлерінің мамандығына деген жауапкершілігі қалай болады? Осының бәрін ескере отырып, Мемлекет басшысына, сондай-ақ дәрігер құқығын қорғайтын республикалық қауымдастықтарға, кәсіподақ ұйымдарына өтінішімізді жолдап, әріптестеріміздің жазасын жеңілдетуге көмектескіміз келеді, – деді Асқар Кенжеғалиев. Медицина қызметкерлерімен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков және облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, мәслихат депутаттары кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Дәрігерлермен жүздесуде облыстық перинаталдық орталық директорының міндетін уақытша атқарушы Асқар Кенжеғалиев сот үкімімен келіспеген орталықтың ұжымы жаппай жұмыстан кету жөнінде арыз беріп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.